"Несиемді жапқым келді": Түркістанда келіншекті өлтірген таксист кінәсін мойындады
Күдіктінің айтуынша, оның банктен алған несие бойынша 40 мың теңге қарызы қалған. Берешегін өтеу үшін келіншекті айуандықпен өлтірген азамат алғашқы сот отырысында-ақ кінәсін толық мойындады.
"Сол күні банкке бардым. Қайтадан несие алып, бұрынғы несиемді жапқым келді. Алайда маған несие шықпады. Банктің алдында тұрсам, бір келіншектің банкоматтан ақша алып жатқанын байқадым. Кейін келіншекті көлігіме мінгіздім.Қаланың шетіне апарып көлігімде буындырып, талдырып қойдым. Келіншек талып қалған соң, ақшасы мен ұялы телефонын өзімнің қалтама салып алдым. Кейін оның денесін ауылдың шетіндегі қамыстың ішіне тастам кеттім. Кінәмді толық мойындаймын", - дейді күдікті.
Сондай-ақ, айыпталушы тарап марқұмның туысқандарына қаржылай көмек ретінде 2 млн теңге берген. Алғашқы сот отырысында азаматшаның анасы қызының артында қалған немерелерін бағып-қағу үшін күдіктінің жақындарынан материалдық көмек алғандығын ашық айтты.
Сонымен қатар, марқұмның анасы қандықол қылмыскерге қатаң жаза беруді талап етті.
Еске салайық, қаңтар айында Түркістан қаласында 24 жастағы келіншекті таксист айуандықпен өлтірді деген ақпарат бүкіл елді дүр сілкіндірген еді.
Қаза тапқан азаматшаның денесі екі аптадан кейін ауылдың шетіндегі қамыстың ішінен табылған.
Алғашқыда марқұм келіншектің ұялы телефоны күдіктінің өзінен табылса да кінәсін мойындамаған болатын.