Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мүмкіндігі шектеулі азаматтар қалай жеңілдікпен пәтер ала алады?

Мүмкіндігі шектеулі азаматтар қалай жеңілдікпен пәтер ала алады?

ҚР Президенті Әкімшілігінің қоғамдық қабылдауына жиі жолданатын сұрақтардың бірі мүгедектердің және мүгедек баласы бар отбасылардың жеңілдікпен пәтер алуына қатысты болып отыр деп хабарлайды inform.kz 
 Осыған орай, ҚР Президенті Әкімшілігінің қоғамдық қабылдауы Telegram-каналында аталған санаттағы азаматтардың жеңілдікпен баспана алу жолдары түсіндірілді.
«Егер барлық процедураны дұрыс өтсе, бірнеше жылдың ішінде тұрғын үй проблемасын шешуге мүмкіндік бар. Мүгедектерді, мүгедек балалары бар немесе оны тәрбиелеп отырған отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етудің екі құралы бар. Біріншіден, қажетті құжаттарды жинап, жергілікті атқарушы органға жүгіну керек. Олар құжаттарды қабылдап, есепке қояды және тұрғын үйге мұқтаж мүгедектерге кезек тәртібімен әкімшілік баспана ұсынады», - делінген Telegram-каналдағы ақпаратта.
Екінші құралына сәйкес аталған санаттағы азаматтар үшін жеңілдетілген тәртіппен баспана сатып алуға жылдық мөлшерлемесі 2 пайызбен 20 жылға ипотекалық займ ұсынылады. Бұл ретте Қазақстанның «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінде» бастапқы жарна жинаған азаматтарға 20 жылға дейін жылдық мөлшерлемесі 2 пайыздан аспайтын алдын ала және аралық тұрғын үй займын береді. Аталған санаттағы азаматтарға жылына 6 мыңға жуық жеңілдетілген займ беру жоспарланған.
«Жоғарыда аталған санатқа жататын азаматтарға кезекке тұруға арналған құжаттарын дер уақытында және дұрыс тапсыру қажеттігін тағы да бір мәрте еске саламыз», -деп атап өтеді қоғамдық қабылдау.
16 қазан 2019 ж. 771 0