Лұқпан хакім өсиеттері
Лұқпан өзінің баласына амалының тек Алла тағала мен өз ұжданының ризалығы үшін болуды, тәкаппар адамдарды мадақтамауды және мін тағушылардың сөздеріне құлақ аспауды насихаттапты. Ұлына жастайынан иллаһи тәрбие беруде барлық қажыр-қайратын жұмсаған дейді. Баласы әкесінен осы ақыл-кеңеске сәйкес амал еткен адамды көргісі келетінін айтады.
Лұқпан хакім: «Сапарға дайындал, аттарды да дайында. Сапар бойында осы сұрағыңның сырын ашамын», — дейді. Перзенті әкесін тыңдап, сапарға жиналып, аттарды дайындайды. Лұқпан атқа мініп, баласына артынан еріп отыруды бұйырады. Олар далада жер жыртып жүрген адамдардың қасынан өтеді. Адамдар әкесі мен баласын көріп, наразылық білдіріп: «Мынау қандай рақымсыз және тасжүрек адам!… Өзі атқа мініп, кішкентай баласын жаяу жүргізіп қойыпты», — деседі. Сол кезде Лұқпан баласын атқа мінгізіп, өзі ұлының соңынан жаяу еріп отырады. Сөйтіп алдарынан тағы басқа адамдар кездеседі. Бұл жолы адамдар: «Перзентін дұрыс тәрбиелемеген мына надан әкені қараңдар… Міне, енді жас, күш-қуатты баласы өзі атқа мініп алып, қарт әкесін салпаңдатып, жаяу жүргізіп қойыпты», — деп наразылық білдірді. Мұны естіп, Лұқпан да баласымен атқа мінгесіп, жолдарын жалғастырып, келесі топқа жетеді. Олар атқа мінген екеуін көріп: «Қандай рақымсыз адамдар… Екеуі бірдей әлсіз хайуанға мінгендері аздай, жүктерін де артып қойыпты», — дейді. Осыдан кейін Лұқпан мен ұлы аттан түсіп, сапарларын жалғастырып, басқа бір ауылға жетеді. Ауыл тұрғындары оларды көріп, таңғалып: «Мына қарт пен жас екеуінің аттары бола тұрып, жаяу жүріп, жолдың қиындықтарына төзіп келеді. Бұлар хайуанды жандарынан артық жақсы көреді екен», — деседі. Әкесі мен баласының сапары осы жерге жеткен кезде, Лұқпан перзентіне: «Мен айтқан кеңестің көрінісі осы. Ақылды адам халықтың ризашылығына ие болудың орнына, ең әуелі Алла тағала мен ұжданының ризалығына ие болып, өз мақсаттарына жетуге талпынуы керек» дейді.
***
«Осынша әдептілікті қайдан үйрендің?» дегенде «әдепсіздерден үйрендім. Олардың өзін-өзі ұстауына қарап, қайсысы көңіліме жақпаса, сол әдеттен бездім» депті Лұқпан хакім.
Лұқпан хакім өзінің ұлына: «Адамның үштен бірі Алланікі, ол – рухы. Үштен бірі өзінікі, ол – амалы. Үштен бірі құрт-құмырсқанікі, ол – денесі» деп өсиет қалдырыпты. Сол сияқты, адам баласы төрт рет тоналады екен. Өлім періштесі – жанын тартып алады. Артында қалғандар – мал-мүлкін бөлісіп алады. Қабірде қалған денесін – құрт-құмырсқа жеп тонайды. Қиямет күні зияны тиген даугерлері – жақсылық амалдарын тонайды.
Лұқпан хакім баласына «Ұлым! Сенің ең әуелі қорғайтын нәрсең – нәпсің. Себебі, әрбір нәфстің тартылатын бір нәрсесі бар. Егер, нәпсіге бір рет ерік берсең, екіншісін талап етеді. Сіріңке шиінің астында лаулаған жалындай, нәпсі қалаулары жүрек ішінде жасырынған. Шақырып алсаң, лаулаған оттай өршиді. Ол нәпсіңе ермесең, бәрі жасырын қалады деген...» деп насихат айтыпты.
