Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Президент Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовті қабылдады

Президент Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовті қабылдады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовті қабылдады. Бұл туралы бүгін Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. 

Кездесу барысында Мемлекет басшысына 2017 жылдың қорытындылары бойынша экономикалық даму көрсеткіштеріне жасалған талдау нәтижелері жөнінде мәлімделіп, министрліктің қызметі туралы есеп берілді.

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеу және іске асыру барысында стратегиялық жоспарлау мен болжам жасаудың маңыздылығын атап өтті.

«Барлық шаралар Қазақстан экономикасын дамыту үшін жүзеге асырылуға тиіс. Мемлекеттік бағдарламалардың, соның ішінде «Бес әлеуметтік бастаманың» іске асырылу барысын зерттеу қажет. Ұлттық экономика министрлігі орталық және өңірлік деңгейдегі барлық мемлекеттік органдардың қадамдарын айқындауы керек», - деді Қазақстан Президенті.

Тимур Сүлейменов Мемлекет басшысына биылғы бірінші тоқсанда қол жеткізілген экономикалық даму нәтижелері және экономикамызға жалпы әлемдік үдерістердің тигізіп отырған әсері жөнінде баяндады.

Кездесу соңында Елбасы бірқатар нақты тапсырмалар берді, соның ішінде Қазақстанның экспорттық және транзиттік әлеуетін одан әрі дамыту, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды әрі қарай іске асыру жөнінде айтты.

 inform.kz

 

16 сәуір 2018 ж. 1 030 0