24 тамыз. ҚазАқпарат күнтізбесі
1996 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданының Қаракестек ауылында ақын Сүйінбай Аронұлының әдеби-мемориалдық мұражайы ашылды.
1998 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен композитор Нұрғиса Тілендиевке «Халық Қаһарманы» атағы берілді.
1999 жылы Бішкек қаласында «Шанхай бестігі» саммитіне қатысушы мемлекеттер - Қазақстан Республикасы, Қытай Халық Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы басшыларының кездесуі басталды. Кездесу барысында халықаралық және аймақтық мәселелер қаралып, есірткі тасымалдарына, сепаратизмге, діни экстремизмге қарсы шаралар талқыланды. Саммит қорытындысында мемлекет басшылары Бішкек декларациясына қол қойды. Сонымен қатар, Н.Назарбаев, Цзянь Цзэминь және А.Ақаев мемлекет шекараларының шектесу нүктесі жөнінде үшжақты келісімге қол қойды.
2005 жылы Қазақстанның көрнекті саяси қайраткері Иманғали Тасмағамбетовтің «Кентавры Великой степи» кітабы Мәскеуде өткен ТМД-ға мүше мемлекеттердің «Кітап өнері» атты II халықаралық көрмесінде байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды.
2012 жылы Семейден 50 шақырым жерде қазақ халқының тарихындағы белгілі батыр - Күшікбайға ескерткіш қойылды. Күшікбай батыр жоңғармен соғыста ерлікпен көзге түскен. Оның сондай-ақ жомарттығымен, әділдігімен аты шыққан.
2012 жылы ҚР Ұлттық банкі айналысқа номиналы 500 теңгелік «Әлемнің әйгілі мешіттері» монеталар сериясынан «Faisal» және «Zahir» естелік монеталарын шығарды.
2016 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен Сербия астанасы Белградқа барып, сапар барысында Сербия Православ шіркеуінің жоғары наградасы - І дәрежелі Қасиетті Савва Орденімен марапатталды.
2016 жылы Қазақстан армиясы елімізде шығарылған «Арлан» алғашқы брондалған машиналарымен жабдықталды.
2016 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Сербияға ресми сапары аясында Белградтың орталық көшелерінің бірінің бойындағы шағын алаңда қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың мүсінін ашты. Жамбыл мүсінінің ашылуына Сербия Президенті Томислав Николич, Белград мэрі мен қала тұрғындары қатысып, Алматы облысы филармониясының әншілері жырдан шашу шашты.
2016 жылы Халықаралық олимпиада комитетінің президенті Томас Бах Геннадий Головкинге айрықша олимпиадалық төсбелгісін жолдады. Бұл Халықаралық олимпиада комитетінің Геннадий Головкиннің спортқа сіңірген еңбегі мен әлем спортында қалдырған мұрасын мойындайтындығының белгісі.
2017 жылы Астанада «Қазақстанның жаңа тарихи белесі» көрмесінде сирек кездесетін бірегей материалдар — мешіттер мен шіркеулердің кітаптары, XVIII ғасырдағы Қазақ хандығы тарихынан сыр шертетін құжаттар, олардың көшірмелері, «Алаш» партиясы мен «Алаш Орда» үкіметінің қызметінен мағлұмат беретін құжаттар, Мағжан Жұмабаевтың бұрын құпия сақталған қолжазбасы көрсетілді.
2017 жылы Ш.Чокин атындағы қазақ энергетика ғылыми-зерттеу институтында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ғалым-энергетик, энергетика ғылымдарының негізін қалаушы, техника ғылымдарының докторы, профессор, академик Шафик Чокиннің ескірткіші ашылды.
https://www.inform.kz/kz/24-tamyz-kazakparat-kuntizbesi_a3557602