Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Азаматтық армен өлшенеді

Азаматтық армен өлшенеді

        Көңілімдегі сансыз сұраққа шешім таппай отырған менің еңсемді отарбаның гүрсілі одан әрмен езе түскендей. Қарсы алдымдағы ақ жаулықты анаға да көз салып қоямын. Ол иманжүзді, биязы, көргені мен түйгені мол кісі көрінді маған. Сонау бір жылдарғы бала күніндегі алғашқы жеркепелер, бір жерге жұмысқа барса тиянақтап, бала-шағасын өзімен бірге ала жүретін қайран қазағының бала мінездері есіне түсіп, күрсіне күліп те, сүйсіне елжіреп те келе жатқандай. Жол қысқартуды ойлап, ақ жаулықты ананы әңгімеге тартпақ болған ойымды сезгендей:
         – Жалпы қазақ деген нар халық қой. Осынау өңірде басқа бір халық өкілдеріне тұруға тура келсе, қазақ азаматы бастан кешкен сол бір қиыншылықтарды көтеруге қажыры жетер ме еді, жетпес пе еді, кім білсін? – деп маған көз қиығын салып қойды. Азамат деген тақырыпты бастауы мұң екен, мен де ойымдағы сауалымды бастап кеттім.
         – Апа, «Әйелдің қырық жаны бар» деп жатады дана халқымыз. Ата-бабамыз мұра етіп қалдырған аталы сөздің ешбірі текке айтылмаған. Өзіміз әйел затынан болған соң өмірден аз-кем түйгеніміз бар деп білемін. Алайда өмірде «қазақ азаматы» деп нені меңзегеніңізді білсем деймін, –дедім. –
         – «Мал таппайтын еркек болмайды құрарын айт, бала таппайтын қатын болмайды тұрарын айт». Бүгінде отбасын асырау міндетін атқарып жүрмін деп қара басының қамын көп күйттеп кететін жандар баршылық. Әсіресе ер адамдар. Ұлдарын шаруашылыққа, ептілікке, табандылыққа, шыдамдылыққа баулуға мән бермейді. Қазір жастарда табандылық жоқ. Ұл жасық. Қолы мақтадай жұмсақ, шеге қағуды білмейтін, шаруаға қыры жоқ жігіттер қатары көбейді. Бір жерде тұрақтап жұмыс істей алмайды. «Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүріп, бірден қомақты ақша тапқысы келеді. Алла тағала адам қылып жаратқан соң сол атқа лайық өмір сүре алмай, «аға, көке» деп, өзгенің несібесімен өмір сүріп, таңертең жұмысқа келіп, кешке үйіне оралып, бала асырап жүрген кейіп танытып жүрген азаматтар да көз алдымызда. Өз абыройын ойламайтын мұндай азаматтың темірдей тәрбиесі жоқ. Осы күні жесір әйел, жетім бала көп. Солардың бәрінің күйеуі болмаса да әкесі өліп қалған екен деп ойламаңыз. Тірі. Отбасы алдындағы жауапкершілікті сезінбей талтаң-талтаң етіп жүр. Шаруашылыққа, ептілікке, табандылыққа, шыдамдылыққа мән бермейді,–деді.
         Мен де көкейімдегі сауалға жауап тапқандай сезімге бөлендім. Міне, өмірдің шындығы. Әңгімелесе келе сыралғы достар сияқты шүйіркелесіп кеттік. Дүниеге келген соң Шәкәрім ақын жырлағандай «Өсіп, өшіп құлаған бір бәйтеректей» болмай, нағыз адам болу – басты міндетіміз. Әрбір бойында адамгершілігі мен имандылығы бар азамат алдымен өз мүддесін емес, өзгенің де өмірімен санаса алады. Нағыз жігіт өзінен гөрі, өзгеге көмектесуді бірінші орынға қоя алуы міндетті. Барлық азамат атаулыға топырақ шашудан аулақпын. Алайда байқасаңыз, бұрынғының азамат атауы мен бүгінгінің азамат ұғымында біршама айырмашылық бар. Заман да, адам да, қоғам да өзгерді. Десе де, ұлттың сақталуы үшін ер-азаматтың атқарар рөлі өте зор. Азамат деген атқа лайық болып жүрсіз бе?! Бүгінгінің азаматы қандай болу керек? Менің пайымдауымша, азамат деп ез болып отыра бермейтін, замана талқысына көнбейтін, талап пен талантын жегіп, терін төгіп, құлашын кең сермейтін батыл да өр адамды айтады. Адам болам десеңіз... Бұл ой ешкімді де бейжай қалдырмасы анық.
Күнзипа Зденова
Арал қаласы.
19 тамыз 2019 ж. 758 0