Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Неге қазақ үкіні киелі құс деп бағалайды?

Неге қазақ үкіні киелі құс деп бағалайды?


Үкілердің өмірі құпияға толы. Бұл көбіне түнгі құс болуына байланысты. Ал түн әрқашан адамдарға құпия мен жұмбаққа толы болып көрінеді.
Ұлттық наным-сенім бойынша үкінің үлпілдеген қанаты жас нәрестелерді жын-періден қорғаса, бас киімге тағылғаны – бақыт, ал аспаптарға байланғаны олжаға кенелтеді. Мұсылмандар үкіні киелі санайды. Себебі олар ол құстың қанатында Құранның құпия сөздері жазылады деп ұққан. Ел аузындағы аңызға сүйенсек, ертеде Нұх пайғамбарға Қазығұрт тауына қарай жол сілтеген үкі құсы деп айтылады. Соған байланысты Нұх пайғамбар үкіге «орман тоғайдың иесі бол, шаңырақтың киесі бол» деп бата берген деседі. Үкі – жол көрсетуші құс. «Халық айтса, қалт айтпайды» демекші, үкімен байланысты салт-сана, наным-сенімнің негізі бар. Үкі құсының киелі саналатыны бекерге емес. Біріншіден, ол Нұх пайғамбардың батасын алған құс екен. Содан да болар, адамдар оның қауырсынын «тіл-көз тимесін» деп, баланың бесігіне, қыздың бөркіне тағатын болыпты.
Бөбек кейде жалғыз қалғанда керегеден кіре­тін жылан, қарақұрт сынды улы жән­діктер мен құрт-құмырсқалар үкінің қауырсынына жоламайды екен. Қазақ сол үшін сәбидің киіміне және оның бесігіне ілген. Қадам баса бастағанында аяғын босағаға байлап, арқасына тоқпақтай осы құстың үлпілдегін қыстырған. Ал, өмірде үкіні көру – жақсы белгі болып саналады. Сондықтан болар қазақтар үкінің әр тал қанатын бесікке, балалар тақиясына, әйелдер кимешегіне, жүйрік аттың жалына тағып қояды. Сонымен бірге бақыт, табыс әкеледі деген сеніммен ақын, әншілер бас киімдерін, домбыраларын үкілеген.
Үкіге қатысты салт-дәстүрлер, наным-сенімдер және әдет-ғұрыптар –халқымыздың осы құсқа деген сүйіспеншілік сезімінің көрінісі. Үкінің тағы ерекше қасиеті жөнінде  бір деректерде атам қазақ ырымдап, баласы болмай жүрген әйел адамға үкінің ұясын алақанымен сипатады екен деп айтылған. Ал бір басылымнан балалары тұрмаған ерлі-зайыптыларға бір қарияның үкі асырауға кеңес бергенін оқыған едім. Сәбидің күлкісіне зәру болған туыс­тары үкіні қолда ұстап баққаннан кейін сәбилері өсіп-өнген екен. Бірінші баласы алғашқы қадамын басқанда, ерлі-зайыптылар ауыл данагөйінің айтуымен киелі құсты бостандыққа жіберген. Бір қызығы тұңғыштарының көзі үкінікіндей тұп-тұнық, көз тартар мөлдір болған жазылған. Соған байланысты көзі үлкен адамдарды «үкілі көз» деп атайды. Тіпті жаңа туған бота нәзік әрі көзі мөлдіреп әдемі болғандытан, "тіл-көзден сақтайды" деп оның бұйда жібіне немесе төбесіне үкі тағып қояды.
Қазақтың асыл мұрасын ақтара берсек, оның шегіне жету мүмкін емес. Бұрын, үкінің қауырсынын қазақ шаңырағынан көп кездестіретін едік. Қазір бұл үрдіс көмескі тарта бастады. Дегенмен, қайта жаңғыра бастаған сәттерде де куә болып жүрміз. Соңғы кездері ұзaтылып бара жатқан қыз өзінен кейінгі бойжеткен сіңлілеріне «үкілі үміттеріңді үзбеңдер» деген ниетпен үлпілдек қауырсындарды таратып беру ғұрпын қолдануда. Осынымыз еуропалық гүл лақтыру үрдісін тежеудің алғы қадамы іспетті. Ұзатылып бара жатқан қыздың үйлену тойындағы қалыңдықтың құрбыларына үкі тағу дәстүрі жалғасын тапса, қандай жарасымды?! Сондай-ақ ертеде сыйлы және құрметті адамдарға үкі сыйлау дәстүрі де болған.
Тіпті, бұрын үкі қауырсынын батырларымыз найзаға да таққан. Оны Қазыбек бидің «Біз қазақ деген мал баққан елміз. Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз» деген сөзінен аңғаруға болады.
Күнзипа Зденова
25 қазан 2019 ж. 7 427 0