Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Атырауда өртенген театрдың актері жан тебірентер өлең жариялап, оқиғаны баяндады

Атырауда өртенген театрдың актері жан тебірентер өлең жариялап, оқиғаны баяндады

Кеше, 22 тамызда өртенген Махамбет Өтемісұлы атындағы драма театрының актері Асхат Мұса төтенше жағдай кезінде актерлердің қайда болғанын айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
  "Түске дейін дайындық жұмыстарын қызу жүргізіп жатқан едік. Түскі асқа шығып кетіп, оралғанымызда түтін де емес, ыс та емес, бірден от лаулап, жанып жатты. Әйтпесе қалай да сөндіруге тырысатын едік. Бұл күні біз тіпті афишасы ілініп қойған Фариза Оңғарсынова жайлы қойылымының премьерасына дайындалған едік. 11 қыркүйекте премьерасы болуы тиіс еді. Енді спектакльдің қашан қойылатыны бір құдайға мәлім", - дейді 32 жастағы актер.
  Сондай-ақ, ол киелі орынның өртенуі актерлердің, тіпті бүкіл Атырау жұртының жанына батқанын айтты.
  "Бұл бір іштегі қайғы екен. Театрдағы үлкендер ешкімге айтпай, өздері жиналып, тазалық жұмыстарына атсалысып кірісіп жатыр. Жастық шағы осы театрда өткен үлкендер кеудесіндегі зарды, жүректің жылағанын біз сонша жыл театрда қызмет етсек қана түсіне алатын шығармыз", - дейді актер.
Актер желіде жантебірентер видео өлең мен өртенген театрдың видеосын жариялады. Алайда Асхат Мұса бұл өлеңді өзі жазбағанын, Атыраудағы танымал жас ақын Әлия Дәулетбаева жазғанын ескертті.
  "Ол жанып жатты...
Киелім...
Балқытып асыл сүйегін.
Көзінің жасын бұлаулап
Теңселіп кетті мың аруақ...
Шымылдығың ба
Қан қызыл түске боянған
Көз тиді ме екен?..
Сөз тиді ме екен?..
Ой, Аллам!
Өкініш пе екен,
Өткенің қандай сыр айтты?..
Жан ордам менің,
Жан жоқ деп сенде кім айтты?!
Шарпылып барып өртіне тажал-тамұқтың,
Оттан да ыстық жүрегің сенің соғып тұр", - делінген әншінің Instagram желісінде жариялаған жазбасында. Видеода өрт салдарынан бүлінген театр көрсетілген.
 Еске салайық, 22 тамызда Махамбет Өтемісұлы атындағы драма театрынан өрт шыққан еді. Екінші қабаттан шыққан өрт ғимараттың төбесіне көшкен. Өртті мамандар төрт сағаттан кейін ғана сөндіре алған. ТЖК мәліметінше, өрт шалған аумақ - 1820 шаршы метр. Өртті сөндіруге 55 өрт сөндіруші мен жеті дана техника жұмылған. Абырой болғанда, қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.
Оқиға орнына өңір әкімі Нұрлан Ноғаев пен қала әкімі Әлімұхаммед Құттымұратұлы келген. Ноғаев жедел штаь құрылғанын айтқан.
Айта кетейік, Махамбет Өтемісұлы атындағы Қазақ драма театры биыл мамыр айының соңында қайта жөндеуден кейін ашылған болатын. 800 миллион теңгеге сахнаны толық жөндеуден өткізіп, жақсы акустикамен қамтамасыз етілген еді. Сонымен қатар, қабырғалар мен төбелерге акустикалық жабын жағылып, көрермендер залындағы креслолардың материалдары ауыстырылды. Көрермендер залын жарықтандыру техникасы да жаңартылған болатын.
https://tengrinews.kz/kazakhstan_news/atyirauda-ortengen-teatrdyin-akter-jan-tebrenter-olen-377349/
23 тамыз 2019 ж. 897 0