Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Өзін-өзі құмар ойындардан шектеу мерзімі 10 жылға ұзартылды

Өзін-өзі құмар ойындардан шектеу мерзімі 10 жылға ұзартылды

Бұған дейін азаматтар өзін құмар ойындардан 6 айдан 12 айға дейінгі мерзімге шектей алатын. Енді бұл мерзім 10 жылға дейін ұзартылды. Қызметті eGov mobile қосымшасы арқылы пайдалануға болады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, аталған қызмет өтінімдерді өңдеу уақытын қысқартуға және өзін құмар ойындардан шектеу жүйесін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Бұл кез келген азаматқа барлық лицензияланған ойын алаңдары мен онлайн букмекерлік платформаларға кіруді шектеуге мүмкіндік береді.
 
Айта кетейік, қызмет тек 21 жастан асқан адамдар үшін қолжетімді.

Қызметті пайдалану үшін мынадай қадамдар жасау қажет:

    eGov mobile қосымшасына кіріп, «Қызметтер» → «Спорт» бөлімін таңдаңыз;
    «Құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуға шектеу қою» қызметін таңдаңыз;
    Шектеудің аяқталу жылын және айын көрсетіп, «Қызметке тапсырыс беру» батырмасын басыңыз;
    Өтінішке Face ID/Touch ID арқылы қол қойыңыз.

Өтініш бергеннен кейін қолданушы құмар ойындарға қатысуға шектеу қойылған тұлғалар тізіміне автоматты түрде енгізіледі және өтініш кері қайтарылмайды. Бұған дейін шектеу қойғандар үшін мерзімді ұзарту мүмкіндігі де бар.

Жаңартылған қызмет ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және Туризм және спорт министрлігі Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитетімен бірлескен жұмысының нәтижесінде енгізілді.

Сурет: ашық дереккөзден алынды

04 желтоқсан 2024 ж. 23 0