Мәжіліс сайлауы қалай өтеді – орталық комиссия тәртібін жариялады

Жоспарға сәйкес, кандидаттарды ұсыну 10 қарашада басталып, 30 қараша күні кешкі сағат 18:00-де аяқталады. Үміткерлерге қойылатын талаптар конституциялық заңда көрсетілген. Олар:
- Қазақстан азаматтығы;
- Қазақстан аумағында соңғы 10 жыл тұру;
- 25 жасқа толу;
- бәсең сайлау құқығының болуы.
Ал партиялық тізімдерді тіркеу шаралары 10 қарашада басталып, 10 желтоқсан күні кешкі сағат 18:00-ге дейін жалғасады. Құжаттардың тізбесі де заңмен бекітілген. Олар:
1. Әділет министрлігінде саяси партияның тіркелгені туралы құжаттың көшірмесімен қоса, саяси партияның жоғары органы бекіткен партиялық тізімді ұсыну туралы хаттамасынан үзінді көшірме;
2. Азаматтың партиялық тізімге енгізуге келісімі туралы өтініші;
3. Партиялық тізімге енген әрбір адам туралы өмірбаяндық деректер;
4. Кандидат пен оның зайыбының кірістері мен мүлкі туралы декларациялардың тапсырылғаны туралы кіріс органының анықтамасы;
5. Саяси партияның сайлау жарнасын енгізгенін растайтын құжат;
6. Партиялық тізімге енгізілген адамның осы тізімді ұсынған саяси партияға мүшелігін растайтын құжат;
Сайлаудың жарнасы 679 500 теңгені құрайды. Оны партиялық тізімге енген әрбір адам үшін төлеу керек. Ал бұған дейінгі сайлауда 7 проценттік межеден асқан партиялар – Nur Otan, Ақ жол мен Қазақстан коммунистері партиясы жарна төлемейді.
ОСК төрағасының орынбасары Константин Петровтың айтуынша, партиялық тізімдерді тіркеу мерзімі аяқталғанда сайлауалды үгіт-насихат басталады.
Орталық сайлау комиссиясы дауыс беру аяқталғаннан кейін жеті күннің ішінде сайлаудың нәтижесін жариялайды."Осылайша, 10 желтоқсан күні кешкі сағат 18:01-де сайлауалды үгіт-насихат басталады да, 2021 жылы 9 қаңтарда түнгі сағат 00:00-де аяқталады. Сол күн тыныштық күні болады. Ал 10 қаңтарда дауыс беру таңғы сағат 7:00-де басталып, кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады. Дауыстарды 12 сағаттың ішінде санап шығу қажет", – деді Петров. - sputnik.kz