Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада полицейді 500 метрге сүйреген жүргізуші қамалды

Қызылордада полицейді 500 метрге сүйреген жүргізуші қамалды

8 тамыз күні Жаңақорған аудандық полиция бөлімінің патрульдік полиция тобының екі қызмет инспекторы қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында аймақ аралау барысында жол қозғалысы ережесін бұзған көлікті тоқтатқан.

Полиция қызметкерлері заң шеңберінде көлік жүргізушісіне автокөліктен түсуін және құжаттарын ұсынуын сұраған уақытта жүргізуші олардың заңды талабына бағынбай, оқиға орнынан кетіп қалмақшы болады. Көлік жүргізушісі дөрекілік танытып, өзін өте агрессивті ұстады. Қарсылық көрсеткеннен бөлек ол көлігінің мемлекеттік нөмірін шешіп алады.Көлікті тоқтату мақсатында әрекеттенген полиция қызметкерлерін жүргізуші көлігімен 500 метрге дейінгі қашықтыққа сүйреген. Осылайша, Жаңақорған ауданының 22 жастағы тұрғыны полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбай, қарсылық көрсетті. Оның салдарынан полиция қызметкерлері түрлі дәрежедегі жарақаттар алды.

«Орын алған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 380-бабының 4-бөлігі 1 – тармағымен сотқа дейінгі тергеп – тексеру әрекеттері жүргізілуде. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Көлік жүргізушісі Жаңақорған аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Автокөлік айып алаңына қойылды.

ҚР ҚК 380-бабына сәйкес (билік өкіліне қатысты күш қолдану) өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолданғаны не билік өкіліне немесе оның жақындарына қатысты өзінің қызметтік міндеттерін орындауына байланысты күш қолдану қатері үшін күдікті үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға тартылуы мүмкін.

Қазіргі уақытта полицейлерге қарсылық көрсету, күш қолдану деректеріне қатысты қылмыстық істердің ақталмайтын негізде қысқарту тәжірибесі тоқтатылғандығын ескертеміз» деді Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Аблазимов Махсудхан Нұғманұлы.

Айта кетерлігі, жыл басынан Қызылорда облысында полицейлерге қарсылық көрсетудің 6 дерегі орын алды. Әрбір іс бойынша заң шеңберінде тиісті шешім қабылданды. Полиция қызметкерлерінің лауазымдық міндеттерін атқару кезінде оларды қорлау, бағынбау және күш қолданумен байланысты қылмыстарды тергеу Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының ерекше бақылауында.

syrboyi.kz
11 тамыз 2023 ж. 605 0