Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Өзіме келе алмай жүрмін": Алматылық әйел банк менеджерлерінің дөрекілігі үшін инсульт алғанын айтты

"Өзіме келе алмай жүрмін": Алматылық әйел банк менеджерлерінің дөрекілігі үшін инсульт алғанын айтты

Алматылық Айгүл Әбдірешова банктердің бірінің менеджерлеріне шағымданды. Ол несие төлемінің уақытын өткізіп алғаннан кейін, менеджерлер хабарласып, қарызын өтеуін талап еткен. Алайда, әйелдің сөзінше, қаржы институтының қызметкерлерінің дөрекілігі денсаулығына әсер етіп, тіпті, инсульт алған.

Айгүл Әбдірешов пен анасының айтуынша, қысымның астында өмір сүріп жатқанына екінші ай болыпты. Банк менеджерлері үнемі қоңырау шалып, қарызын өтеуін еске салады екен. Алматылық әйелдің сөзінше, олар дөрекілік танытқан. 
Әйелдің сөзінше, менеджерлердің дөрекілігі инсульт алуына себеп болған. Соның салдарыннан беті де өзгеріске ұшырапты.
«Олардың сөзін естудің өзі ауыр. Адамдармен солай сөйлесуді үйрететін шығар. Алайда бұл дұрыс емес. Жүйкем сыр беріп, салдарынан қанымдағы қанттың деңгейі көтеріліп кетті. Қатты терлеймін. Өзіме келе алмай жүрмін. Жұмыс істеуім керек. Олар мен жұмыс істеу мүмкіндігімнен айырды», - дейді Айгүл Әбдірешова. 
Әйелдің айтуынша, 2013 жылы кәсібін дөңгелету үшін 1 млн 300 мың теңге несие алған. Алайда сатып алған тауары «Адем» сауда үйіндегі өрт кезінде жанып кетіпті. 
Алайда Айгүл 6 жыл көлемінде жыл сайын 60 мың теңгеден төлеп келген. Ол қарызын төлей алмаған уақыты айтарлықтай көп емес екенін айтады. 
Айгүл инсульт алып ауруханаға түскенде, банк менеджерлері оның 73 жастағы анасына хабарласа бастапты. 
Заңгер Серік Айтбаев банк қызметкерлерінің әрекетін заңсыз деп атауға болады дейді. Қарыз алушыларға бір күнде тек үш рет хабарласуға болады екен. Сондықтан Айгүл Ұлттық банкке шағымдана алады. 
«Заң борышкерлерге қандай да бір қысым көрсетуге тыйым салады. Сондықтан «дәл қазір несиелік қарызыңызды төлеңіз» деген сыңайдағы бұйрықтар заңсыз болып табылады. Бұлай бұйыруға болмайды. «Егер қазір қарызыңызды жаппасаңыз, жауапқа тартамыз, үйіңізге барамыз», - деп қорқытуға болмайды», - дейді маман.
Сонымен қатар Айтбаев банк клиенттері төлеу мерзімін өткізуді сұрай алатынын айтады. Ол үшін сізге уақыт қажет екенін растайтын құжаттарды жинау керек. 
Қаржы ұйымдары төлем жүргізу міндетін бір айдан жарты жылға дейін кейінге қалдыра алады.
19 маусым 2019 ж. 758 0