Тағы бір деректе былай дейді: Лұқпан хакім сөйлегенде даналықпен сөйлейтін, ой жүгірткенде де солай, іс-қимылды да даналықпен орындайтын. Мәселен, бір күні оның қожайыны оған мына қойды бауызда деді. Ол бауыздап болған кезде, қожайыны: «Қойдың ең жақсы деген екі кесек етін кесіп ал», – деді. Лұқпан хакім қойдың тілі мен жүрегін кесіп алды. Кейін қожайыны: «Енді ең жаман екі жерін кесіп ал», – деді. Лұқпан тағы да тілі мен жүрегін ұсынды. Осы кезде қожайын Лұқпанға қарап: «Ең жақсы жері дегенімде тілі мен жүрегін кесіп алдың, ең жаман жері дегенімде де тілі мен жүрегін кестің?!»– деді. Сонда Лұқпан хакім былай деп жауап берді: «Егер осы екеуі адал болса бұлардан жақсы жер жоқ, ал егер бұл екеуі бұзылса бұлардан жаманы жоқ».
Лұқпан хакім өз өсиетінде былай деген мысал келтірген дейді: Бір күні хал үстінде жатқан бір кісі екі қызын шақырып алып былай дейді. Бір қызына үлкен тас әкел, екіншісіне дәл сол үлкен тастың салмағындай майда тастарды жинап алып кел дейді. Екі қызы әкелерінің айтқанын орындап келеді. Келген қыздарына әкесі: енді тастарыңды алған орындарыңа қайта апарыңдар дейді. Үлкен тасты әкелген қызы орнына қояды. Дегенмен екінші қызы майда тастарды әр жерден теріп алғандығы себепті, орындарын ұмытып қалғандығын айтады. Сол кезде әкесі кіші күнәлар осы майда тастар секілді естен шығып қалады. Сол себепті кіші күнәлардан сақ болыңдар деген екен.
Тағы бір күні бір адам Лұқпан хакімді сөзін мұқият тыңдап отырған адамдардың ортасынан көреді. Сырттан қарап тұрған кісі Лұқпанға қарап: сен бұрын менімен қой баққан адам емессің бе деп сұрады. Лұқпан: иә, ол менмін деп жауап берді. Сен мына дәрежеге қалай жеттің деп сұрағанда, Лұқпан хакім: шыншылдық әрі маған қатысы болмаған нәрсеге араласпау арқылы деп жауап берді.
Хазіреті Лұқпанға замандастарының бірі: «Пайғамбарлардан үйренген іліміңізді қорытындылап, нәпсі тәрбиесі жөнінде бізге қысқаша түсіндіріп беріңізші?» деп өтініш жасапты. Лұқпан хакім: «Екі дүниеде де пайдасы тиетін бір сөз айтайын. Өткендердің және кейінгілердің ілімдерін дұрыс түсініп, оларды пайдаға асыру үшін сегіз нәрсеге мән беру керек. Олар: төрт уақытта төрт нәрсені қорғау, екі нәрсені ұмытпау, екі нәрсені мүлде жадынан шығару.
Қорғайтын нәрселер:
1. Намазда ықыласты.
2. Халық арасында тілді.
3. Жеп-ішуде ауызды.
4. Біреудің үйіне барғанда көзді.
Ұмытпайтын екі нәрсе:
1. Аллаһтың ұлылығы.
2. Өлімнің бары.
Ұмытатын екі нәрсе:
1. Біреуге істеген жақсылығың.
2. Басқаның өзіңе істеген жамандығы.
Адамдардың істеген жақсылықтарын ұмытпау, менменсіп кетуден сақтап, жақсылық істеуге құлшынысты арттырады. Өзіңе істелген жамандықты ұмытпау, кектену және өш алу сезімдерін оятады. Міне, осылар пайғамбарлар ілімдерінен қорытындылағаным» деп жауап берген екен.
Алла тағала баршамызға даналық пен хикметті дұрыс ұғынып, амал жасауға нәсіп етсін!
Дайындаған К.Махсұт