Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда облысында жарты жылда 2 мың тоннадан аса балық ауланған

Қызылорда облысында жарты жылда 2 мың тоннадан аса балық ауланған

Қызылорда облысында 2015 жылдан бастап дəстүрлі түрде Арал өңірі балықшыларының слеті өткізіліп келеді. Биылғы слет Балық шаруашылығы қызметкерлерінің кəсіби мерекесінің ресми бекітілуіне арналды. Іс-шараға балық шаруашылығы саласындағы республикалық жəне халықаралық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ Ақтөбе мен Түркістан облыстарының делегациялары қатысты, 12-13 шілде аралығында Арал өңірі балықшыларының дəстүрлі 5-ші слетінде облыстың балық шаруашылығы саласындағы жетістіктері қорытындыланып, алдағы жоспарлары анықталды. Іс-шараға балық аулау ұйымдарының басшылары мен қызметкерлері - барлығы 500-ге жуық адам қатысты.
Слеттің бірінші күні "Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы" ЖШС Арал филиалы базасында "Тауарлық балық шаруашылықтарын дамытудың мүмкіндіктері" атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Екінші күні слетке қатысушылар балық өнімдері көрмесімен жəне аймақтың балық шаруашылығының даму тарихынан сыр шертетін жəдігерлермен танысып, саланың үздіктері мен ардагерлерін марапаттау рəсіміне қатысты. V балықшылар слетінің ашылу салтанатында облыс əкімінің орынбасары Бақытжан Намаев облыстағы балық шаруашылығының дамуы туралы айтты. "Кеңес заманында Арал өңірінен (Арал, Қазалы аудандары) 8 Кеңес Одағының батыры, 21 Социалистік Еңбек Ері, 2 Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты шыққанын мақтанышпен айта аламыз. Бүгінгі күні де теңіз дауылына желкенін жықпай, өмір соқпағына мойымай ата кəсіпті жалғастырып жүрген балықшылар легі баршылық. Осы ретте, нарықтық экономика заманында балықшылардың басын біріктіріп, ел игілігіне қызмет жасап жүрген Нұрбек Əйімбетов, Аманбай Ерхатов, Төребек Игіліков, Батырхан Пірекеев, Табын Аленов, Шүкірбай Абдуалиев, Ақылбек Байқошқаров,Сəрсенбай Қошқарбаев сияқты ел азаматтарының, кəсіпкер азаматтардың еңбегін ерекше атап өткім келеді. Əрқайсысы жүздеген жұмыс орындарын ашып, өнімдерін алыс - жақын шетелдерге шығарып, облыс экономикасына қомақты үлестерін қосып отыр", - деді Бақытжан Намаев.
Облыс əкімінің орынбасары қатысушыларды шілденің екінші жексенбісіне ресми бекітілген Балық шаруашылығы қызметкерлері күні кəсіби мерекесімен құттықтады. Сондай-ақ, балық шаруашылығы саласының үздіктері мен ардагерлері марапатталды. Слеттің ашылу салтанатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы жəне жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Қайыр Рыскелдинов пен Қазақ КСР балық шаруашылығының экс-министрі Құдайберген Саржанов сөз сөйледі. Қызылорда облысы республикада балық шаруашылығы дамыған өңірлердің бірі. Облыс балық аулау, өңдеу көлемі бойынша республикада 3-орында. 2019 жылдың 6 айында облыс бойынша 2397 тонна балық ауланып, республикалық бюджетке 53 миллион теңге қаржы түсті. Бүгінде облыс бойынша жылдық қуаттылығы 11 мың тоннадан асатын 8 балық өңдеу зауыты жұмыс істеп тұр. Балық өнімдерінің 13 түрі шығарылады. Соңғы 5 жылда балық өнімдерінің экспорының көлемі 9 есеге артты. 2018 жылы облыстан 3804 тонна балық өнімдері экспортталса,осы жылдың 6 айында экспорт көлемі 2406,5 тоннаны құрады. Балық өнімдерін Ресей, Польша, Голландия, Украина, Əзірбайжан, Қытай елдеріне экспорттайды.
https://kaz.tengrinews.kz
15 шілде 2019 ж. 630 0