Мәслихаттар сайлауы
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Сартай батыр» тарихи дастанының қолжазба нұсқалары

«Сартай батыр» тарихи дастанының қолжазба нұсқалары

Жалғасы. Басы №80(11244) санда
Сағат Ахметов дастанды сақтаған ба, жаттаған ба?
Қандай автордың болсын, соңында төл қолжазбаның қалмауы – зерттеуші үшін түрлі қиындықтар тудырады. Мысалы, шығармашылық ғұмырбаяны ғылыми айналымға әлдеқашан еніп кеткен Нұртуған Кенжеғұлұлының төл қолтаңбалы қолжазбасы толық күйінде жыршы Берекет Омаровтың отбасында сақталғаны жайында мен кейінгі жылдары, шайырдың қостомдығын құрастырып, жарыққа шығарған Әбсаттар Оспановтан естіп, таңғалдым. Мұндайды біздің қазақ «ит қайтқанда» дейді.
Бұл тақырыптан кезінде Асқар Тұрғанбаев диплом жұмысын жазып, Аманжол Сақыпұлы диссертация қорғаған жылдары аталмыш мәлімет атымен жоқ еді. Осыдан екі-үш жыл бұрын арнайы хабарласқан жыршы Әбілда Жаңабаевтың баласы Серіктен «Орақ – Мамай» жырының қадим қолжазбасын көрген ғалымның болжамы бойынша, аталмыш нұсқа Нұртуғанға еншілі болуы әбден мүмкін. Бірақ ол жырға салғастырмалы мәтінтанымдық жұмыс жүргізіп беруге уақыты жоқ екенін айтыпты. Оған қоса бұл екі асығыс, бір үсігіс арасында жасалатын оңай шаруа емес. Ал шайырдың қолжазбасы жайындағы мұндай мәліметті біле тұра, бұрын жариялаған жұмыстарында дерегін көрсетпеген, «ат шапқан жиын тарқар кезде» ғана айта бастаған Әбекеңнің ойын түсіне алмадық.
Мен өз басым Нұртуғанның төл қолжазбасына қатысты бұл қаңқу сөздердің төркіні бар екеніне сенемін. Өйткені, сонау бір жылдары шайырдың Берекеттің көмбесінде сақталған «Тағаймұрат» дастанының қазіргі қолданыстағы қаріпке түсірілген қолжазбасын марқұм Сәбит Омаров арқылы алып, дүйім жұрттан сүйінші сұрап: «Ғылыми жұмысыңның арасына бір жаңалық есебінде қосарсың», – деп ғылымдағы жақаттасым Сақыптың Аманжолына ұсынған едім. Егер Нұртуғанның басқа да қолжазбалары Аманөткел мен Қызылжарды жайлаған ағайынның кеу сандығының түбінде сарғайып, зерттеушісін зарыға күтіп жатқаны рас болса, онда Нұртуғанға қатысты шаруаны шығармаларына мәтінтанымдық жұмыс жүргізуден қайта бастау қажет болады. Бірақ мына өтпелі кезеңде ондай қазабатқа бас қатыратын бейнеткеш ғалым табыла қояр ма екен? Әрине, үмітсіз шайтан ғана. Ендеше, Мағжаншылап «Біз жастарға сенеміз!» деуден басқа амал жоқ.
Сонымен, Нұрмағамбет шайырдың шығармаларына, оның ішінде «Сартай батыр» дастанының қолжазба нұсқаларына қатысты мәселенің бүйірін түртіп, көптің талқысына салуымыздың басты себебі не?
Бұл алдымен, кейін қазақы мінезге тән көп күңкілдің шет-шепірі көрініп қалмауы үшін қажет. Қазір әркім, әр нәрсенің басын бір шалып жүргенмен, ол жайында мандытып ештеңе айтылмайтын Сағат Ахметов кім? Ол Нұрмағамбет Қосжановтың «Сартай батыр» дастаны қолжазбасын сақтаған ба, әлде жыр мәтінін жырлап айту үшін жаттаған ба? «Сартай батыр» жырының қолжазбасына иелік жасап қалған» деген елдің күңкіл сөзі қаншалықты рас әрі орынды? Оның ғұмырбаяны, алған мамандығы, тәлкек болған тағдыры, әулеті, шыққан тегі және ізінде қалған ұрпағының жағдаятын кім біледі? Осы уақытқа дейін әлгі сөздің ақ-қарасын ажыратуға талпынған біреу болды ма? Бастысы: Сағат қарияның қара шаңырағында қалған кеу сандықтың түбінде не бар, бұл әулет әлгінің ішіне не сақтап отыр?
