Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жастар жылындағы айтулы бір шара – Президенттік жастар кадр резервінің құрылуы

Жастар жылындағы айтулы бір шара – Президенттік жастар кадр резервінің құрылуы

Саяси ғылымдар докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Мұсатаев Сейілбек Шаяхметұлы Президенттік жастар кадр резервінің құрылуына қатысты пікір білдірді.

"Елбасы 2019 жылды Жастар жылы деп жариялағаны белгілі. Осы шараны жүзеге асыруға қазір барлық жағдай жасалуда, жастардың жан-жақты дамуына, кәсіби өсуіне қолдау көрсетілуде. Дарынды жастарға арналған ашық және тиімді әлеуметтік лифтіні іске қосу идеясы шынайылыққа айнала бастады. Білімі мен біліктілігі талапқа сай келетін тәжірибелі жастарға мемлекеттік басқару жүйесінде де, квазимемлекеттік секторда да басшылық қызметтер атқаруға мүмкіндік беретін саяси шешім қабылданды. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасының Президенті 2019 жылғы 27 тамызда "Президенттік жастар кадр резервінің кейбір мәселелері туралы" Жарлығы шықты", - деді Сейлбек Мусатаев.
Президенттік резервке 35 жастан аспаған, жоғары білімді және кемінде бес жыл еңбек өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматы қабылдана алады. Онлайн-платформа арқылы құжаттар тапсыру барысында ұсыным хат жүктеу қажет.
Оның айтуынша, Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады. Бірінші кезең-құжаттарды қабылдау – 1 қыркүйекте басталып, осы айдың соңына дейін жалғасады. Кандидат сайтта жеке кабинет құрып, PKRezerv.kz парақшасы арқылы жеке деректерді онлайн енгізеді.
Резервке іріктеудің екінші кезеңі – тестілеу 12 қазанда өтеді. Тест үміткердің күрделі мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін анықтауға бағытталған. Бұл үміткерлердің теориялық дайындығын, олардың аналитикалық және сыни ойлау деңгейін, логикасын анықтауға мүмкіндік береді.
Үшінші сатыда үміткердің көшбасшылық қасиеттері мен қабілет-қарымына баға беріледі. Бұл кезеңде эссе жазып, әлеуметтік маңызы бар жобаның презентациясын дайындау қажет.
Төртінші кезең – қатысушылардың сараптамалық топпен сұқбаттасу. Сұқбаттасу қорытындысы бойынша сараптама комиссиясы ашық дауыс беру жолымен резервке алуға ұсынылған кандидаттардың тізімін жасайды және ұлттық комиссияның қарауына жібереді.
Қорытынды кезең – мұнда Ұлттық комиссияда қатысушылардың кандидатураларын қаралады.
"Жоғары әкімшілік және саяси лауазымдарға бос орындар туындаған кезде Резервтегі азаматтардың кандидатуралары қаралатын болады. Резервшілердің одан әрі кәсіби немесе жеке дамуы үшін Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында және оның филиалдарында оқыту курстары мен тренингтерден өту мүмкіндігі пайда болады.
Резервшілерге арналған лауазымдар да бірнеше бағыттар бойынша топтастырылған. Біріншісі – салалық қызметтер, оған министрлер, олардың бірінші орынбасарлары, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің орынбасарлары, ұлттық компаниялардың төрағалары кіреді. 
Екінші – өңірлік, бұл облыстардың әкімдері, облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері. 
Үшінші – басқарушылық, бұл орталық атқарушы органдардың жауапты хатшылары, облыстар, астана әкімдері аппараттарының басшылары. Бұл мүмкін лауазымдардың бір бөлігі ғана", - деп сөзін жалғады әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры.
Сондай-ақ, оның пікірінше, тағы бір айта кетерлік мәселе – үміткердің жалпы еңбек өтілі болса болғаны, арнайы мемлекеттік қызметте жұмыс істеген еңбек өтілі болуы міндетті емес. Көптеген дарынды жастарымыздың мемлекеттік қызметтегі лауазымды орындарға баруына осы бір талап кедергі келтіретіні белгілі.
"Көріп отырғанымыздай, Президенттік жастар кадр резерві еліміздің дамуына үлес қосу үшін мемлекеттік қызмет атқарғысы келетін білімді, білікті, отаншыл жастарымызға жақсы мүмкіндіктер туғызып отыр. Осылайша, биылғы Жастар жылында қазақстандық жастардың дамуына мүмкіндік беретін айтулы бір шара Президенттік жастар кадр резервінің құрылуы болып отыр", - деп түйіндеді Сейлбек Мусатаев.

https://baq.kz/news/othernews/zhastar-zhylyndagy-aytuly-bir-shara/

24 қыркүйек 2019 ж. 1 202 0