Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Атыраудағы мұнайшылар көтерілісі: Ливан билігі қазақстандықтардың төбелес шығарғанына қатысты пікір білдірді

Атыраудағы мұнайшылар көтерілісі: Ливан билігі қазақстандықтардың төбелес шығарғанына қатысты пікір білдірді

Ливан және Иордания биліктері Теңіз кен орнында жұмысшылар арасында болған қақтығысқа қатысты пікір білдірді. Мәлімдеулерінше, қазіргі уақытта өз азаматтары қауіпсіздікте және олардың елден шығарылуы ұйымдастырылып жатыр.

Ливандық NNA агенттігінің мәліметінше, Ливанның қорғаныс министрі Ильяс Бу-Сааб қазақстандық әріптесімен телефон арқылы хабарласып, болған жағдайды талқылап, елдегі Ливан диаспорасының қорғалуын қамтамасыз етуге шақырған. Бу-Сааб Қазақстан билігінен болған жағдайды шешу үшін шаралар қабылдауды талап етті. Ал оның әріптесі ливандықтардың барлығы ауруханадан шығарылғанын және қауіпсіз жерде екенін айтқан, 
Өз кезегінде, Ливан СІМ-і мемлекеттің Қазақстандағы елшілігі ел билігімен, ливандық жұмысшылармен және оқиға болған компания өкілдерімен байланыста екенін мәлімдеді. 
Сонымен қатар елшілік оларға «қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ, Қазақстан аумағынан шығуы үшін қажетті құжаттарды алуға көмектесуде».
MTV телеарнасының мәліметінше, Қазақстандағы Ливан елшісі Жискар аль-Хури зардап шеккен ливандықтардың арасында тұтқындалғандар және ауыр халде жатқандар жоқ екенін хабарлады. Оның сөзінше, қазіргі уақытта елден кеткісі келетіндер үшін рейс ұйымдастырылуда. Сондай-ақ, ол болған жағдайды талқылау үшін, бүгін Қазақстанның сыртқы істер министрімен кездесетінін айтты. 
Иорданияның сыртқы істер министрі Айман Сафади Twitter желісінде иорданиялық жұмысшылардың қонақ үйде жатқанын, күзет қойылғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, Иордания елшілігі Қазақстан билігімен бірге оқиғаны бақылап, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. 
Ал Қазақстанның ішкі істер министрі аталған оқиғаға қатысты «Бұзақылық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеген еді.
01 шілде 2019 ж. 847 0