Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Үнемі біртүрлі түс көрген БҚО тұрғыны үйінің астынан адам қаңқаларын тауып алды

Үнемі біртүрлі түс көрген БҚО тұрғыны үйінің астынан адам қаңқаларын тауып алды

Батыс Қазақстан облысындағы Приуральное аулында тұрғын үйлердің бірінің астынан адамның қаңқасы табылды. Үй иелерінің сөзінше, осыған дейін түрлі тылсым жағдай болған екен. Ал үйдің астын қазуына бір түсті бірнеше рет көруі себеп болған.Зейнеткер Мария Сутееваның өз үйінде өткен ғасырдың 80-жылдарынан бері тұрып келеді. Таяуда ұлы үйдің астынан адам сүйектерін тауып алған.
«Бірнеше жыл бұрын үйге су тарттық. Бульдозер шұңқыр қазып, нәтижесінде фундаменттің астындағы жер опырылып қалды. Мұнан кейін үйдің дәл сол жері шөгіп, фундамент жарыла бастады», – дейді Әлжан Сутеев.
Ер адамның сөзінше, біраз уақыттан кейін үйдің фундаменті отырып қалған тұсымен байланысты түстер мазалайтын болған. Сондықтан үйдің сол тұсы орналасқан жерді қаза бастапты. Нәтижесінде адам сыярлықтай үлкен шұңқыр пайда болыпты. Анықталғандай, үйдің астында бөлме тәрізді бірдеңе болған. Ол жерде адам сүйектері шашылып жатыр. Артынша үй иелері бұл туралы учаскелік инспекторға хабарлапты.
Белгілі болғандай, табылған қаңқалардың бас сүйектері сараптамадан өткізілуі үшін Оралға жіберілген.
«Олар бұл жерде бұрын жерленген болуы мүмкін. Кімнің қаңқасы екенін  анықтау қиын. Оралдағы сот-медициналық сараптамаға жүгіндік. Сонымен қатар облыстық Археология орталығының мамандарын шақырдық», – дейді АІІБ басшысы Дәурен Өтеғұлов.
30 қазан күні адам қаңқасы табылған үйге профессор, тарих ғылымдарының докторы Мұрат Сыдықов келген.
«Қаңқа адамдікі. Бей-берекет шашылып жатыр. Үй астындағы бөлме кең. Тоннель сияқты. Алайда оны қазу қауіпті. Жер опырылып, басып қалуы мүмкін. Әзірге кім жерленгенін айту қиын. Оған 100 немесе одан да көп жыл болған болар. Бұл сараптамадан кейін белгілі болады», – дейді археолог.
Зейнеткердің сөзінше, бұрынғы иелері үйді 1950 жылдардың соңында салған. Оған дейін бұл жерде не болғаны белгісіз.
«Бұл үйде тұрып жатқаныма қаншама жыл болды. Қаншама жыл мазасызданып жүрдім. Біресе терезенің алдында тұрған гүлдер өзінен-өзі ырғалады, біресе түнде әлдекім буындырады. Ал бөлмелердің бұрыштары үнемі жарылып кетеді. Ақтап қоямын, біраздан кейін қайтадан жарық пайда болады. Енді адам қаңқасы табылғаннан кейін, қалай ұйықтайтынымды да білмеймін», – дейді кейуана.
Stan.kz
02 қараша 2018 ж. 2 087 0