Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» »  Өзгенің малын, өзінің арын жегендер

 Өзгенің малын, өзінің арын жегендер

Қай ұрлықтың болсын, соңы қоңыраулы. Мәліметтерге сүйенсек, соңғы үш жылда, яғни, 2015-2017 жылдары еліміз бойынша 65 мыңнан астам мал ұрланған. Баса көңіл аудартарлығы осы мерзімде мал ұрлағаны үшін ұсталған 50 мыңнан астам адамның жартысына жуығы бұрын ұрлық жасағандар екен. Соған қарамастан, қылмыстық істі қарау кезінде ақталмайтын негіздер және тараптардың татуласуы бойынша 21158 қылмыстық іс тоқтатылған. Ал, одан бері... Аязды ақпанның алғашқы күндері ауданымыздың өзінде мал ұрлығы тіркелген. «Итөлгеннің» басында ойсылқараны барымташылағандар ішкі істер бөлімі қызметкерлерінің қырағылығы арқасында құрыққа түсті.
     Биылғы қыстың шаруаға жайсыздау болатыны ерте-ақ ескертіліп айтылды. Мал бағу – күнкөріс пен тіршіліктің негізгі көзіне айналған ауыл адамдары сыншыл қыстың қаһарынан қаймығып, біршама қам жасады. Дегенмен, қарашадан бастап түскен қалың қар мен үскірік аяз жем-шөптен қысуда. Мал шығыны да жылдағыдан едәуір көп. Тіпті, Ақтөбе асып, Ырғыздан шөп тасып жатырғандар да баршылық. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алады» дегендей, далада болсын, қалада болсын мал ұстаған ағайын алаңдап болады. Күнкөрісі малға қарап, оны асырап, семіртіп, керек кезінде сатып, қажеттіліктеріне жарататын тұрғындардың мазасыздануы көбейеді. Себебі, бұл мезгіл –  ұрылардың малға қырғидай тиетін кезі. Бағып-қағып, баптап күткен малдарынан бір түнде айырылу ешкімге де оңай тимесі анық.  Өз заманында «Қазақтың міні-мал ұрлығы» деп дана Абай айтып кеткенімен, қылмыстың бұл түрі тыйылар емес.
   Қазіргі уақытта ауданымызда да өзекті мәселеге айналып отырған мал ұрлығына қатысты мән-жайларға тоқталсақ, біраз жағдайға қаныға аламыз. Аудандық ішкі істер бөлімінің жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция подполковнигі Ә. Үмбеталиев бұл жөнінде:  
  – Өткен жылы атқарылған профилактикалық шаралардың нәтижесінде, бірқатар қылмыстар, оның ішінде мал ұрлығы 13,2 пайызға төмендеген еді. Дегенмен, өткен жылдың қараша айында ауданымыздағы Тоқабай елді мекенінің тұрғынының мал жайылымынан жалпы құны 3 400 000 теңгені құрайтын бір үйір, 16 бас жылқысын ұрлап кеткендігі туралы арызы тіркелді. Тіркелген мал ұрлығына байланысты Қарақұм және Жіңішкеқұм ауылдық округтеріне бекітілген учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Ж.Тұрсыновпен бірлесе жүргізген іздестіру шараларының нәтижесінде, мал ұрлығын жасаған, құрамында 4 адамнан құрылған топ құрықталып, оларға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Қылмыскерлердің үшеуі қамауға алынып, тергеу органдарымен тергеп-тексеру шаралары жүргізіліп, қылмыстық іс айыптау қорытындысымен аудандық сотқа жолданды, – дейді.
          
