Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Он жасар дизайнер ұлттық нақышта киімдер тігеді

Он жасар дизайнер ұлттық нақышта киімдер тігеді

Он жасар Әйгерім Мұратқызы отандық дизайнерлер арасында алғаш рет өткізіліп отырған Altyn Oimaq байқауының финалына жолдама алды. 

Бұл туралы байқаудың Instagram желісіндегі ресми парақшасы мәлімдеді. Жарыстың ең жас қатысушысы Әйгерімнің анасы Айнагүл Мазиновамен сұхбаттасып, қызының шығармашылығы жайлы сұрадық. 
Айнагүл Мазинова Ақтөбе қаласының тұрғыны. Көпбалалы ана. Негізгі мамандығы – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы. 
Қызымның ісмерлігі көп ойландырды
Кәсіпке бет бұруымның себебі осыдан он жыл бұрын ательем болды. Кішкентайдан өте ісмер, түрлі көйлекті өзі киіп тігетін әжемнің тәрбиесінде өстім. Әжеме қызығып қуыршақтарды киіндіріп,оларға төсек орнын тігетінмін. Бала кездегі қиял-арманнан өсе келе ерекше киінуді мақсат тұттым. Он жыл бұрын ателье ашып, бірақ бала күтіміне байланысты бәрін тоқтату керек болды. Себебі жұмысты бақылауыңда ұстап, жеке-жеке адамдармен жұмыс жасау керек. Киім тігу өте жауапкершілікті талап етеді. Балаларым өсіп, ер жете бастаған уақытта қызым Әйгерімнің ісмерлігі мені көп ойландырды. Ол керек көйлегінің суретін салып, оны қиып, өзі пішіп тігетін болды. Ақтөбе қаласында шығармашылық академиясының «Тұмар» үйірмесіне, Көркемсурет лицейінде білімін шыңдады. Өзін іздену барысында фортепианодан облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі байқаулардан бірінші орын алып жүрді. Одан кейін төрт жыл Ақтөбе қаласындағы эстрада балет ансамбілінде халықаралық деңгейдегі байқаулардан Гран-при ұтып келіп жүрді. Соңғы жылы көркем гимнастикамен айналыса бастады.
Әйгерімнің бала кезден шыдамдылығын, сабырлылығын, шығармашылық деңгейде қай салада да әдемілікті көре білетінін, түс таңдауда талғамын, киімге деген қызығушылығын байқадым. Тігін машинасымен өзіне киім тігетін. Үлкен киімдерді қысқартып тігеді, өзінің өлшемін алып үйренді. Қызымның талабына байланысты Ташкент қаласынан Динара Усманова деген дизайнерді алғызып, ол Әйгерімге сабақ берді. Қазір де сабақ алып жүр. 
Әйгерім ешкімде қайталанбайтын қазақтың танымына лайықты киімдер тігеді
Сән саласына өзінің үлесін қосқысы келетін Әйгерімнің талғамымен сызылған суреттердің бәрін ательемізге қайта ашып, жаңғыртып, тігіп, бірнеше коллекция жібердік. Былтыр Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастыруымен жазда үлкен фестивальде ең жас дизайнер болып Әйгерімнің жұмыстары өтті. Ол жерде ұлттық үлгідегі офистік киімдер мен Әйгерімнің эскиздері бойынша пальто ұсындық. Оның ішінде жүннен жұмыстар жасадық. Комиссия талғамынан өтті. Ақтөбеден екі дизайнер қатыстық. Әйгерім материалға жүннен сурет салып береді, ал біз оны тіктік.  Осындай үлкен іс бастадық. Одан кейін де әртүрлі салада, трикотажбен жұмыс істейміз. Футболкалар, көйлектер әзірге Ақтөбе қаласында айналымда. Екінінші бағыт – балаларға арналған ұлттық нақыштағы киімдерді шығару. 
Әйгерімнің ерекшелігі – өнерге деген құштарлығы, өзге ешкімде қайталанбайтын қазақтың танымына лайықты киімдер тігуі. Бізде Қытай, Түркия, Италия, басқа да елдерден келген киімдерді олардан артық Қазақстанның өзінің калоритіне, дәстүріне сай тіге алатынын көрсеткіміз келді. Үлкен аренаға шығуды мақсат еттік. Әзірге алғашқы қадамдарымызды жасап жатырмыз. Бұл салада ашылғанымызға әлі бір жыл да болмады. Әйгерім жас. Оның болашағы алда. Алғашқы қиындықтар, талпыныс бәрі бала кезінен бойына сіңсе, оқуын бітіріп, қызметке араласқанша әлемге Қазақстанды танытады деген ойдамыз. 
