Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 16 қыркүйек. ҚазАқпарат күнтізбесі

16 қыркүйек. ҚазАқпарат күнтізбесі

Озон қабатын қорғаудың халықаралық күні
1987 жылы Озон қабатын бұзатын заттар туралы Монреаль хаттамасына қол қойылды. Сол күннің құрметіне БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен 1995 жылдан бастап атап өтіледі.
1944 жылы Ақтөбе облыстық филармониясы құрылды. Оған 1997 жылы белгілі қазақ сазгері Ғазиза Жұбанованың есімі берілді.
1976 жылы Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайы келушілерге есігін ашты. Экспонаттардың басым бөлігін Қазақстанның бейнелеу және қолданба өнер туындылары құрайды. Батыс Еуропа коллекциясында XVI-XIX ғасырларда өмір сүріп, шығармашылықпен айналысқан Италия, Франция, Голландия, Фландрия, Германия, Англия және Аустрия суретшілерінің түпнұсқа шығармалары жиналған.
1992 жылы Қазақстан мен Беларусь Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды.
2000 жылы Атырауда Мысыр билеушісі болған Бейбарыс сұлтанның 775 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияға араб елдерінің ғалымдары қатысты. Сонымен қатар қазақ тіліне аударылған «Әз-Захир Бейбарыс өмірбаяны» атты кітаптың тұсаукесері болып, Атырау облыстық қазақ драма театры жазушы Р.Отарбаевтың «Бейбарыс» атты пьесасын сахналады.
Шежіре бойынша Бейбарыстың атамекені - Каспий теңізінің маңы, бір деректерде - Еділ-Жайық бойы. Кіші жүздегі Байұлының Беріш руынан деген мәлімет бар.
2005 жылы Түркияның Измир қаласында Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Салтанатты шараға Измир провинциясының губернаторы Оғыз Қаған Көксал, осы қаладағы құрметті консулдықтардың басшылары, іскер топ өкілдері, қазақ диаспорасы мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.
2006 жылы Алматы облысы Қарасай ауданында Наурызбай батырға ескерткіш ашылды. Ескерткіш авторы - Нұрлан Далбай.
2007 жылы Қазақстан Венада Атом энергетикасындағы Жаһандық серіктестікке қосылды. Оның барысында Қазақстан Қағидалар хаттамасына қол қойды және осынау үдеріске толыққанды мүше атанды.
Жиналғандардың алдында сөйлеген МАГАТЭ Бас директоры Мохаммед Әл-Барадэй, атом энергетикасы дамуының болжануына байланысты осынау бастаманың өзектілігін атап өтті.
2010 жылы Түркітілдес мемлекеттер басшыларының Х Саммитінде экономикалық және сауда байланыстарын кеңейтуге бағытталған Түркі іскерлік кеңесін құру туралы шешім қабылданды. Түркі мәдениетін сақтауды қамтамасыз ету мақсатында Бакуде арнайы Қор құрылып, ТҮРІКСОЙ Астананы 2012 жылғы түркі әлемінің астанасы деп жариялады.
2011 жылы Астанада «Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттілігі: қалыптасуы мен даму көкжиегі» тақырыбында Қазақстан тарихшыларының I Конгресi өтті.
Тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылған Тарихшылар конгресінің негізгі мақсаты отандық тарих ғылымын жаңаша зерделеу болды. Ғылыми мәжіліс барысында Тәуелсіздік жылдары кезінде тарих ғылымының даму барысы талқыланып, жаңа әдістемелік бағдарламаларды әзірлеу жайы сөз болды, отандық тарихтың методологиясын зерттеудің өзекті мәселелері, ұлттық идея, әлемдік қауымдастыққа Қазақстанның кірігуі, қазақ халқының тарихи-мәдени мұраларын сақтау және басқа да өзекті мәселелер қаралды.
2014 жылы Алматыда Х Еуразия кинофестивалі ашылды. Фестиваль қазақ режиссері Шәкен Аймановтың 100 жылдығына арналды. Бағдарлама аясында «Жамбыл», «Біздің сүйікті дәрігер», «Тақиялы періште», «Атаманның ақыры» фильмдері тегін көрсетілді.
2017 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстанның «Эл-юрт Хурмати» («Ел-жұрт құрметі») орденімен марапатталды.
https://www.inform.kz/kz/16-kyrkuyek-kazakparat-kuntizbesi_a3564968
16 қыркүйек 2019 ж. 991 0