Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Түстің мағынасы: қандай түстерді елемеуге болмайды

Түстің мағынасы: қандай түстерді елемеуге болмайды

Құрметті оқырмандар Stan.kz ақпараттық агенттігі адамдардың көпшілігі жиі көретін, бірақ елемеуге болмайтын түстердің мағынасы жайлы мәлімет ұсынады.Адамзат өмір бойы ұйқы кезінде көретін түстің құпияларын ашуға тырысып келеді. Қазір тіпті онейрология деп аталатын түсті зерттейтін арнайы ғылым да бар. Ал эзотерикалық ғылымды таңдаған адамдар өз түстерін әртүрлі түс жору кітаптарына сәйкес жоруға тырысады және олар болашақты болжайды деп сенеді. Бірақ, психологтар түс біздің қазіргі күйіміздің нақты көрінісі деп пайымдайды және бұл біз үшін өте маңызды нәрсені жеткізуге мүмкіндік береді. Негізінде барлық адамдар үшін ортақ түс болады. Олар әрқайсымыздың түсімізге кірген.
Бұл түстер біздің бұрынғы түйсігіміздің әсерінен, ата-бабаларымыздың тәжірибесінен және жеке тәжірибемізден туындайды. Түсті зерттеуші белгілі маман, психолог Патриция Гарфилл оларды «әмбебап түс» деп атайды. «Әр адам қуырдақты әр түрлі етіп жасайды, бірақ бәрі оны еттен әзірлейді. Түс те дәл сол сияқты. Әркім әртүрлі түс көреді, бірақ олар ортақ сюжеттерге негізделген. Олар адамзаттың өзі сияқты ежелгі», дейді.
1. Түсіңізде бір нәрседен құлап бара жатсаңыз
Есейген шағымызда бізге ұшып жүргенімізден гөрі, құлап бара жатқанымыз әлдеқайда көп кіреді. Психолог Иэн Уоллестің айтуы бойынша, түсінде құлау бақылауды жоғалту қорқынышын білдіреді. Мысалы, сіз өз өміріңізде бір нәрсені бақылай алмайсыз, мүмкін өміріңізде сіз дайын емес өзгерістер орын алды және аяқтың астынан жерді жұлып алған сияқты болады. Сол кезде өміріңізде қандай күйзеліске ұшырағаныңызды немесе қай өмір саласында өзіңізді осал сезінетініңізді (жұмыс, қарым-қатынас, қаржы, денсаулық және т.б.) сезінесіз және оны қалай түзеу керек екенін ойлаңыз.
Ал кейбір ғалымдар түсте бір нәрседен құлап бара жатуды қарапайым физиология деп түсіндіреді. Дене ұйқыға кетіп, жүйке жүйесі тыныштала бастағанда, қан қысымы мен жүрек соғу жылдамдығы төмендейді және біздің ұйықтап жатқан миымыздағы бұл физиологиялық ауысым өлімнің келе жатқанын қауіп ретінде қабылдап, содан адам бірден ұйқыдан шошып оянып кетуі мүмкін. Бұл түстің қарсы нұсқасы – ұшу. Ол ауыр жүктен босау, еркіндік сезімін білдіреді.
2. Түсіңізде тісіңіз түссе және мертігіп қалсаңыз немесе өлім көрсеңіз
Санадан тыс түсінік бойынша тіс – ең алдымен, біздің қаруымыз, күштің белгісі, әлемнің бір бөлігін «тістеп алу» мүмкіндігі. Бәлкім, сіз өңіңізде өзіңізді дәрменсіз, қорғансыз сезінген шығарсыз. Сондықтан осындай түстер кіреді.
Ал Патриция Гарфилд түсте тістің түсуін жасырын жатқан ашу-ызамен байланыстырады. Мысалы, біз ашуға кедергі жасаған кезде жағымызды қысамыз. Ал бұдан тісіміз шықырлап, қайралуы мүмкін. Мұндай түстер сізді жағымсыз сезімдерден құтылатын уақыт келгенін ескертуі мүмкін.