Қызымның жұмыстарына дизайнерлер таң қалады
Интервью алып жатқан кезде анасы ретінде, ұйымдастырушы ретінде сөйлеймін. Көпшілік дизайнер мен екен деп ойлайды. Шын мәнінде мен –тігіншімін. Өткенде Алматы қаласында өткен фестивальде қаншама жылдық тәжірибесі бар дизайнерлер келді. Сол кезде Әйгерім киімдерін ұсынғанда көп адамның таңданғаны рас. Әуелде кімнің жұмысы деп ойлаған екен. Кішентай ғана қызым ортаға шыққан уақытта бәрі де таң қалды. Жеңіл өнеркәсіп жоғары дамыған, халқына, басқа мемлекеттерге өнімін ұсынып отырған Өзбекстаннан практикадан өтіп келдік. Дизайнерлердің даму қарқыны өте іргелі, тігу техникасы мүлдем басқа. Ал біздің Қазақстан енді қадам басып жатыр.
Жұмыстағы қиындықтар өте көп, себебі барлық мата түрлері, барлық құралдар шетелден әкелінеді. Қазақстанда өндірілген маталар жоқтың қасы. Көбіне сырттан алып келеміз. Осының өзі қиындық. Көп жерде қаржы бөлуге және даму бағдарламасы бойынша Қазақстанның өзінде материал шығару жөнінде ұсыныстар жасап жүрмін. Сырттан келген мата бәрібір қымбат. Екіншіден, қол күші өте қымбат. Көмекші, мастер болсын тігу барысында олардың айлығы өте жоғары, соны төлеуіміз керек. Жұмыс басталмастан ғимаратты жалға алғаның үшін төлеуің қажет. Осы шығындарды есептегенде киім бағасы қымбаттайды. Ал біздің нарықта киімге бәсеке өте жоғары. Соның ішінде шетелден келген тауарлардың бағасы әлдеқайда төмен болғандықтан, біздің қымбат киімімізден гөрі солардың киімі тез өтеді. Халықтың айлық табысы ондай жоғары емес. Дизайнерлік киім деп айтқанның өзінде халықтың білімі әлі толық жетпейді. Бір киімді бірнеше адам киіп жүргеннен, бір ғана адамның киюі ерекше емес пе? Мұны тұтынушы түсіне бермейді. Қазақстанда киім өндіру өте қиын, себебі бәрі сырттан әкелінеді. Біз өзіміздің сызылған эскиздер бойынша киімдер тігіп, ұсынамыз. Мұндайда адамның шығармашылық қабілеті өте жоғары, фантазияңды қағазға түсіру деген ғанибет. Көп жағдайда ол киімдер тұрып қалатын болғандықтан жекелеген адамдардан тапсырыс алуға тура келеді. Осы уақытта адамдармен жұмыс жасау өте көп уақыт алады. Қаражат мәселесі болған соң халықпен жұмыс жасауға тура келеді.
Әйгерім әлемге танымал дизайнер болады деп сенемін
Бізді шабыттандыратын нәрсе өзімізде өндірілген өнімдердің 80% сатылып кетті. Бағасы жоғары болса да, оның сапасына, талғамына қарай өте жақсы көзқарас туындап келе жатыр. 
«Алтын оймақ» байқауын ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Өзіңді жарнамалауға мүмкіндік бергеніне, мемлекет осындай қолдау көрсетіп жатқанына қуанып қалдық. Шығармашылық адамдарға қолдау жетіспей жатады. Осы жағынан жеңіл өнеркәсіпке мән беріп жатқаны қуантты. 
Ұстанымым – балаларымды жақсы деңгейде халқына еңбегі сінетін, қызмет жасайтын тұлға ретінде өсіру. Аналық тілегім, арманым да, мақсатым да осы. Армандаған арманыма қызым шабыт берді, күш берді. Қызымды әлемге танымал дизайнер болып өседі деп ойлаймын. Алдағы уақытта біздің ұжым Әйгерім дайындап жатқан бірнеше салада коллекцияларды қолға алып отыр. Оларды жалпы сатылымға, көпшілікке арналған сериямен шығаруды ойлап отырмыз. Тағы бір мақсатымыз – синтетикалық трикотаж материалдардан қазақстандық спортшыларға киімдер тігу. Бізде федерациялар киімді шетелде тіктіреді. Ұлттық өнім ретінде Қазақстанда шығарғымыз келеді. Оған қаражат керек. Қолымызға тиіп жатса барынша адал еңбегімізді сіңіріп, Қазақстанның экономикасын көтеруге қызмет етеміз.
21 маусым 2019 ж. 970 0