Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлеуметтік кәсіпкерлік үшін 3 миллион теңге: өтінімдерді қабылдау мерзімінің аяқталуына екі апта қалды

Әлеуметтік кәсіпкерлік үшін 3 миллион теңге: өтінімдерді қабылдау мерзімінің аяқталуына екі апта қалды

Маусым айының басында Қазақстанда коммерциялық емес ұйымдар (КЕҰ) арасында «ӘREKET» гранттар байқауына қатысуға өтінімдер қабылдау басталды. Гранттыңжалпы қоры 150 миллион теңгені құрайды.
Өтінімдерді қабылдаудың аяқталу мерзімі - 2019 жылғы 30 маусым. Өтінім беру үшін КЕҰ өкілдері «Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қорының ресми сайтында, «Құжаттар» бөлімінде көрсетілген құжаттар пакетін жинауы қажет. Өтінімді электронды түрде (PDF форматы) areket.skt@gmail.com поштасына жіберу керек.
Бірінші кезеңде келіп түскен өтінімдер жобаның әлеуметтік маңыздылығы мен өзектілігі, сондай-ақ жоба бағытының КЕҰ-ның жарғылық мақсаттарына сәйкестігі, қызметкерлер командасының болуы, әлеуметтік проблеманы шешудегі шынайылығы мен бірегейлігі тұрғысынан қаралатын болады.
Өтінімдерді талдап, мұқият зерделегеннен кейін барлық айтылған критерийлерге сәйкес келетін коммерциялық емес ұйымдар іріктелетін болады. Іріктелген үміткерлер екінші кезеңге өту туралы хабардар етіледі, онда оларға толық өтінім беру қажет болады.
Екінші кезеңде өтінімдерді іріктейтін арнайы құрылған комиссия болады,оған мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, әлеуметтік және бизнес секторларының сарапшылары кіреді. Іріктеудің басты критерийлерінің бірі КЕҰ ұсынған жобаның өміршеңдігі мен шынайылығы болады.
Содан кейін, байқаудың үшінші кезеңінде Нұр-Сұлтан қаласында әлеуметтік кәсіпкерлік негіздеріне үш күндік оқыту, одан кейін комиссия алдында әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша өз жобасын қорғау болады.
Жеңімпаздар өз ісін дамытуға 3 млн теңгеге дейінгі мөлшерде грант алады. КЕҰ жобасын іске асыру мерзімі - шарт жасалған күннен бастап 9 ай.
«Біздің мақсатымыз-коммерциялық емес ұйымдарды қаржылық тұрақты болуға үйрету. Бұл ретте біз оларды оқытамыз, барлық құралдарды қолға береміз және ең қызықты идеяларды дамытуға гранттар бөлеміз. Осылайша, біз екі мақсатқа қол жеткіземіз – әлеуметтік проблемаларды кәсіпкерлік дағдылар арқылы шешуге көмектесеміз және КЕҰ-ның өз бетінше дамуына мүмкіндік береміз. Грант көлемі жобаға байланысты 3 миллион теңгеге дейін болуы мүмкін», - дейді «Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қорының ресми өкілі Мирас Іргебаев.
Естеріңізге сала кетейік, «ӘREKET» жобасын «Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қоры «Менің елім» Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында жүзеге асыруда.
Қосымша ақпарат алу үшін телефон арқылы хабарласыңыз: +7 (7172) 24-80-15, 8 771 850 19 90, e-mail: pr@sk-trust.kz
Бас менеджер Айжан Молдабаева
«Samruk-Kazyna Trust»
Әлеуметтік жобаларды дамыту
қорының Корпоративтік
коммуникациялар департаменті

18 маусым 2019 ж. 635 0