Сондай-ақ, біз отбасының бір мүшесінің жарақаттанып қалғанын, сыртқаттанғанын немесе қайтыс болғанын жиі түсімізде көріп жатамыз. Мұндай түстер үрей тудырады, бірақ психология тұрғысынан бәрі сіз ойлағандай жаман емес. Бұл біз үшін қымбат адамдардың өмірінде орын алатын өзгерістер, жай ғана болашаққа деген қорқыныш. Егер, түсіңізде өзіңіздің өліміңізді көрсеңіз, демек, сіздің кейбір бөлігіңіз жаңа естеліктерге орын беру үшін өткенге кету керек. Ал дүниеге келу және аурудан сауығу туралы кері түстер әдетте, жаңа нәрселердің басталатыны туралы белгі береді. Ондай түс жұмыс немесе жоба, қандай да бір жаңа тәжірибені бейнелейді.
3. Түсіңізде экзамен тапсыра алмай қалсаңыз немесе көпшілік алдында сөйлей алмасаңыз
Мысалы, сіз түсіңізде экзамен билетін алып, кенеттен білгеніңіздің бәрін ұмытып қалғаныңызды түсінесіз немесе үлкен аудитория алдында тұрып, бір ауыз сөз айта алмай қаласыз делік. Мұндай түстер тек оқушылар мен студенттерге ғана емес, сондай-ақ, оқуды баяғыда бітіріп кеткен адамдардың да түсіне кіруі мүмкін. Бұл сіз ұйқы алдында стрессті бастан кешірген кезде, бір нәрсе туралы қатты алаңдағаныңызда кіруі мүмкін. Бұл жағдайда үзіліс жасап, демалу керек.
4. Қолайсыз киіммен немесе киімсіз жүрсеңіз
Түсіңізге қоғамдық орындарда жайсыз киіммен немесе мүлде киімсіз жүргеніңіз кірсе, түсте сезінген сезімдерге назар аудару керек. Мұндай түстер көбінесе ұят және ұялу сезімімен үйлеседі. «Демек, сіз шын өмірде өзгелер сіздің әлсіз және кемшілік тұстарыңыз туралы біліп қояды деп қорқасыз, жаңа жұмыста немесе қарым-қатынаста өзіңізді осал сезінесіз», – дейді психолог Иэн Уоллес.
Бірақ, егер сіз түсіңізде ұялмай, керісінше өзіңізді мақтан тұтсаңыз, бұл керісінше мағына береді. Мүмкін, шын өмірде сізге өзіңізді мойындағаны, басқалардың сізге таңданғандары, көздеріне іліп, көргендері жетіспейтін шығар.
Егер сізге жақында бір маңызды оқиғаға бару керек болса және түсіңізде сол күнгі жиында өзіңіздің немесе танысыңыздың жайсыз киімде жүргенін көрсеңіз, бұл сіздің оқиға туралы күмәніңіз бар дегенді білдіреді. Мысалы, үйлену тойының қарсаңында қалыңдыққа күйеу жігітінің сайықмазақтың костюмінде жүргені кірсе.
5. Түсіңізде шабуыл жасалып, сізді бір нәрсе қуалап жүрсе
Біз өмірімізде кем дегенде бір рет болсын цунами, өрт, жарылыс секілді табиғи немесе техногенді апаттар туралы түс көреміз. Мұндай түстерде біз тек өз өміріміз үшін ғана емес, жақындарымыз, сондай-ақ жеке меншігіміз үшін де қорқыныш сезінеміз. Осындай түстер бақылаудан шығып кеткен жеке мәселелерді, сондай-ақ шын өмірде қандай да бір қауіпті сезінетініңізді білдіреді. Әрине, бұқаралық ақпарат құралдарының да  апаттар мен лаңкестік шабуылдар туралы жариялайтын хабарлары да оны ушықтырып жібереді. Қазіргі заманда біз өте дәрмесізбіз.
