Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Рөлде қалғып кетпеудің жолы қандай?

Рөлде қалғып кетпеудің жолы қандай?

Автомобиль – ыңғайлылық және мобильділік. Алайда жақсы тұстарымен қатар кемшіліктері де жоқ емес, олардың қатарына рөлде қалғып кету, сақтықты жоғалту нәтижесінде жол-көлік оқиғаларының орын алуы ықтимал.Рөлде кез келген адам қалғып кетуі мүмкін. Бұл көбіне әбден шаршаған кезде, түскі ас уақытынан кейінгі мызғып алу әдетінен, дәрілік препараттарды қабылдаудан кейін де орын алып жатады. Бәрі де болуы мүмкін. Қала ішіндегі жарты сағаттық жүріс пен трассада 12 сағат жүрудің арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Біздің мақаламыз ұзақ уақыт бойы көлік жүргізетін жүргізушілерге арналады.

Шаршағанды басатын ең жақсы дәрі – ұйқы
Егер тәжірибелі алыс жолдарда жүретін жүргізушілерден рөлде қалғып кетпес үшін не істеу қажет деп сұрасаіыз, ол рейс алдында жақсылап ұйықтап алу керек дейді. Жылы ванна, жақсы ұйқы және жан сергітер себезгі – сергек жүрудің кілті. Ал егер жол бітпей қойып, көз жұмылып бара жатса не істеу қажет? Жолдың жиегіне тоқтап, көлікті дұрыстап жауып, 15-20 минут мызғып алу қажет. Дәл осылай демалу жұмыс жасау қабілетін тағы да 3-4 сағатқа арттырады. Тәжірибе бойынша ең ұйқы басатын кез күндізгі 14 пен 16, кешкі 20 мен 22, түнгі 2 мен 4 аралығы екен. Бұл пассив уақыттарда рөлде отырмауға кеңес беріледі.

Сергу үшін уақыт туды ма?
Сергу үшін біраз қозғалыс керек. Мәселен, аяқ бұлшық еттерін қимылдату немесе жүргізуші орындығының орналасуын қалыпты күйден өзгерту қажет. Болмаса құлақтың белсенді нүктелерін уқалаңыз. Себезгі секілді сергіту де жақсы көмектеседі – оның орнын салқын су немесе дымқыл майлықпен бет пен мойынды сүрту жатады. Бұл әдістердің көпшілігі жаздың ыстық кезінде пайдалы. Ал суық күндері тек қана терезені ашыңыз, суық ауаның өзі-ақ сізді сергітіп тастайды. Жүргізушілердің көбіне көзі талып кетеді, бұл жайсыздық туғызып жатады. Мұндай кездері қол жетімді жерге кез келген көзге тамызатын тамшыны сақтаған жөн, олар аз ғана уақыт ішінде көздің көру қабілетін жақсартады. Тек қана көз тамшысын тамызған соң аздап дамылдаңыз, өйткені бұл сәл ғана уақыт көзді бұлыңғыр қып жібереді.

Сергітетін сусындар
Иә, кофе мен шайға барымызды береміз. Осылардан мықты нәрсені әлі де ешкім ойлап таппаған болар. Бірақ, кофеинге үйреніп кетесің де, оның әсері барған сайын әлсірей береді. Сондықтан көп пайдалана берген де орынсыз. Энергетикалық сусындармен де жағдай солай. Бірінші құтыны ішкенде күш энергетикасы екі сағатқа созылады. Одан кейінгі әрбірі денсаулыққа зиян. Зерттеушілердің пікірі бойынша, жүрегі ауыратын адамдарға ол қатты зиян тигізеді екен. Және де мұны шамадан тыс пайдалану да денсаулыққа, оның ішінде рөлге отыру кезінде мүлде зиян (галлюцинацияға дейін әкеледі).

Сүйікті әуен
Сергітер әуен адамдардың ұйқысын қашыратын секілді көрінеді. Бірақ егер сіз бір стильдегі әуенді ұзақ тыңдайтын болсаңыз, ұйқыңыз тіптен келіп кетері анық. Одан да басқа радиожелі ауыстырыңыз немесе жолға шығар алдында өзіңіз қосылып айтатын сүйікті әндеріңізді бір дискке топтама ретінде жазып алыңыз. Сондай-ақ жолға сөйлейтін жолаушыны да алып алған жақсы. Оның сәл ғана ілікпе сөзбен көңіл аударып отыруы жетерлік. Болмаса жақсы тақырыпта әңгімелесіңіз, бұл да сергітуге көмектеседі!

Шайнаймыз ба?
Үнемі жол жүретін жүргізушілер «шайнайтын бірдеңелерді» алып жүретіні белгілі. Кейбіреулер бұл мақсат үшін шемішкі пайдаланса, кейбірі салонды былғамас үшін тұздалған арахис пайдаланады. Көпшілігі ащқылтым мұз кәмпиттерді пайдаланады («көпіргіш кәмпиттер») немесе жемістерді тұтынады (алма, жүзім, апельсин). Сондай-ақ тіске салып отыратын сіріңкенің де сергіту амалы болары анық. Ал бұл жағдайдағы ең оңтайлысы жалбыз қосылған сағызды шайнау немесе ментол қосылған тас кәмпитті сору жағымды әсер берері анық. Және де салон үшін ағаш, лаванда хош иістендіргіштерін пайдаланбаңыз! Тек қана цитрустық, теңіздік және қылқан жапырақты хош иістері ғана рөлде қалғып кетпес үшін жақсы әсер беретіні белгілі.

Жаңа технологиялар
Жүргізушілер үшін арнайы жаңа гаджеттер ойлап табылды – олар «оятқыш» атауына ие антисон қондырғылары. Олар дәл bluetooth-қондырғы ретінде көрінеді, құлаққа бекітіледі және бастың иілуіне жауап қатып отырады. Жүргізуші көзі ілініп кетсе немесе басы төмен қарай еңкейсе (бастың шалқаюы есепке алынбайды) дабыл қаққыш іске қосылады. Дәл осы пайдалы гаджет бар болғаны 2 доллар тұрады. Оны қазіргі кезде bluetooth-қондырғының жаңа үлгілеріне де икемдей бастады.
Міне, біз ең көп кездесетін шаршағандық пен ұйқыны басатын әдістер туралы әңгімеледік. Егер ерекше әдістеріңіз болса, оқырмандармен бөлісе отырыңыз!
reactor.inform.kz
21 наурыз 2018 ж. 2 035 0