Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қабыл болған қажылық

Қабыл болған қажылық

Ертеде бір кісі қажылыққа барсам деп армандап, дүние, мал-мүлкін жинап жүріпті. Содан бір күндері кішкентай баласы үйіне жылап келіпті. Әкесі одан кім тиіскенін, не үшін жылап келгенінің себебін сұрапты. Сонда баласы тұрып, "Көрші үйдің балаларымен бірге ойнап жүр едім. Сол балалардың анасы балаларын үйіне тамақ жеуге шақырды. Менің де қарным ашқасын солармен бірге еріп барып едім, шешесі маған тамақ бермей қуып жіберді" дейді. Әкесі бұған қатты ашуланып, дереу әлгі әйелдің үйіне барып, "Сен неге менің баламды жылатып, тамақ бермей қуып жібердің, періштенің не жазығы бар еді?" деп сұрайды. Сол кезде әлгі әйел:
"Кешіріңіз мырза, мен өзім жесірмін, отағасым әлдеқашан қайтыс боп кеткен. Сол балаларымды қайтіп жеткіземін деп өзім күнделікті әркімнің жұмысын істеп, жалданып тапқан табысымды осы үш баламның аузына тосып нәпәқа қыламын. Бүгін қаланы қанша араласам да жұмыс табылмады. Амалым таусылғасын жолда келе жатып сайдың ішінде арам өліп жатқан есекті көріп, балаларымды аштан өлтірмеу үшін сол өлген есектің етін кесіп алып, балаларыма пісіріп бердім. Сіздің балаңыз сол арам астың етін жемесін" деп қайтарып жіберген едім. Сол үшін кешірім сұраймын сізден" дегенде әлгі адам қатты ұялғаннан бетін басып, кері қайтып кетеді. Жолда қатты толқып, көңілі босап, терең ойға кетеді.
"Қой, менің көршім аш отырғанда қажылыққа барам деп мал дүние жинағаным болмас" деп, үйіне келген бойдан сол қажылыққа бару үшін жинаған бар малын сол елдегі бүкіл жетім жесір, кәріп-мүгедек міскіндерге таратып беріпті. Халықтың ыстық ықыласына бөленіп, көпшіліктің алғысын алады. Өзінің жүргізіп отырған кәсібі де ілгері басып, дөңгеленіп жүре береді.
Сол оқиғадан кейін арада көп уақыт өтпей бір күндері әлгі кісі кіре тартып, жолға шығады. Жолда келе жатса сонау көз ұшынан бір топ жолаушы келе жатады. Жақындай келе бір-бірімен сәлемдесіп, жөн сұрасады. Әлгі кісілер бұған таңғала қарап:
"Сіз бізден бұрын елге қалай жеттіңіз? Біз Меккеде қажылық рәсімін өтеп жүргенде біз сізді көріп едік" деп сауал қояды.
Бұл кісі де таңғалып, "Өзінің ешқайда бармағанын, көптен бері алыс сапарға шықпағанын айтып ақталады. Алайда бұған ол кісілер сенбей күмандана қарап, бастарын шайқап кете барады.
Кейін ауылға келгесін әлгі болған оқиғаны түгел баяндап бір үлкен әулие кісіге барады. Сонда әлгі әулие кісі аз-кем ойланып отырып:
"Сен шын ниетіңмен қажылыққа барам деп дайындалып дүние жинадың. Сөйтіп жүргенде Алла саған сынақ беріп, жетім жесірлерге бар малыңды таратып бердің. Сол ниетің үшін Алла Тағала саған бір емес, жүз рет қажылық жасағанның сауабын берген екен депті.
Әлеуметтік желі көздерінен.
10 мамыр 2020 ж. 1 070 0