Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордалық полицейлер жоғалған жасөспірімді тауып, ата-анасына тапсырды

Қызылордалық полицейлер жоғалған жасөспірімді тауып, ата-анасына тапсырды

Қызылорда қаласының полицейлері жыл басынан бері жоғалған 22 жасөспірімді аман-есен тауып, ата-аналарына тапсырған.

Атап айтқанда, қалалық полиция басқармасының ювеналды полиция бөлімшесінің инспекторы, полиция капитаны Гүлзира Ысқақова жоғалдыға саналған 9 жастағы баланы тауып берді.
«Түнгі уақытта кезекші бөліміне Тасбөгет кентінің тұрғынынан 2010 жылы туған ұлы үйінен серуенге шығып, оралмағаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына жедел-тергеу тобымен бірге ювеналды полиция инспекторлары да барған болатын. Сөйтіп, іздестіру шараларын бастап кеттік. Анасын ертіп алып, таңға дейін көз ілмей баланы іздедік. Барлық туыстарының және таныстарының үйлеріне бардық. Көшелерді, көп қабатты үйлердің жер төлелерін қарадық. Сыныптастарының мекен-жайларын араладық. Тек таңғы сағат 07:00 шамасында танысының үйінен таптық. Анасына аман-есен тапсырылды», - дейді Гүлзира Ысқақова.
Ата-аналар баласын тауып бергені үшін полиция басқармасының басшылары мен полиция қызметкерлеріне алғыстарын білдірді.
Қызылорда қалалық полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Дәулет Беркімбаевтың айтуынша, қала көлемінде орналасқан мектептер мен колледждерге 50 ювеналды полиция бөлімшесінің инспекторлары бекітілген. Атқарылған профилактикалық жұмыстар нәтижесінде 2019 жылдың 5 айында кәмелетке толмағандардың жасаған қылмыстары 7,4 пайызға төмендеді.
«Жасөспірімдердің жазғы демалысын тиімді өткізу мақсатында қалаға қарасты Сырдария лагеріне бір полиция қызметкері қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мақсатында 24 сағат кезекшілікке қойылып, қызмет етуде. Ал суға түсу маусымында Сырдария өзенінің бойына үнемі қалалық төтенше жағдайлар басқармасымен, мобильдік топтармен бірлесіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп отырмыз. Атты взвод қызметкерлерінен 2 бекет сағат 10:00-нан кешкі 20:00-ге дейінгі аралықта кезекшілікке қойылып, жұмыс істеуде. Сонымен қатар жасөспірімдер көп жүретін жерлер, яғни қалалық саябақ, Орталық алаң, ойын-сауық орталықтарында, Б.Шүкенов атындағы саябаққа үнемі ауысыммен қызметкерлер бөлініп, қызмет атқарып жатыр», - деді Дәулет Беркімбаев.
https://baq.kz
07 маусым 2019 ж. 716 0