Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Назарбаевпен кездескен Корея СІМ басшысы Астанаға тәнті болғанын айтты

Назарбаевпен кездескен Корея СІМ басшысы Астанаға тәнті болғанын айтты

Оңтүстік Корея Қазақстанмен ықтымақтастықты одан әрі дамытуға және нығайта түсуге ниетті
АСТАНА, 17 сәуір – Sputnik. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Корея Республикасының сыртқы істер министрі Кан Гён Хвамен кездесті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі. 
Кездесу барысында тараптар ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін және екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастардың даму перспективаларын талқылады.
Нұрсұлтан Назарбаев Корея Республикасының сыртқы істер министріне ілтипат білдіріп, екіжақты байланыстардың сенімді сипатқа ие болып отырғанын атап өтті.
– Астана мен Сеул арасында сенімге негізделген достық қатынас орнап, экономикалық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Экономикалық және гуманитарлық өзара ықпалдастықтың көптеген мәселелері шешімін табуда. Сіздердің Орталық Азияда жүргізіп жатқан белсенді жұмыстарыңызды қолдаймыз, – деді Қазақстан президенті.
Корея Республикасының сыртқы істер министрі кездесуге мүмкіндік бергені үшін ризашылық білдіріп, Қазақстан астанасынан алған әсері жөнінде айтты.
– Бұл – Қазақстанға және Астанаға жасаған алғашқы сапарым. Мен үшін сапарымның елордаларыңыздың 20 жылдығын мерекелеу қарсаңында өтуінің мәні зор. Осы кезең ішінде Астана дамудың үлкен жолынан өткеніне тәнті болдым, – деді Кан Гён Хва.
Кездесуде сыртқы істер ведомствосының басшысы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Корея Республикасының президенті Мун Чже Иннің ыстық ықыласын жеткізді.
– Президент Мун Чже Ин 25 жыл ішінде елдеріміз арасында қалыптасқан берік негізге сүйене отырып, ықтымақтастығымызды одан әрі дамытуға және нығайта түсуге ниетті, – деді Кан Гён Хва.
sputniknews.kz
17 сәуір 2018 ж. 1 200 0