Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 11 қыркүйек. ҚазАқпарат күнтізбесі

11 қыркүйек. ҚазАқпарат күнтізбесі

1883 жылы Семей аймақтық мұражайы ашылды. Мұражайды саяси қуғынға ұшыраған адамдар өздері жиған археологиялық және зоологиялық қазбалар негізінде ұйымдастырды. Аталмыш шараны ұйымдастыруға Абай Құнанбаев та қатысқан. Ол мұражайға барлық жасауымен киіз үй сыйға тартқан.
1931 жылы Қарағанды облыстық «Индустриальная Караганда» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Газет 1935 жылға дейін «Большевистская кочегарка», ал 1935-1963 жылдары «Социалистическая Караганда» деген атаумен шығып тұрды. 1965 жылдан бастап қазіргі атымен шығады. Газет аптасына екі рет шығады, таралымы - 15000 дана.
1991 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Ғарыштық зерттеулер агенттігі мен Жер мәселелері және жерге орналастыру жөніндегі мемлекеттік комитет құрылды.
1997 жылы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери академиясы құрылды.
2007 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Шоқан Уәлиханов» желкенді кемесіне қазақстандық тұңғыш экспедицияның дүниежүзілік теңіз саяхатына жолдама берді. Мемлекет басшысы экипаж мүшелеріне Қазақстан туын табыс етті. Бұдан кейін Қазақстанның Гимні орындалып, кемеде мемлекетіміздің туы көтерілді. Президент дүниежүзілік саяхатқа шыққан экипаж мүшелеріне сәт сапар тіледі.
2007 жылы Астанада Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өкілдерімен бірлесіп шығарылған «Туған тіл» журналының тұсауы кесілді.
Бұл басылым алғаш рет араб, латын графикасында және қазақ тілінде шығарылып отыр. Журналды шығару - шетелдік қандастарымызға деген қамқорлықтың көрінісі.
2007 жылы Шалдай орманында күшті өрт болды. Өрт сөндіру кезінде орман шаруашылығының төрт қызметкері қаза болды. Төрт ай өткен соң ормандағы өртті сөндіру кезінде тағы да екеуі өмірлерімен қоштасты. Шалдай ауылының орталығында өрт сөндіру кезінде қаза болған «Ертіс орманы» табиғи резерват қызметкерлерінің құрметіне ескерткіш орнатылды. Ескерткіштің мәрмәр тасында орман шаруашылығы инспекторларының суреттері мен есімдері қашалып жазылған.
2013 жылы қазақ ғалымдары Қытайдан 283 томды құрайтын бірегей мұрағаттық құжаттарды әкелді. Онда қазақ хандары мен қытай билеушілерінің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнатылғаны жөнінде көрсетілген. Оның арасында Абылай хан мен Қытай императоры Цяньлунның жазысқан хаттарының көшірмелері де бар болып шықты.
2014 жылы Жезқазған қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 148 шақырым қашықтықта «Союз ТМА-12М» кемесінің құрылғысы қонды. Ол Жерге Халықаралық ғарыш стансасынан қырқыншы экспедицияны жеткізді.
https://www.inform.kz/kz/11-kyrkuyek-kazakparat-kuntizbesi_a3562537
11 қыркүйек 2019 ж. 830 0