Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жол қауіпсіздігі қырағылықты талап етеді

Жол қауіпсіздігі қырағылықты талап етеді

Бүгінде елдегі басты мәселелердің бірі – жол ережесінің қауіпсіздігі болып отыр. Бұл жайында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та жиі айтып жүр. «Жол ережесін бұзғандарға қолданылатын заң жүйесін күшейту керек. Себебі жыл сайын жолкөлік оқиғасы жиілеп, адам шығыны артқан» деген Мемлекет басшысы жауапты орындарға да талапты арттырып отыр. Осыған орай тұрғындардың қауіпсіздігі мен жол ережесінің бұзылмауы мақсатында ел көлемінде көптеген жұмыстар істеліп жатыр. Осы орайда аудан көлеміндегі жүйелі жұмыстарға тоқталып өтейік. Нәтижесін төмендегідей.
Солардың бірі 8-17 қараша аралығында өткен «Қауіпсіз жол» шарасы. Аудандағы көлік қозғалысының қауіпсіздігін барынша бақылауда ұстауға бағытталған шараға патрульдік полиция, учаскелік полиция инспекторлары мен ішкі істер органдарының басқа да қызметкерлерінен барлығы 35 адам жұмылдырылса, басқа да мемлекеттік органдар мен бірлестіктерден екі адам тартылды. Сондай-ақ 6 автопатруль аудандық маңызы бар және қала мен елді мекендерде жол жүру ережелерінің сақталуы үшін қызмет жасады.
Бірақ жұмыс нәтижесімен ғана көрінеді. Жауапкершілікті сезіне белген сала қызметкерлерінің қырағылығының арқасында осы он күндік шара нәтижесінде 130 әкімшілік хаттама толтырып, 1 алкагольді масаң күйде бір азамат анықталған. Олардың қатарында көлікті заңсыз қайта жабдықтау, оның ішінде сыртқы жарықтандыру, аспаптарының саны, түрі, түсі, орналасуы және жұмыс істеу режимі көлік құралының конструкциясы талабына сәйкес келмеу, міндетті техникалық байқаудан өтпеу, көлік жүргізу барысында телефон немесе радиостанция пайдалану, қауіпсіздік белдігін пайдаланбау, қозғалыс қағидасын бұзу, бағдаршамның тыйым салу сигналынан өту, қозғалыста жаяу жүргіншіге басымдық бермеу, авариялық жағдай туындату, теміржол өткелінен өту қағидасын бұзу деректері бар.
Сонымен қатар заңсыз әрекеттердің ішінде көлік құралын басқару құқығы жоқ адамның көлік жүргізуі мен жаяу жүргіншілер тарапынан орын алатын құқық бұзушылықтар бар. Сонымен қатар бір мәрте жолаушыларды заңсыз тасымалдау фактісі тіркеуге алынған. Осы әрекеттерге байланысты көптеген шара қолданылды. Айыппұлдар салынып, оларды өндіру жұмыстарынан бөлек 6 көлік айыппұл тұрағына қойылса, 13 мәрте мемлекеттік нөмірін шешіп алу дерегі тіркелген.
Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын тауып, қауіпсіздік шаралары нығая түсетін болады.
Н. Сисенбаев,
Арал ауданы полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің
патрульдік полиция тобының аға қызмет инспекторы, полиция капитаны
23 қараша 2021 ж. 504 0