Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 5 қыркүйек. ҚазАқпарат күнтізбесі

5 қыркүйек. ҚазАқпарат күнтізбесі

Қазақстан халқы тілдері күні
2017 жылғы «Қазақстан Республикасында мереке күндер тізбесін бекіту туралы» үкіметтің қаулысына сәйкес, Қазақстан халқы тілдері күні 5 қыркүйекте тойланады. Бұған дейін Тілдер мерекесі 22 қыркүйекте атап өтілетін. 5 қыркүйекке ауыстыру себебі – бұл күні ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні.
Халықаралық қайырымдылық күні
1997 жылдың 5 қыркүйегінде ұзақ мерзімді дертке шалдыққан калькутталық Тереза ана қайтыс болды. Ол дүйім жұртқа өзінің қайырымдылық әрекеттерімен танылған болатын. Тереза ананың ерен еңбегін ескере отырып, БҰҰ Бас ассамблеясы 5 қыркүйекті Халықаралық қайырымдылық күні деп бекітті.
 1933 жылы Алматыда М.Лермонтов атындағы республикалық орыс драма театры ашылды. Бұл Қазақстандағы байырғы, ең үлкен театрлардың бірі. Театр ұжымы алғаш Семейде ұйымдастырылып, кейін Алматыға ауыстырылған. 1964 жылы орыс ақыны М.Лермонтовтың 150 жылдық мерейтойына орай театрға оның есімі берілді.
2001  жылы Павлодар қаласында Мәшһүр Жүсіп мешітінің ашылу салтанаты болды. Мешіт сегіз қырлы, бұл - Дешті Қыпшақтардың сәулет үлгісіне жатады. Оның үстіндегі 8 қырлы жұлдыз - түркі жұртының ортақ рәмізі. Күмбезі - шаңырақ үлгісінде, 4 мұнараның ұзындығы Пайғамбар жасына орай 63 метр. Бір мезгілде 1500 адам намазға жығылуға мүмкіндігі бар.Үлкен залдағы гауһар тасты шамның салмағы 3,5 тонна, биіктігі 16,5 метр, ені 6 метр.
2003 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан-Румыния қатынастарын дамытуға қосқан зор үлесі, екі мемлекет арасындағы көпжақты байланыстарды орнатуға қосқан үлесі үшін Румыния Президенті Ион Илиескуға І дәрежелі «Достық» орденін беру туралы Жарлыққа қол қойды.
2009 жылы тұңғыш рет қазақ күйі Мәскеудегі Қызыл алаңда өткен «Спасская башня» халықаралық әскери-музыкалық фестивалінде орындалды. Қазақстандық ұландар домбырамен Құрманғазының күйлерін нақышына келтіре орындап, көрерменді тәнті етті.
2012 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың интерактивті дәрісі аясында Назарбаев Университетінде орта және жоғары білім беру менеджерлерін оқытатын Жоғары білім мектебі ашылды.
2014 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «2015 жылды Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жариялау туралы» Жарлыққа қол қойды. 2014 жылы қазақтың біртуар ұлы, ірі тұлға, қаламгер, драматург, Алашорда қайраткері Жүсіпбек Аймауытовтың кіндік қаны тамған жерінен бір уыс топырақ жазушы жерленген Мәскеу қаласындағы Ваганьковский зиратына көмілді. Репрессияға ұшыраған қазақ жазушысы Ж.Аймауытовтың жерленген жері 2014 жылы ғана белгілі болды.
2016 жылы G20 саммитінің алаңындаҚазақстан Президенті Сауд Арабиясы мұрагер ханзадасы Мұхаммед бен Салманмен кездесті.Кездесу барысында Қазақстан мен Сауд Арабиясы серіктестігінің бірқатар негізгі бағыттары бойынша өзара іс-қимыл мәселелері қарастырылды. Тараптар мемлекетаралық байланыстарды жандандыруға уағдаласты.
2016 жылы Алматыдағы «Шымбұлақ» тау-шаңғы шипажайында Алматы қаласының 1000 жылдығы мен ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған алғаш рет «Almaty Mount Fest 2016» халықаралық фестивалі өтті.
05 қыркүйек 2019 ж. 796 0