Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Өкшенің жұмсақтығы

Өкшенің жұмсақтығы

Жеңіл аяқ киім бе? Иә, бұл көйлекке жеңіл аяқ киім жарасады! Тек өкше болмаса...
Бұдан құтылудың жеңіл жолы бар: салонға жиі барып, педикюр жасату. Алайда бұл шешім көпшілік үшін ұнай бермесі анық: уақыт жоқ дейміз, салонға баруға ниет болмайды, ниет болса да кейде ақша болмайды... Мұндайда не істеу қажет? Әрине, өзіңіз үйде күтім жасап көруіңізге болады. Бұл үшін көп уақыт пен күштің де қажеті жоқ, есесіне сіздің өкшеңіз әдемі әрі күтім жасалғаны көрініп тұрады.

Күтім жасау үшін бізге не қажет? Аяққа арналған ванна болмаса леген, ыстық су (шамамен 38-40 градус), 2 пемза (біреуі ірі, екіншісі ұсақ және арнайы қатқыл ысқыш), алдын ала дайындалған шөп тұнбасы немесе теңіз тұзы (тұз орнына ас содасын пайдаланса да болады), аяққа жағатын крем (үй жағдайында дайындалған немесе дүкеннен сатып алынған), мақта шұлық.

Алдымен өкшемізді қараймыз, негізгі мәселені зерттеп алуымыз қажет: тері құрғақ әрі қатқыл, тіпті өкшеде жарылулар бар ма? Ең алдымен күтімді аяққа арналған ваннадан бастаған ләзім.

Легенге, болмаса арнайы ваннаға ыстық су құямыз (шамамен 38-40 градус) және аяғымызды салып, 20-30 минут шамасында булаймыз.

Суға өз таңдауыңыз бойынша мыналарды қосуыңызға болады:
1. сәл ғана сұйық сабын және 1 кішкене қасық ас содасы;
2. сәл ғана сұйық сабын және тұз (теңіз тұзы);

Шөп тұнбалары: шайқурай, түймедақ, сәлбен, қырмызыгүл, емен қабығы. Тұнбаны былайша әзірлеу қажет: 2 ас қасық құрғақ шөпке 400 мл су құямыз, бетіне орамал жауып, 15-20 минут тұндырамыз.
1 стакан сүт және 2 ас қасық бал;

Бал мен сұйық сабынды араластыруға болады.Егер өкше жарылған болса, емен қабығы тұнбасын қосып немесе бор қышқылын қоссаңыз (1 литрге 3-4 шай қасық бор қышқылы) болады.

Ваннаны ақ шараптан да жасауға болады. Бұл үшін 1 стакан шарапты (200 мл) кастрюльге құйып, 2 ас қасық құрғақ жөке ағашы гүлдерін қосамыз (егер гүлдер  балғын болса, 4 ас қасық), 3-4 минут қайнатамыз. Одан кейін ваннаға құйып, қалыпты температураға дейін суытамыз (38-40 градус) және де аяғымызды сол суда 10-15 минут ұстаймыз, одан кейін өкшемізді пемзамен немесе қатқыл ысқышпен ысамыз. Тағы да 10 минуттай өкшемізді шарап тұнбасына саламыз.

Егер тері тым қатқыл болмаса, крахмал қосылған ванна жақсы көмектеседі (1 литр суға 1-2 ас қасық крахмал). Крахмал теріні жақсы жұмсартады, ал қатқыл қабат жеңіл сыпырылады.

Ваннадан кейін өкше мен бақайды өңдеуге кірісеміз. Өзіңіз үй жағдайында өңдеген кезде қатқыл қабатты алу үшін ұстараны пайдалануға мүлде болмайды. Біріншіден сіз бақайды не өкшені жарақаттауыңыз мүмкін, екіншіден тері мұндай процедурадан кейін тез өсіп, одан сайын қатқыл болады. Өкшедегі қатқыл қабатты алудың бірнеше жолы бар:
1. пемза және арнайы қатты ысқыш;
2. аяққа арналған арнайы скрабтар және пилингтер (бет пен денеге арналған скрабтарды да пайдалануға болады).

Күстенген теріні алып тастау үшін бір минуттай ірі пемзамен өңдеу жұмысын жасаймыз, одан кейін бір-екі минут ұсақ пемзамен ысамыз. Егер пилинг не скраб пайдаланылса, оны пемзаға қосып, өкшені жақсылап тұрып екі-үш минут ысқылаймыз. Сосын аяқты шайып, сүртіп, майлы ылғалдандырушы крем немесе зәйтүн майын жағып, тигізер әсері жақсы болуы үшін мақтадан жасалған шұлықты киеміз. Егер өкшеде жарылулар болса, күнде ол жерді вазелинмен сылаймыз. Бір аптаның ішінде жазылып кетуі тиіс.

Әлсін-әлсін өкшеңізді қолда бар табиғи өнімдерден жасалған маскалармен риза қылып отырыңыз. Сондай маскалардың бірнешеуін ұсынамыз:

1. Өріктен жасалған маска: 3-4 піскен өрікті (ең жақсы піскендері жақсы, езілген өріктерді де пайдалануға болады) езіп, 1 шай қасық кез келген өсімдік майын құясыз. Су ваннасында ысытыңыз (жылы болғанға дейін). Өкшеге 20-25 минут жағып, артынша жуып тастаңыз.

2. Жұмыртқа мен лимоннан дайындалған маска: 1 тауық жұмыртқасының сарысы немесе 3 бөдененің жұмыртқасын, 1 шай қасық лимон шырынын және 1 шай қасық крахмалды алыңыз. Барлығын жақсылап араластырып, өкшеге жағыңыз. Қоймалжың масса кепкенге дейін күтіңіз, сосын жуып тастаңыз.

3. Кәдіден жасалған маска: ірі емес кәдіні ұсақтап, ботқа болғанша еземіз, қалың матаға салып, өкшені сонымен орап тастау қажет. Масканы жарты сағат ұстап, артынша аяқты шаю керек.

4. Қиярдан жасалған ылғалдандырғыш маска: 1 орташа қиярды ботқа болғанша езіп, 2 шай қасық крахмал қосып, араластырып, өкшеде 20 минутқа қалдыру қажет. Артынша аяқты шайған орынды.

Жаңартушы маска: 1 стакан сүт пен 2 ас қасық өгейшөп жапырағын пайдалану керек. Сүтті қайнатасыз, оған өгейшөп жапырақтарын салып, су моншасына 30 минуттай қойып қоясыз. Одан кейін өкшеге жағып, жылы шұлық киіп, болмаса аяқты матаға орап алған жөн. 30 минут ұстайсыз, артынан аяғыңызды шаясыз.

Өкшенің жарылуына қырмызыгүл гүлінің тұнбасы жақсы көмектеседі: 1 шай қасық қырмызыгүл тұнбасына 10  шай қасық өсімдік  майын қосып (негізінен зәйтүн майы) қараңғы жерде 2 апта тұндырған орынды. Дәл осы тұнбамен күніне екі рет өкшені майлайсыз.

Егер ванна мен маскаларды аптасына бір рет жасап тұрсаңыз, ал кремді күнде жақсаңыз, өкшенің терісі өзінің әдемілігі мен жұмсақтығымен сізді әрдайым қуантып жүретіні анық.
24 наурыз 2018 ж. 2 914 0