Кейде біз қорқынышты түсте бар күшімізбен айқайлауға тырыссақ та, дауысымызды жоғалтып алғанымызды сезінеміз. Психологтар бұл құбылысты ұйқы кезіндегі дәрменсіздіктен деп түсіндіреді. Себебі, жылдам ұйқы сатысында, яғни адамдар түс көретін кезде біздің миымыз ұйқы кезінде секіріп, жүгірмеу үшін денені әдейі сал қылып тастайды. Ал ұйқы кезінде дәрменсіздікті сезінген адамдар әдетте, жылдам фазаның соңына дейін оянып кетеді және қысқа уақыт ішінде түс пен өң арасындағы күйге түседі. Бұл кезде қозғалу, сөйлеу және кейбір жағдайларда дем алу мүмкін еместігі сезіледі.
7. Түсіңізде қандай да бір техника немесе көлік бұзылып қалса
Мысалы, түсіңізде сіз техниканың қандай да бір түрін қолдануға тырысып жатқанда, оның жұмыс істемей жатқанын немесе шұғыл түрде қоңырау шалу керек болған кезде телефоныңыздың істен шыққанын көресіз. Патриция Гарфиллдың айтуынша, мұндай түстер көбіне әйелдерге кіреді. Бұл қарым-қатынас жайлы сезімді немесе біреумен эмоционалды байланысты жоғалтуды бейнелейді.
Бұл санатқа сіздің көлік құралын жүргізуге тырысып жатқаныңыз, бірақ оның ақаулы болып шығатыны жайлы түстерді де жатқызуға болады. Мұндай түстер сізге қолдау жетіспейтінін, өміріңізде орын алған қиын өмірлік жағдайды шеше алмай жүргеніңізді көрсетеді.
8. Түсіңізде жүкті болсаңыз
Қаншалықты оғаш көрінгенімен, жүктілік туралы түстер тек әйелдерге ғана емес, ерлерге де кіруі мүмкін. Психолог Дэвид Бедриктің айтуынша, түсте жүкті болып жүру адамның ішкі дүниесінде жаңа бір нәрсенің туындайтынын бейнелейді. Яғни, сіз сезімге толы жаңа шығармашылық жоба ойлап табуды армандайсыз. Бұл роман жазу немесе үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу секілді кез-келген нәрсе болуы мүмкін. Сондықтан, алға мақсат қойып, өзіңізді әлемге жаңа мүмкіндіктермен таныстыратын уақыт келді.
Егер, сіз шын өмірде жүкті болмасаңыз, бірақ түсіңізде жүкті болып жүрсеңіз, оянбаған талант пен арман туралы ойланыңыз. Себебі, олар іске асырылуды қажет етеді.
9. Түсіңізде бір  жерге кешігіп қалсаңыз
Адамдарға түсінде пойызға кешігіп, артынан жүгіру немесе маңызды кездесуге кешігіп қалу секілді түстер жиі кіреді. Мамандардың айтуынша, олар өте маңызды нәрсені жоғалтып алудағы қорқынышты білдіреді. Мысалы, қарым-қатынасты дамытуда немесе баланы тәрбиелеуде.
10. Бейтаныс бөлмеде жүрсеңіз
Түсте жаңа ғимараттың ішінде жүру – өзін-өзі тануға қатысты түс. Егер, сіз түсіңізде бейтаныс үйге тап болсаңыз, бұл сіздің өзіңізді жақсы білмейтіндігіңізді, мінезіңіздің кейбір қырын жоққа шығаруға тырысатыныңызды білдіреді. Ал жеке бейтаныс бөлме сіздің бойыңызда жасырын талант немесе өзіңіз қолданбай жүрген дағды бар екенін көрсетеді.
Психотерапевт Эдди Траверстің пайымдауынша, кейбір үй-жайлар іштей бізге белгілі бір процестермен байланыстырылады. Мысалы, түсіңізге ас бөлме кірсе, өңіңізде қандай да бір ішкі өзгерісті бастан өткеруіңіз мүмкін. Ал дәретхана – барлық артық нәрседен құтылудың символы. Яғни, сізге қажетсіз нәрседен құтылудың уақыты келді. Жуынатын бөлме – тазару символы. Демек, сіз бір жағдайды нақты түсінікте түсінгіңіз келеді. Сондай-ақ, түсіңізге жатын бөлме кірсе, шын өмірде махаббат қатынастарында алаңдаушылық болуы мүмкін.
Stan.kz
28 қаңтар 2019 ж. 1 679 0