Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Несіпбек Айтұлы: Мемлекеттік тілді тұғырына қондырмай, мемлекетіміздің болашағы айқындалмайды

Несіпбек Айтұлы: Мемлекеттік тілді тұғырына қондырмай, мемлекетіміздің болашағы айқындалмайды

Белгілі ақын, Несіпбек Айтұлы қызметіне ресми кіріскен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев туралы өз пікірін білдірді.Оның айтуынша, екінші Президент Қазақстанға жаңа өзгерістер әкеледі дегенге сенім мол. 
«Президент бүгін ант қабылдады. Бірақ онымен жұмыс бітпесе керек. Жаңа Президенттің алдында қордалы мәселелер тұр. Ел ішіндегі түрлі қарсылықтардың тоқтауына күш салуы керек әуелі. Ол үшін халықпен сөйлесіп, қалауына құлақ асуы керек. Әлеуметтік жағдайды жақсартатынын айтып-ақ келеді. Мен бұл Президенттен көп үміт күтемін» - дейді ақын.
Астаналық ақын жаңадан сайланған Мемлекет басшысына мәдениет саласын көтеру бойынша бірқатар шаруаларды қолға алу керектігін де айтады.
«Білім саласына, әлеуметтік жағдайға, руханият әлеміне түбегейлі өзгерістер керек. Жастарға деген қолдаудың тың бағытын тапқанымыз жөн. Жастардың санасы қазір сан-саққа жүгіріп бара жатыр.  Бірлікті, ұлттық патритотизмді, ел мен жерге деген  сүйіспеншілікті күшейтіп, халық пен зиялы қауымның арасын жақындату қажет деп ойлаймын. Білім саласындағы жемқорлық мені ақын ретінде де, азамат ретінде де алаңдатады. Жаңа министр көп  дүние жасап жатыр. Сондай-ақ өз ісінің мамандарына мүмкіндік берілсе екен. Елдің ішіне, ауылдағы елдің тұрмысына көңіл бөлінгенін қалаймын. Жаңа Президент оны ескереді деп сенемін өз басым.  Көпбалалы аналардың, мұғалімдер мен дәрігерлердің, кітапханашы мен музей қызметкерлерінің, мәдениетке қатысы бар мамандардың барлығының еңбекақысын өсірмей болмайды», - дейді Несіпбек Айтұлы. 
Ол, сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік тілдің аясын кеңейту бағытындағы бастамаларын оң бағалады.  
«Президент өз қызметіне алғаш кіріскенде-ақ мемлекеттік тілдің тынысын кеңейту керектігін айтты. Осының алдында ғана үкіметтік ұйымдардағы мемлекеттік тілдің қолданылу деңгейіне тексеру жүргізді. Осы бағыттағы беталыстары мені қуантады. Мемлекеттік тілді тұғырына қондырмай, мемлекетіміздің болашағы айқындалмайды. Сосын іштегі бірлікті күшейтпесе болмайды. Бізді дін мен діл мәселесінде теріс бағытқа әкетіп бара жатқан топтар бар. Жаңа басшымыздың мұны да еңсеруге білімі, білігі жетеді деп ойлаймын. Баяғы Абай заманын еске түсіретін, халықты іштей ірітіп, бірін-біріне қарсы қойып жатқан партия,  топтар бар. Олардың мақсаты елдің ішін ырың-жырың қылып жіберу. Біздің Президентіміз осы мәселеге көңіл бөледі деп ойлаймын. Көп оқыған адам ғой, жетілген мемлекеттердің тәжірибесін зерттеп, онысын үлгі ретінде жиі айтып жүреді. Ақылы толысқан, кемел кезінде ел тізгінін қолына алды. Сондықтан отанымызды тағы да бір жаңа белеске көтереді ғой деген үмітім бар. Президенттің өзі де көп сөзден іске көшетін кез келгенін айтып жүр. Расымен де жалған ұран, жалаң ақпараттан нақты іске көшетін кез келді. Билік пен халық арасына түскен жікті жалғау міндеті тұр алдында. Халықпен тіл табысуға, ұлтты ұйыстыруға біздің Президент үлкен-үлкен қадамдарға барады деп ойлаймын. Оған парасаты да, білімі де, тәжірибесі де жетеді», - дейді ақын. 
https://baq.kz
19 маусым 2019 ж. 591 0