Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Астанада салынып жатқан коттедж опырылып, жұмысшыларды басып қалған

Астанада салынып жатқан коттедж опырылып, жұмысшыларды басып қалған

Астанада құрылыс алаңында болған жантүршігерлік оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Елорданың қақ ортасында салынып жатқан коттедж опырылып, жұмысшыларды басып қалған еді. Бетон мен темір конструкцияның астында қалғандарды құтқарушылар әрең алып шықты. Құдай сақтап барлығы аман. Бірақ, жарақаттары ауыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпараттық агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

Оқыс оқиға кезінде құрылыс алаңында жүрген 25-тей жұмысшы жабылып жүріп, бірінші және екінші қабаттың арасына бетон құйыпты. Бірақ, темір конструкциялар ауырды көтере алмай, опырылып құлаған.
«Қатты дыбыс шықты. Біз камаздың артындағы прицеп сілкінді ма деп шықсақ,темірлер құлапты. Сөйтсе, құлаған жерде бір адам темірді ұстап тұр екен. Қорыққаннан үстіндегі адам арқан тастады. Бірақ, астындағының қолына бетон түсіп кетті», – дейді Ерасыл Тұрысбек, куәгер.
Оқиға орына дереу жеткен құтқарушылар үйіндінің астында қалғандарды бірнеше сағат дегенде зорға алып шықты. Сөйтсе, бетон мен арматура 3 адамды басып қалыпты. Олар 48 және 35 жаста, ал ең кішісі небары 18-де екен. Аяқ-қолдары бірнеше жерінен сынған. Бір ажалдан аман қалғандардың қазір беті бері қарап келеді.
«Қазіргі таңда зардап шеккендердің жағдайы орташа тұрақты деп бағалануда. Әрқайсысы медициналық көмекпен толық қамтамасыз етілді. Үшеуі ауруананың бейімді орталығына жатқызылды», – дейд» Әйгерім Ардақ, Астана қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы.
Куәгерлердің сөзінше, еліміздің бірнеше аймағынан жиналған жұмысшылар бір дөкейге жалданып соның коттеджін салып жатыпты. Енді қауіпсіздік пен құрылыс талаптарын сақтамағаны үшін осы үйдің қожайыны шатылуы мүмкін. Оның үстіне үй тұрғызуға рұқсат ететін құжаттары да болмай шығыпты.
«Тергеу амалдары басталды. ҚРҚК-нің 156 бабы яғни «Еңбекті қорғау ережелерін бұзу» фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Қанша адам құрылыста еңбек етті? Және қандай жағдайда еңбек еткені сотқа дейінгі тергеуде белгілі болады.
Сондықтан тергеу аяқталғанша, құрылыс жұмыстары уақытша тоқтатылған. Ал, құдай сақтап үйінді астынан тірі шыққандар сотқа жүгінгеннің өзінде ешқандай өтемақы ала алмасы анық. Өйткені, қолдарында еңбек келісім-шарты жоқ. Ал, коттедж қожайыны олардың ем-домына ақша шығындай ма жоқ па бұл жағы да белгісіз», – дейді Софья Қылышбекова, Астана қалалық ІІД баспасөз хатшысы.
Stan.kz
03 тамыз 2018 ж. 1 173 0