Құдайды алдай алмаймын...
Архивтерімді аударып-төңкеріп отырып, баспасөзде жарияланбаған бір жазбама көзім түсті. Газетке неге бермегенмін? – деп әрі қарай оқи түстім.
Сөйтсем оның мәнісі былай екен. Үйге хат-хабар әкелетін почтальон қыз, әлгі «Қырсық» шалға бүгін де бардым, пенсиясын алмайды, өзің ала бер, қарағым, дейді. Және «Алдым» деп қол қойып, күнәһар бола алмаймын деп те ескертеді. Сосын да мен қалай алам? Оның арты дау-дамай емес пе? деп абыржып тұрды да, ол кісінің аты- жөнін оқып берді.
Қарияның есімі – Күншәлиев Құмар екен. Ау-у, мынау Алтыбай Құмаровтың әкесі емес пе? – деп таңданыс білдірдім.
Білмедім, өзіңіз анықтаңызшы, – деп почтальон өз жөніне кете барады...
Құмар қарияны бұрыннан да есітуім бар-ды. Желқомды қайықпен теңізде жүзіп жүріп балық қабылдаушы еді. Және өз ісінің шебері дейтұғын.
Жаздың күні жадырап тұр. Кешкі көлеңке. Жастыққа жантайып, қызыл күрең шайды терлеп-тепшіп ішіп отыр екен. Сәлемімді алып болып:
– Ә-ә, тілші жігіт, төрлет, бұйымыңды айта бер, – деді. Осылай да осылай деп шаруаның жайын білдірдім. Құмарекең күлімсіреді де:
–Әй, шырақ, өзің айтшы Жаратқан иені алдауға бола ма? – деп өзіме сауал салды. Не дерімді білмей қысылып қалдым. Атеист кезіміз ғой. Әрі аудандық халықтық тұрмыс қажетін өтеу комбинатында аудандық партия комитетінің бюросы бекіткен насихатшы болатынмын.
– Түсінем, түсінем, – деді қария байсалды қалпына көшіп, – сол зейнетақыны алмағаныма биыл 24-ші жыл. Енді ал десе де алмаймын. Өйтіп Жаратқан жалғыз иені алдай алмаймын!
– Неге олай дейсіз, аға! – Өз семьямнан Қали мен Алтыбай және күйеу балам Сұлтан (Әлмаханов) кешегі 1941-1945 жылдардағы қанды майданға аттанды. Сол үшеуі елге тірі оралса, зейнетақымды алмаймын деп Жаратқан иеге жалбарынып ант еткенмін. Үшеуі де есен-сау келді. Әні, мұның мәнісі солай. Ал сіз, тілші шырақ, мұны газетке жазбай-ақ қой! Сірә, қарияның ойында «Өзіңе зиян, абырой әпермес» деген жанашырлық тұрды-ау, деймін. Бірақ онысын ашық білдірмеді. Сосын да архивімде сарғайып жатып қалған ғой.
Енді мұны қай актіге сыйғызамын...
1994 жылдың көктем айы болатын-ды. Әйтсе де, ауа райы көңілге қонбай, арқаның желі ұйытқи соғып, шеге топырақты боратып тұр. Көз аштырмайды. Сәуір айы бас- таларда тіпті күшейді. Сол тұста темір жол бойынан айқай шықты. Кеше кешкілік түсірілген бес вагон ұнтақ көмір мен қапталмай бос келген екі вагон жемнің орны тып-типыл болған.
– Қайда кетті, әлгіде келгенімде түп-түгел тұғын, – деп Сағымбай завхоз айқай салып, жүкті түсірген екі жігітке:
– Кәне, табыңдар, әйтпесе полиция шақырамын деп тап-тап береді. Олар болса:
– Ағажан-ау, өзіміз де соған таңбыз, әлгіде соққан алапат құйыннан қорқып жол қараушының күркесіне тығылдық емес пе? Сірә, сол алапат құйын «Көтеріп» әкетті білем, деп дірдек қағады.
– Не дейді?! Құйын көтеріп әкеттісі несі? Актіге солай деп жазамын ба?! АКТ жасалады. Куәлер қол қояды. Бірақ бухгалтерия:
– Негіздеме әкел, – деп актіні қабылдамайды.
– Мына куәгерлер ше, – деп Сағымбай шырылдайды.
– Жо-қ, дейді бухгалтерлер, – бұған ғылыми негіздеме керек. Әйтпесе, соншама дүниені қалай списание жасаймыз! Завхозда тыным болмайды. Елбасының қолдауымен 1992 жылдың 30 маусымында «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен адамдарды әлеуметтік қорғау туралы» заңның көшірмесін әкеліп беріп, кінәлі – экология екен, дейді. Сағымбай «УҺ» деп бір демалады. – Жо-қ, дейді актіні оқыған олар, -мұнда «Алапат құйында» зым-зия жоғалған мүлікті списаниеге шығар деген бір ауыз сөз жоқ, – деп актіні тағы кейін қайырады.
Абырой болғанда, осы таңғаларлық оқиғадан бір апта өткенде, сол тұста Аралдың тұзды тозаңын атмосферада қалқып жүріп жер-жерге шашатын алапат құйынның биіктігі 400 шақырымдай, ені-200 шақырымдай болғанын әуелі Өзбекстанның ғалымдары радиодан берді. Олардан кейін Американың фермерлері: – Аралдың тұзды тозаңы біздің плантацияларымызды күйдіруде, – деп бүкіл әлемге жайды.
Осы хабарлардың ізін ала республикалық «Халық кеңесі» газетінде (1994 жылдың 13 сәуірі) «Алапат құйын» тақырыбымен мақала жарияланып, осылардың негізінде Сағымбай завхоздың актісі де расталып, Арал өңірінің шын мәнінде-экологиялық қасірет аймағы екеніне бұрын күмәнданып келгендер де мойындаған-ды.
***
Қазір шүкір ғой! Жаратқан ие енді ондай пәледен сақтай көр!
Шахир ЖҰППАМБЕТ,
Арал қаласы