Ташкент-Нью-Йорк рейсінде өмірге сәби келді
Ташкенттен Нью-Йоркке бағыт алған ұшақ бортында ерекше жағдай орын алды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Өзбекстан әуе жолдарының хабарлауынша, 28 қаңтарда Ташкенттен Нью-Йоркке ұшқан HY101 рейсінің бортында ерекше оқиға орын алды: ұшақтағы жолаушының толғағы ұстаған.
Экипаж оқиғаға бірден ден қойып, басқа жолаушылардың арасынан медицина саласының мамандарын іздепті. Қуанышқа орай, бортта акушер мен хирург болған еді. Олар бірден әйелге көмек көрсете бастайды.
Біраз уақыттан кейін, ұшақ 10 мың метрден астам биіктікке көтерілгенде ұл бала дүниеге келді.
«Осыған байланысты экипаж Кефлавик қаласындағы (Исландия) аэродромға шұғыл қонуды ұйғарды. Анасы мен жаңа туған нәресте жергілікті ауруханаға жеткізілді», деп атап өтті Өзбекстан әуе жолдары қызметі баспасөз қызметі.
«Өзбекстан әуе жолдары» компаниясы ұлды болған отбасыны құттықтап, экипаж мүшелері мен медицина қызметкерлеріне кәсібилігі мен үйлесімді жұмысы үшін алғысын білдірді.
Сурет: Нұрболат Нұржаубай