Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қасым-Жомарт Тоқаевтың Волонтер жылының жабылу рәсімінде сөйлеген сөзі

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Волонтер жылының жабылу рәсімінде сөйлеген сөзі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Волонтер жылының жабылу рәсімінде сөйлеген сөзі жарияланды, деп хабарлайды Ақорда.
Қадірлі Еріктілер!
Ең алдымен, барлық волонтерлерге ризашылығымды, алғысымды білдіремін.
Шын мәнінде, сіздер дәл қазіргі кезде еліміз үшін аса қажеттіпайдалы жұмысты атқарып отырсыздар.
Осындай еңбектің арқасында пандемияны да еңсеріп келеміз. Еріктілеріміз ешқандай қауіп-қатерге қарамай, дәрігерлерге, әскери қызметшілерге, қарапайым азаматтарға көмектесті.
Бұл – нағыз ерлік!
Сендерді мақтан тұтамын!
Өте жақсы бастамалар көтерілді, барлығын қолдаймын. Әсіресе, қоғамдық бақылаушы және эковолонтер ретінде белсенді болғандарың қуантады.
Мысалы, Богдан Петровтың ұсыныстарын қолдаймын.
Согласен с мнением Лилии Сарсеновой о совершенствовании законодательства в отношении защиты животных.
Осыдан тура бір жыл бұрын өздеріңізбен бірге Еріктілер жылын ресми түрде ашып, міне, қазір, соның жемісін де көріп отырмыз. Бұл Елбасының бастамасымен өткен Жастар жылының заңды жалғасы болды.
Еріктілер жылы жалынды жастарымыздың бойындағы ең асыл қасиеттерді дәріптеген ерекше жылға айналды.
Бұл жанашырлыққа, жауапкершілік пен қамқорлыққа үндеген кезең болды.
Біз мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, түрлі қиындықтармен бірге күрестік.
Осылайша, адамгершілік құндылықтарды жоғары бағалайтын қоғам екенімізді таныттық.
Әлемді жайлаған індет қайырым мен мейірімнің қаншалықты маңызды екенін анық көрсетті.
Сондықтан, Волонтер жылының дәл биыл өтуі уақтылы және орынды болды деп санаймын.
Қауіпті дерт ел-жұрттың денсаулығын ғана емес, бекем бірлігін де сынға алды.
Біз бір ел, бір халық болып бұл сынға төтеп бердік.
Ауқымды жұмыстар атқарып, көптеген жобаны жүзеге асырдық.
Барлық аймақта ашылған Еріктілердің фронт-офистерінде маңызды бастамалар көтерілді.
Бұл жұмысқа мыңдаған азаматтарымыз атсалысты.
Волонтерлер Отанға қызмет етудің озық үлгісін көрсетті.
Расында, жаны таза адам ғана волонтер бола алады.
Еріктілер – өзгенің мәселесін өз ісіндей көретін жүрегі кең, ниеті дұрыс жандар.
Біздің еліміз дәл осындай азаматтардан кенде емес.
Сіздердің қоғам үшін жасаған пайдалы істеріңіз, көпшіліктің ыстық ықыласы мен ақ батасы – соның айқын дәлелі.
Әрқайсыңыз – шынайы құрметке лайықты нағыз отаншыл азаматсыздар.
Мұны еш күмәнсіз, нық сеніммен айтуға болады.
Сол себепті, менің Жарлығыммен көптеген волонтерлер «Халық алғысы» медалімен марапатталды.
Сіздер сияқты жанашыр азаматтары көп мемлекеттің болашағы да жарқын болмақ.
Еріктілер қызметі барша азаматтарымызға үлгі болып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға жол ашады деп сенемін.
inform.kz
08 желтоқсан 2020 ж. 598 0