Сараптама көрсеткендей, қылмыстың алдын алудағы бірлескен профилактикалық жұмыстардың әлі де болса жеткіліксіздігінен, жергілікті тұрғындар арасындағы жұмыссыздық және олардың жұмыс орындарымен қамтамасыз етілмеуі, сондай-ақ,  жекеменшік және ұжымдық малдың мемлекеттік тіркеуден өтпей, ен-таңбасыз, сырғасыз жүруі де аталған қылмыс түрлерінің өсім алуына басты себеп болып отыр. Ауылдық жерлерде мал ұрлығының алдын алуда жеке сектордағы ауылшаруашылық малдарын бірдейлендіру жұмыстарының толық жүргізілмеуінен, яғни, малдың толық құжаттандырылмауы және олардың біржүйелендірілген базаға енгізілмеуі мен бақташыға бақтыру жұмыстарының әлі толық жолға қойылмағандығынан орын алуда. Сырғалану жұмыстарының да ұрланған малдарды табуға көмегі аз болып тұр. Себебі,сырғасы да, таңбасы да  сойған жерде қалады. Ауылдық жерлерде бақташылардың жоқтығынан, малдарын жайылымға жіберіп, ұзақ уақыт қарамаудың салдарынан малдар өз бетімен жүріп, бар оңай олжасына айналуда. Даладан ұрланған малды табуға көп күш пен уақыт керек екені белгілі. Ал, дәлелдемелер табылу үшін ұрланған мал дер кезінде құзырлы органдарға хабарлануы керек. Өкініштісі, тұрғындар өз беттерінше іздеп табуға тырысып, табан тоздырған іздеулері оң нәтиже бермегеннен кейін ғана, уақыт өткізіп барып, құқық қорғау органдарына жүгінуге мәжбүр болады. Бұл келеңсіздіктер қылмыстың ізін суытпай ашуға кері әсерін тигізеді. Ол уақытта із де суып үлгіреді. Ал, жеке меншік шаруа қожалықтарының кейбірі меншіктеріндегі төрт түлікті көздерінен күндіз-түні көздерінен таса қылмай бақса, енді бір шаруа қожалықтары иелерінің малдарын сырттан әкелген, тұрақты мекені жоқ адамдарға келісім-шартсыз бақтырып қоятыны да жасырын емес. Олар үшін күнделікті ішіп-жемдері мен баспана болса болды, өзге ешқандай жауапкершілікті сезінбейтіндіктен, мал далада арам өледі немесе қолды болады. Бұл мәселе ауылдық округ әкімдері тарапынан бақылауға алынуы тиіс.  
    Ал, мал ұрлығына қатысты жылдың басында орын алған қылмысқа байланысты:
              – Үстіміздегі жылдың ақпан айының 3-5 күндері аралығында белгісіз біреу бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру мақсатында қаладағы Р.Тұрымбетов көшесі №29 үйдің тұрғыны Т.Нұржановтың №88 разъезд тұсында орналасқан «Итөлген» деген құдық басында жайылып жүрген түйелерінің арасынан әрқайсысы 500 000 теңге тұратын 2 бас буаз аналық түйелерін және 1 бас атанша еркек түйесін жасырын ұрлап кеткен. Соның салдарынан азамат Т.Нұржановқа 1 500 000 теңгенің материалдық шығыны келген. Аталған дерек бойынша аудандық ішкі істер бөлімімен Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 188-бабының 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды.  Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде, мал ұрлығын жасаған топ, яғни Арал ауданының 3 тұрғыны анықталды. Қазіргі уақытта оларға қатысты тергеп-тексеру шаралары жүргізілуде, – дейді Ә.Үмбеталиев.
   Бұл жолы да ұрылар ұсталды. Әрине, ұрлық ашылмаса, ашынған халық алдымен полиция қызметкерлерін кінәлайтыны белгілі. Ал, шалғай ауылда тұратын мал иесі үшін аудан орталығына тергеу және сот процестері үшін ауық-ауық қатынаудың өзі оңай шаруа емес. Шүкіршілігі көп ел адамы қорасындағы ұсақ малы жоғалғанның өзінде көбіне сыртқа шығармай қоя салады. Сондай-ақ мал ұрлығы кәсібін осы саламен байланыстырған кәсіпкерлер үшін де үлкен мәселе. Бұл – мал шаруашылығын дамыту жөніндегі мемлекеттік саясаттың жүруіне де зиян келтіретін қасақана әрекет. Осы тұрғыдан алғанда мал ұрлығы қоғамдық қауіптілігі жоғары қылмыс. Бұл мәселе жөнінде халық қалаулылары жазаның әлеуметтік әділеттілігін қамтамасыз ету мақсатында мал ұрлығын ауыр қылмыстар санатына жатқызуды ұсынған да болатын. Ал, қырғыз елінде мал ұрлығы жеке бап ретінде қарастырылған.
              ... Атақты Бөлтірік шешенге бір ұры келіп:
               – Іргелес ауылдың малын ұрлаудай-ақ ұрлаймын-ау, бірақ иелері із қуалап келіп, бәрін айдап кетеді. «Бөрінің аузы жесе де қан, жемесе де қан». Мен ұрламасам да жал жоғалтқандар маған келе береді. Менде еш нәрсе қалмады ғой,  – деп мұң-сырын ашыпты.  Бөлтірік шешен:
               – Сенде әлі де талай-талай нәрсе қалған екен, – дейді. Аң-таң болған ұры:
               – Ол не нәрсе? Менде ешкімнің малы қалған жоқ еді ғой,  – дегенде,  Бөлтірік шешен:
               – Сенде «ұры-қары» деген екі атақ қалыпты, – деген екен.
         «Ұры ұрлығын қойса да, ұры аты қалмайды» деген осы. Өзгенің малын жегендер өздерінің арын жеп жатқанын білсе...
Лаура Әйтімова.
22 ақпан 2018 ж. 1 773 0