Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Адам өміріне қауіпті: Қатерлі ісікке шалдықтыруы мүмкін 11 түрлі тұрмыстық зат

Адам өміріне қауіпті: Қатерлі ісікке шалдықтыруы мүмкін 11 түрлі тұрмыстық зат

Біз күнделікті тұрмыста қолданып жүрген заттар қарапайым болып көрінгенімен, денсаулығыңызға кері әсер етіп, қатерлі ісікке шалдықтыруы мүмкін.

Бұл туралы «Аргументы и Факты» басылымына сілтеме жасап Stan.kzхабарлайды.

Тұрмыстық химия

Ванна және асүй тазалығына арналған әсері күшті тұрмыстық химия құралдарын сирек қолдануға тырысыңыз. Олар майды жойып қана қоймай, сіздің денсаулығыңызға да зиянын тигізеді. Түрлі пасталар мен спрейлердің орнына сіркесу қолданып көріңіз.

Нафталин

Шкафтағы киімдерді күйе көбелектен қорғайтын құрал адам денсаулығына зиян. Таяуда нафталин қатерлі ісікті тудыратын құралдар қатарына енді. Ал киімдерді күйе көбелектен қорғау үшін, кішігірім қапшықтарға лаванда гүлін салып, шкафқа қойып қоюға болады.

Тіс жууға арналған паста мен ауыз қуысын шаюға арналған құралдар

Мұндай құралдардың ішінде құрамында триклозан мен фторид барлары қауіпті. Олар адам организмінде жиналып қалып, түрлі дертке шалдықтырады. Сонымен қатар тіс жууға арналған құралдардың құрамындағы түрлі бояғыш заттар да қауіпті болуы мүмкін. Ал ауыз қуысын шайғыш құралдардан мүлдем бас тартқаныңыз жөн. Бұл орайда тіс жууға арналған пастаның ақ түстісін және табиғи түрін алғаныңыз абзал.

Краннан аққан су

Сүзгіден өтпеген судың құрамында ауыр металлдар мен хлор болуы мүмкін. Аталған заттар суды тазарту үшін қолданылады. Бұл ретте үйіңізде суға арналған сүзгіш орнатқаныңыз жөн.

Кір әрі ескі аяқ киім

Біз аяқ киіммен бірге үйімізге түрлі зиянды химиялық заттарды алып келеміз. Олардың қатарында қорғасын мен пестицидтер бар. Сондықтан аяқ киімді жуып, таза ауада кептіріп, арнайы шкафқа жинап қойғаныңыз ләзім. Ал ескі аяқ киімдерден арылғаныңыз жөн. Егер оны тазартып жуу мүмкін болмаса, үйіңізге зиянды химиялық заттарды тасымалдайтын заттың не керегі бар?

Сәндік майшамдар

Сәндік майшамдардың білтесінде көбіне қорғасын болады. Қорғасын ағзада гормондық теңгерімсіздік тудырады. Ал үйіңізге қорғасын жинақталып қалса, ол қатерлі ісік жасушаларының дамуына әсер етеді. Сондықтан электрлі шам қолданған абзал.

Ауа сергіткіш құрал

Ауа сергіткіш құралдар жоғары тыныс жолдарының қабынуына алып келуі мүмкін. Әдетте олардың құрамында ұшатын заттар болады. Өз кезегінде олар организмде қатерлі жасушалардың көбеюіне ықпал етеді. Ал дәретхана ауасының таза болғанын қаласаңыз, дәретхана қағазының ішіне эфир майларынан бірнеше тамшы тамызып қойыңыз.

Пластиктен жасалған шөлмектер мен контейнерлер

Кез-келген пластиктің құрамында фталаттар мен А бисфенолы бар. Сондықтан пластиктен жасалған шөлмекте ұзақ уақыт тұрған суды және пластик ыдысқа салынған тамақты алмағаныңыз жөн. Сондай-ақ, пластиктен жасалған контейнерлерде тамақты қыздыруға болмайды. Жалпы, тағамды тасымалдау үшін пластик контейнер қолданбаған ләзім. Оның орнына металлдан жасалған термос алып жүріңіз. Ал суды шыны шөлмекке құйып алғаныңыз жөн.

Дезодоранттар мен антиперспиранттар

Бұл құралдардың да құрамында алюминий, фталаттар мен триклозан бар. Мұндай заттар, әсіресе әйелдер үшін қауіпті. Себебі сүт безі қатерлі ісігін тудыруы ықтимал. Дезодоранттардың орнына табиғи заттардан жасалған құралдарды қолданып көріңіз. Сонымен қатар жиі душ қабылдаған жөн.

Душқа арналған пластиктен жасалған перде

Жуынатын бөлме ысып, ауа ылғалданғанда, пластиктен жасалған перде денсаулыққа қауіпті заттар бөліп шығарады. Сондықтан жуынатын бөлмеге душты жауып тұратын шыныдан жасалған панель қойғаныңыз дұрыс.

Тефлонды жабыны бар ыдыс

Күюге қарсы аталған материал дұрыс қолданылған уақытта, денсаулыққа еш зиянын тигізбейді. Алайда тефлонды жабында аздаған сызат пайда болса, ол денсаулығыңызға қауіпті болуы мүмкін. Себебі зақымдалған тефлон қызыған кезде қауіпті химиялық заттар бөлінеді. Мысалы, перфтороктанды карбон қышқылы. Сондықтан мұндай ыдысты абайлап қолданып, тек ағаштан жасалған кәкпір қолданыңыз. Сонымен қатар тефлонды жабыны бар табаны жуған кезде де мұқият болғаныңыз жөн.

08 сәуір 2018 ж. 2 095 0