Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қайта жасалған қылмыстың жазасы қатаң

Қайта жасалған қылмыстың жазасы қатаң


«Ұрлық түбі – қорлық» деген бір ауыз сөзімен-ақ қымысқа барудың соңы неге соқтыратынын санаға сіңіріп, тентегін тыйған халықпыз. Төрт түлігін өргізген қазақта бұрын негізінен мал ұрлығы көбірек орын алса, қазіргі кезде мүліктің түрі көбейген сайын, ұрлықтың да неше түрі көбеюде.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде орын алатын жалпы қылмыстың 70 пайызы ұрлық деректері екен. Оның ішінде пәтер тонау, көлік бөлшектерін ұрлау немесе көлікті айдап әкету және тағы басқалары көп кездеседі.Ұрлықтың тыйылмай тұрғаны өз алдына, бұл қадамға қайталап баратындардың қарасы қалың.
Лаура Иманбайқызы
        
 Ал, ауыл тұрғындары мал ұрлаушылардың еркіндікте тайраңдап жүргеніне көп шағымданады. Айтса айтқандай, мал ұрлығы бойынша қылмыстық істердің 90 пайызы заңнамалық тұрғыда ауырлығы орташа қылмыстардың санатына жатады. Тараптар татуласады да, айыпкер жазадан құтылып кетеді. Мұндай жағдай қылмысына қарай лайықты жазасын алмаған адамның одан да ауыр қылмысқа баруына жол ашатынын белгілі.
2014 жылы қылмыстық заңнамаға өзгерістер енгізіліп, жаңа Қылмыстық кодекс және Қылмыстық-процессуалдық кодекс қабылданған болатын. Бес жылдың ішінде 8 заңға ізгілендіру, құқық қорғау органдарын ары қарай жетілдіру, адамдардың құқықтарын қамтитын мәселелер бойынша өзгерістер енгізілді. 2014 жылы қабылданған кодекс бойынша тараптар татуласқан жағдайда қылмыстық жауапкершіліктен босату құқығы енгізілген еді. Яғни, бұрын қылмыс бірнеше рет жасалса да, айыптыға татуласу құқығы беріліп, бұл орта дәрежедегі қылмыс болып есептелетін.
Ал, үстіміздегі жылдың 21 қаңтарында Елбасы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойып, аталған Заң ағымдағы жылдың 3 ақпанында күшіне енді. Заң аясында 42 заңнамалық актіге, оның ішінде 11 Кодекске меншік құқығын қорғауды күшейтуге, төрелікті дамытуға, сот жүктемесін оңтайландыруға және экономика саласындағы қылмыстарды ізгілендіруге бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне ұрлықтың, алаяқтықтың қайталануы үшін жауапкершілікті күшейтуді көздейтін тиісті түзетулер енгізілгені құптарлық. Бұрындары бірнеше рет ұрлық, алаяқтық жасау бұрын ауырлығы орташа қылмыс санатында саналып, аталған санаттағы істер бойынша сотталушыларға залалды өтеген жағдайда жәбірленушімен татуласу мүмкіндігі қарастырылған болатын. Енді енгізілген өзгерістерге сәйкес, ұрлықтың, алаяқтықтың бірнеше рет жасалуы «ауыр санаттағы» қылмысқа ауыстырылып, бұл өз кезегінде айыпталушыны тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босату мүмкіндігін болдырмайтынын айқындады.
Өзгерістерге  сәйкес, бірнеше рет жасалған ұрлық «ауырлығы орташа» қылмыс санатынан «ауыр қылмыс» санатына ауыстырылды. Бұл айыпталушыны тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату мүмкіндігінен айырады.
Бұған дейін бірнеше рет жасалған ұрлық үшін айыппұл немесе бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе мүлкін тәркілей отырып, сол мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жауапкершілік қарастырылған еді. Енді бірнеше рет жасалған ұрлық үшін 2 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе мүлкін тәркілей отырып, сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жауапкершілік қарастырылатын болады.
Қайта жасалған қылмыстың жазасы да қатаң. Оңай жолмен олжа тауып, баиймын деген жандар әсте қателеседі. «
Ұры адам ұрлығын қойса да, атағы қалмайды» дегендей, адал жолмен жүріп, еңбек еткенге не жетсін. 
13 маусым 2019 ж. 2 531 0