Шынайы өмірдегі Бенджамин Баттон: Сосо Ломидзенің таңғажайып оқиғасы

Сосо Ломидзе – Кеңес Одағы кезінде “шал” лақап атымен белгілі болған алаяқ. Ол 15 жасында Тбилисиде ең “білікті” ұры ретінде танымал болған. Алайда, өзінің “мансаптық” жетістіктеріне қарамастан, Сосо жеке өміріндегі сырт келбетінің өзгерістеріне байланысты әйгілі болған. Нақтырақ айтқанда, кейіпкеріміз жыл сайын қартаюдың орнына жасарған.

Ломидзе 1942 жылы Грузия астанасы Тбилисиде өмірге келген. 25 жасына дейін кәдімгі адамзат баласындай рухани тұрғыдан да физикалық тұрғыдан да жақсы дамып, жетілген. Бірақ, 25 жастан кейін бәрі керісінше болып, қартаюдың орнына жасара бастаған.
Бірақ оған өкінген Ломидзе жоқ, қайта қуанған. 40 жасқа толған жасөспірімнің бейнесіндегі ол алаяқтықпен адамдардың қалтасын қағып отырған. Мысалы, анау-мынау емес Эдуард Шеварднадзенің швецариялық алтын сағатын ұрлап кеткен. Грузияның болашақ президенті оны қайтару үшін төлем төлеуге мәжбүр болған. Сонсоң партияда лауазымды қызмет атқарған Михаил Георгадзе парамен ұсталып, өз-өзін атып өлтірген кезде, үйінде миллиондаған сом ақша, АҚШ доллары, Англия фунт-стерлингі қалған екен. Оны біліп алған Ломидзе 15 жастағы оқушыдай мектеп формасын киіп барып, Георгадзенің жесірін алдап, аталған үйді тонап кеткен. Осылай байыған Сосо Ломидзе бір күні “Мәскеу қайдасың?” деп тартып отырған. Мәскеуде Бүкілодақтық эксперименталды морфология және геронтология ғылыми-зерттеу институты бастығының орынбасары Семен Далакишвили оған назар аударған. Кейінірек КСРО Денсаулық сақтау министрі Евгений Чазов та үнемі “жас науқастың” хәлін тексеріп отырған. Кремль дәрігері Атаманенконың түсіндірмесі мынадай:
“Ломидзенің физикалық жағдайды туралы бірдеңе деу қиын. Мен бұл науқасты бір-ақ рет көрдім. Әрине, оның генетикалық ауруы бар. Сыртқы қартаю процесі баяулап, кейде ондаған жылдарға созылатын жағдайлар белгілі. Ломидзенің сенсациялық жасаруын түсіндіруге болады – ол жасарып жатқан жоқ. Бұл сирек кездесетін құбылыс”.

Сонымен қатар, Атаманенко Сосо Ломидзе жыл сайын өсудің орнына шөгіп отырғанын хабарлаған. Адам – омыртқасының қисаюынан немесе омыртқааралық дискілердің “шөгуіне” байланысты бойы төмендеуі мүмкін. Алайда ғылымда адам сүйегінің өсудің орнына кішірею жағдайы болмаған. Бұл табиғаттағың барлық заңдарына қайшы құбылыс. Сосо Ломидзені тексерген дәрігерлер мұндай таңғажайып патологияның себептерін тап басып айта алмаған.
Ломидзенің жасаруы 30 жылға жалғасты. 56 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Бірақ көргендер табыттағы адам 56 жастағы ер адам емес, 10 жастағы балақайға қатты ұқсайтынын айтатын.