«Сұрай-сұрай Меккеге де жетесің» деген сөз рас. Әлгіндей әңгімелердің басы қылтиған кезде менің ойыма бір кезде қариялардан естіп, көкірегіме хаттаған, ұлы нобайы әйгілі Насреддин Рабғузидың «Қиса-сул әнбиясынан» желі тартатын «Гүл Сәнуарға ғашық, Сәнуар Гүлге ғашық, аяғы болады екен боқтан сасық» деп басталатын ертегінің сюжеті оралды. Естеріңізде болса, соның кіріспесінде жоғарыдағы сөздің ақиқатын іздеп шыққан жолаушыға бір шал: «Менен гөрі сол жақсы біледі», – деп екінші бір шалға, ол – үшінші біреуге, одан да жасы үлкендеу ағасына сілтемеуші ме еді. Бұл жолы да тап соның кері келді.
Содан ұзынқұлақтың «Сағаттың баласы» деп сілтеуімен Қандағашта тұратын Азияға хабарластым. Нобайы дұрыс екен, бірақ ол Сағатпен бірге туған Сағиданның ақтығы болып шықты. Осы Азия Сағиданұлы бағыттаманы екі адамға – алматылық Ағзам Сағатұлы мен ақтөбелік Алдажар Омаровқа бұрды. Жасыратын несі бар, Алдекеңнің әңгімесі баяғы сол шерімбет жобадан аса қоймады. Десе де, «бір білсе сол біледінің» ізі ақыры бізді бірталай мәліметтің ауылына алып шықты.
Сөйтсек, әңгіме біз ойлап, ел айтып жүрген жел сөздің төңірегінен әлдеқайда өзгешелеу екен. Қысқасы, жақсының бәрін жат көріп, көкіректегі дін өрнегін өшіруге тырысқан кеңестік жүйенің құйтырқы саясатының құрбаны болған Сағат Ахметовті мен мүлдем басқа қырынан қайта тани бастадым. Содан соң отыз жылдан аса уақыт ел арасынан мұра жинап жүріп, жарықтықпен ең болмаса, бір мәрте дидарласудың сәті түспегеніне  қынжылдым. Сөйтіп бозбала кезімде әкем Мырзалы екеуміз Қамбашта тұратын Шора ақсақалды іздеп барып, кездесе алмай, бос қайтқан өкініш күйін елуді еңсергенде тағы бір кештім.
Сол баяғы «Ой Жақайым мен қыр Жақайым, айналып келгенде бір Жақайым» дегеннің кері ғой. Тоқал асан Иманбай дегеннің Ашықбай, Ахмет, Омар, Оспан есімді ұлдары болыпты. Діндарлық болмысы ел есінде қалған Ахмет Иманбайұлын халық түр-түсіне орай «сары молда», «сары Ахмет» атандырыпты. Ол ұстаған мешіттің орны Қазалы – Бөген бағытындағы тас жолдың бойында, Аманөткелге жетпей, Кәрібөгеттен оңтүстік-шығысқа қарай екі шақырымдай жерде. Бұл мәліметті кезінде Рахметолла Сералиевтен естіген әдебиеттанушы А.Әбілов те растады.
Ол бір жылдары Елеу Көшербаевтың қарындасы, Таңсұлудың жолдасы Базарбек Қашқынбаевтың үйінде Сағатпен жолыққанын айтты. Жады мықты кісі екен, салғаннан: «Бала, осы сенің фамилияң кім?» — деп сұрапты. Жөнін айтқан Алдекеңе: «Ол ауылда мен білетін үш Әбіл бар еді. Соның бірінің баласы, сенің әкең Әбдірасуланың шілдеханасында болып едім», — деп әңгімені алыстан қайырса керек. Әкесінің шілдеханасына қатысқан кісіге не десін? Базекеңді күйеу, Таңсұлуды қарындас тұтынып келіп отырған Сәкең осы жолы біраз әңгіме шертіпті.

Берік ЖҮСІПОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
филология ғылымдарының кандидаты, доцент
Жалғасы бар
29 қазан 2026 ж. 168 0