Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аққан жұлдыз. Бүгін – Денис Теннің туған күні

Аққан жұлдыз. Бүгін – Денис Теннің туған күні

Бүгін, яғни 13 маусым – мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің туған күні. Көзі тірі болғанда ол 26 жасқа толар еді. Осы орайда біз Қазақстанда мәнерлеп сырғанаудың негізін қалап, өшпес із қалдырған Денис Тенді еске алғанды жөн көрдік. 

Денис Тен 1993 жылы 13 маусымда Алматыда дүниеге келді. Ұлты – корей. Ол – Корея империясы кезінде генерал болған танымал Мин Гын Хоның ұрпағы.Мәнерлеп сырғанаумен 6 жасынан айналыса бастаған. Ол бұл спорттан бөлек теннис, тхэквондо, карате, жүзу, акробатикамен шұғылданып, би мектебіне барған. Музыка мектебінде фортепиано және хорда ән айту бойынша 5 сыныбын тәмамдаған. 2002 жылы Денис Тен ән айтқан ұжым Пусанда өткен хор Олимпиадасында күміс медаль иеленген. Осы кезде оның алдында не хорды, не мәнерлеп сырғанауды таңдау керек болды. Тен екіншісін таңдады.
2003 жылы «Хрустальный конёк» турнирінде оны Елена Булянова байқап қалып, Мәскеуге шақырды.
Денис 12 жасында Қазақстан чемпионы атанды. Жыл өткен соң Нидерландыда жасөспірімдер арасында өткен жарыста 10-орын алды. Бұл ол қатысқан ең алғашқы халықаралық жарыс еді.
Спортшы карьерасы басталған кезде әртүрлі елде өткен Haabersti Cup, жасөспірімдер Гран-приі, Dragon Trophy, Ресей Кубогы, Four Continents Figure Skating Championships секілді танымал жарыстарда бақ сынады.
Ол 2009 жылы әлем чемпионатына алғаш рет қатысып, үздік он мәнерлеп сырғанаушының қатарына кірді. Осылайша ол 2010 жылы Ванкуверде өтетін қысқы Олимпиада ойындарына жолдама алды. Ерлер арасында ең жас спортшы атанған ол алғашқы Олимпиадасында 11-орын алды.
Жыл өткен соң Денис бапкерін ауыстырды. Елена Буляновадан Юрий Гуськовқа кетті. Содан кейін америкалық бапкер Фрэнк Кэроллдың командасында жаттыға бастады.
2011 жылы Қазақстанда өткен қысқы Азия ойындарында Денис Тен алтын медальға ие болды.
Келесі маусымда ол Америка мен Канадада өткен Гран-при кезеңдерінде 5-орыннан көрінді. Golden Spin of Zagreb турнирінде екінші орын, ал Istanbul Cup-та алтын жүлдеге ие болды.
2011-2012 жылғы маусымда ол Қазақстан үшін жасөспірімдер арасында әлемдік жарыстан алғаш рет кіші қола медальға ие болды. Дәл осы жылы үшінші рет Қазақстан чемпионы атанды.
Жыл өткен соң Денис Тенді бүкіл әлем таныды. Ол мәнерлеп сырғанаудан өткен әлем чемпионатында күміс медальға ие болып, Қазақстандағы осы спорт түрінен жүлде иеленген алғашқы спортшы атанды.
2013 жылдан бастап спортшы «Денис Тен және оның достары» атты мұз айдындағы шоуға продюсерлік етті.
2014 жылы мәнерлеп сырғанаушы екінші Олимпиадасына қатысты. Сочиде өткен төрт жылдықтың басты додасында бабында тұрған Денис қола медальға ие болып, мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада жүлдесін иеленген Қазақстан тарихындағы алғашқы спортшы атанды.
2014 жылы мамырда Тен Қазақ спорт және туризм академиясын қызыл дипломмен аяқтап, ҚБТУ-ға оқуға түсті. Егер тірі болғанда 2018 жылы оқуын аяқтап, диплом алар еді...
2014-2015 жылғы маусымда Денис төрт құрлықтың чемпионы атанып, Гран-при кезеңінде 3-орын алды. Ал айтулы дода әлем чемпионатында қола медальға ие болды.
Денис Тен фотоға түсірумен әуестенген. Ол әлеуметтік желіде өзінікінен бөлек парақша ашып, сол жерге туындыларын жариялап тұрды. Денистің объективіне ілінген танымал тұлғалардың арасында Динара Бақтыбаева, Айсұлу Әзімбаев, Әлия Телебарисова, Сабина Алтынбекова, Серік Сәпиев және тағы басқалар бар.
Денис Теннің қаншама елде жанкүйерлері бар. Тіпті Қазақстаннан бөлек, Корея, Жапонияда фан-клубтары жұмыс істейді. 2015 жылы күзде Жапонияның премьер-министрі Синдзо Абе Қазақстанға ресми сапарында Денис Тенді «қос ел арасындағы достық символы» деп атаған болатын. Денистің шоуына әлемнің түкпір-түкпірінен жанкүйерлері келді. Тіпті Қазақстанда өткен шоуға Жапониядан 500 жанкүйер келді деген ресми дерек бар.
2017 жылы Алматыда өткен Универсиадада Денис алтын, Гран-при кезеңдерінің бірінде күміс медаль алды. Аяғындағы жарақатқа қарамастан 2018 жылы Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өткен қысқы Олимпиада ойындарына қатысты.
Денис Тен қайырымдылықпен айналысты. 2014 жылы Астанада өткен шоуда жиналған ақшаны нейролейкозбен ауыратын кішкентай Нұрсат Жақыпбайға аударды. Сондай-ақ, ол Қазақстанның әр өңірінде кішкентай мәнерлеп сырғанаушыларға арнап тегін мастер-класстар өткізіп тұрды.
Денис ерлер арасында бильман атты қиын элементті жасай алатын санаулы спортшының қатарына кіреді.
Ол Алматы қаласында 2020 жылы олимпиаданы өткізуге арналған Қазақстан кампаниясының елшісі атанды.
Ол туған елін әлем тануы үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Ол бар-жоғы 25 жасында Қазақстанға әлемдік жарыстарда қаншама медаль сыйлады. Ол бірнеше рет мәнерлеп сырғанау спортындағы әлем танитын жұлдыздарды Қазақстанға әкелді.
Денистің соңғы шоуы 2018 жылы 9 маусымда "Барыс-Аренада" өтті. Ол көрермендерге "Бұл шоу аққан жұлдыз сияқты. Оны тамашалап отырған сіздер бақыттысыздар" деген болатын. Сол жылы 19 шілдеде сағат 16:00 шамасында отандық БАҚ "Мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенді Алматы көшелерінде белгісіз біреулер пышақтап кетті" деген хабар таратты. Арада екі сағат өткен соң спортшының қайтыс болғаны мәлім болды. Тірі болғанда ол 26 жасқа толар еді. Десе де бар-жоғы 25 жылда аққан жұлдыздай өте шыққан ол соңынан өшпес із қалдырды.
https://baq.kz
13 маусым 2019 ж. 742 0