Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ресейден жеткен дабыл

Ресейден жеткен дабыл

Бұл оқиғаның сәтті аяқталғанын тек қазіргі байланыс технологиясының озықтығы арқасында болды деп батыл айта аламыз. Егер ол болмаса білдей бір азамат ажал құшуы әбден мүмкін еді.

Солтүстік Қазақстан облысында бір аптаның ішінде жұқа болса да үзіліссіз жауған қар желдің үйіруімен кейбір жазық өңірлерде жолдарды да жауып үлгерді. Уәлиханов ауданында да сондай жағдай туған. 22 қарашада түнгі мезгілде осы ауданның Ақбұлақ ауылын­а жақын маңда 1981 жылы туған Ресей азаматы «Шевроле Круз» жеңіл көлігімен келе жатады. Оның көздегені Ақмола облысының Ақсу ауылы екен. Сондағы бір туысының жер­леуіне асыққан жігіт тура жолдармен жетуге тырысады. Ол қалың қар басқан жолда адасып, тұрып қалады. Дәл осы жерде ешқандай байланыс желісі де жоқ екен. Түн болса суытып барады, өтіп жатқан көлік жоқ, аңыраған айдала. Алайда жігіт жүріп келе жатқанда Вол­го­градта жатқан жұбайына ха­барласып, жолдан адасып келе жатқанын, қайда барып тоқ­тарын білмейтінін айтып үл­геріпті. Әйелі болса Ресей Фе­дерациясының ТЖМ өңірлік басқармасына жедел хабарласады. Ондағылар қазақстандық әріптестерінің деректерін бе­ріп, байланысуға көмек­те­седі. Со­дан Уә­ли­ха­нов ауда­нының ор­талығы Кіш­кенекөл ауылын­да іздес­­тіру-құтқару жұ­мыс­­та­рының жедел штабы құ­ры­лады. Оның құрамына Тө­тен­ше жағдайлар бөлімінің, Уәлиханов ауданының полиция қызметінің және жергілікті Ақбұлақ және Телжан ауылдық округтерінің өкілдері енеді.

«Іздестіру жұмыстары бар­лық 5 бағыт бойынша жү­зеге асырылды, себебі сол жерде бірнеше ауыл жолдары бар еді. Түн түнегін тү­ріп, бір-біріне қарсы 7 кө­лік экипажымен 11 адам қозғал­­ды. Нәтижесінде, 100-ден астам шақырым жүрген құт­қарушылар 4 сағаттан кейін ғана зардап шегушіні тап­ты. Тісі-тісіне тимей, діріл­деп тоңған оны жылы машинаға отырғызып, көлігін сүйреп Кіш­­ке­некөлге жет­кіз­дік», дей­­ді ТЖ бөлі­мінің бас­ты­ғы Бауыр­­жан Рахым­жанов.

40 жастағы азамат өзін құт­қаруға келгендердің бәріне алғысын жаудырып, сапарын қауіпсіз жолмен жалғастырды. Әйелі де Волгоградтан телефон соғып, облыстық ТЖД басшылығы мен мамандарына жүргізілген құтқару операциясы үшін алғыс айтты. Азаматын аман құтқарғаны үшін ол үш жас баласы мен түні бойы баласын күткен қайын енесінің атынан да алғыс жеткізді. Сөйтіп бір адам ажалдан аман қалды. Ал Солтүстік Қазақстан об­лыстық ТЖД биылғы қыста алғашқы адамды құтқарды. Ал былтырғы мау­сымда олар 639 адамды құт­қарған. Оның үшеуі жас бала.

egemen.kz
25 қараша 2021 ж. 6 551 0