Сәті түскен ем
Тұла бойын жара басқан бір адам төсек тартып жатып қалады. Әйелі қатты шошиды да, талай адамды емдеп, өлімнен құтқарған Лұқпан хакімді іздеп табады. Еңірегенде етегі жасқа толып отырып, жай-жапсарын айтады.
Әйелге жаны ашыған Лұқпан хакім жолдың алыстығына қарамай әйелге еріп, оның үйіне келеді. Аурудың тамырын ұстап байқаса, оның үш күндік өмірі қалыпты.
Сөйтсе де:
– Ә, жігітім, сен көп кешікпей бұл аурудан айығады екенсің. Саған ешқандай емнің керегі жоқ, – деп, сыртқа шығады.
Ілесе шыққан әйелге:
– Күйеуің үш күннен соң өледі. Ауруы асқынып кетіпті, туған-туыстарын шақырып, дайындала бер, – деп, аттанып кетеді.
Әйел күйеуіне білдірмей, жылап-сықтап дайындала береді.
Сырқат адам орнынан қозғала алмастай халде жатқанмен, Лұқпан хакімнің «Көп кешікпей жазыласың» деген сөзіне қуанады. Қиялы шартарапқа шалқиды. Осы кезде іргеден тілін жалаңдатып ирелеңдеп кіріп келе жатқан жуан қара ала шұбар жыланға көзі түседі. Қозғалайын десе шама жоқ. «Ә, менің ажалым жеткен екен» деп ойлайды. Жылан болса бұған бұрылмай, ирелеңдеген күйі барып, ірге жақтағы өрешенің (сол кездегі арнайы ас сақтайтын орын) ішіндегі тегешке құйылған сүтке бас қояды. Керегенің көгін бойлай өсіп тұрған бір түп изен жыланның салмағымен майысып, ұшы сүтке батырылады. Бір кезде жылан басын көтеріп сәл тұрады да, ішкен сүтін сол ыдысқа қайта құсып жібереді. Бір-екі құсқан соң келген ізімен иіріліп шығып кетеді. Жыланға еш қайрат қыла алмаған жігіт қатты қорланады. «Бүйтіп өмір сүргенше өлгенім жақсы» деп, әрең дегенде аунап, өрешенің ішіндегі жылан ішкен сүтке жетеді. Жылан құсқан табақтағы сүтті сіміріп салады да, ажалын күтеді. Бірақ уланып, есінен танар түрі көрінбейді.
Маужырап жатып, ұйықтап кетеді. Осы кезде үйге кірген әйелі өрешенің жанында серейіп жатқан күйеуін көріп, өліп қалған екен деп шошып кетеді. Көз жасын көлдетіп келіп, қасына таянғанда ғана күйеуінің ақырын тыныс алып, ұйықтап жатқанын сезеді.
Сырқат оянған кезде әйеліне:
– Сен мына тегештегі сүтті маған ғана бересің. Кеше Лұқпан хакім «жігітім, сен көп кешікпей айығасың» деген. Ол адамның айтқаны келді. Мен енді жазыламын дейді. Әйелі жылайды. Сырқат оны қуаныштан жылап отыр деп ойлайды. Сөйтіп сырқаттың жаралары күн өткен сайын қара қотырлана келе біраз күннен кейін мүлдем жазылып кетеді.
Содан соң әйелін ертіп, алғыс айтуға Лұқпан хакімді іздеп барады.
– Ал енді мен барып кеткеннен кейін не ішіп, не жегеніңді түгел айт, – дейді Лұқпан хакім.
Жігіт болған оқиғаны бастан аяқ айтып береді.
– Сіздің тамырыңызды ұстағанда, өзіңізге көп кешікпей жазылып кетесің деп, көңіліңізді аулағаныммен, зайыбыңызға үш-ақ күндік өміріңіз қалғанын жасырмай айтып кеткенмін, – дейді Лұқпан Хәкім. Жігіттің зайыбы растап, басын изейді.
– Ал енді сіздің жазылуыңыз үшін екі жыл қысыр қалған көк ту сиырдың сүті, үш жылдық ту жыланның уы мен өлген кісінің жамбас сүйегіне өсіп шыққан шөп керек еді. Оларды үш күнде іздеп табу оңай ма?
Сізге құдай сәтін түсірген екен. Жыланның салмағымен сүтке батырылған шөп, өлген кісінің жамбас сүйегінен өскен шөп. Осы үш ем бір жерден шығып отырғандықтан сіз жазылдыңыз, – деп түсіндіреді Лұқпан Хәкім.
Жігіт үйіне келіп, жылан сүт ішкен тұсты қазғанда, сол жерден өлген адамның жамбас сүйегі табылыпты…
(Лұқпан хакім аңызынан)