Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕРІКТІЛЕР ЕЛ ИГІЛІГІ ЖОЛЫНДА

ЕРІКТІЛЕР ЕЛ ИГІЛІГІ ЖОЛЫНДА

“Волонтерлік нақты істермен көрінетін патриотизмнің жоғары деңгейін білдіреді. Отанға деген махаббат үлкен ұрандар мен бос декларациялар емес, бұл – күнделікті еңбек, соның ішінде халықтың игілігі үшін шынайы атқарылатын қайырымды істер.  Бұл – күнделікті еңбек, бұл – адамның болмысы, бұл – терең білім, жоғары мінез-құлық мәдениеті. ” Бұл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Birgemiz” атты республикалық Еріктілер фронт-кеңсесінің ашылу рәсімінде айтқан сөзі.Осылайша Президент биылғы жылды еріктілер жылы деп  жариялап жас буынға, ел азаматтарына зор сенім артты. Алдағы айшықты міндеттерді саралады.
Қоғамда сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттырып,  жастардың жемқорлықпен күреске белсенді қатысуы үшін еріктілер жылының үлесі мол болмақ.  Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қызылорда облыстық департаменті қоғамды адамгершіліктің ізгі қасиеттеріне баулып, жастарды қайырымды істерге шақыру, тәрбиелеу мақсатында «Ізгілік елшісі» жобасын жалғастыруда.
Тәжірибе көрсеткендей, азаматтардың көпшілігі өздерінің құқықтары бұзылған кезде кіммен байланысып,  қайда көмек сұрап бару керектігін білмейді. Мазалаған сұрақтары қай мемлекеттік органның құзыретіне кіретінін және қандай жағдайда шағым беру тәртібін білмейді. Бірақ өтініштің қаралу нәтижесі оның дұрыс даярланғанына және оны тиісті органға жолдауына байланысты. Тұрғындардың осындай қүқықтық келеңсіздіктен шығуына көмектесу үшін студенттер, құқықтану факультетінің оқытушылары, мемлекеттік қызметкерлерден құралған еріктілер тобы «Халықтық заңгер» жобасы аясында тегін құқықтық көмек көрсетіп келеді. «Адал көмек»  жобасы бойынша облыстық «Антикор орталығында» үнемі құқықтық іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Әр сенбі жергілікті уақытпен сағат 10:00 -13:00 дейін тегін кеңес беру ұйымдастырылды. Қазіргі таңда еліміздегі төтенше жағдайға байланысты «Адал көмек» жобасын онлай режимге көшіру жолдары қарастырылуда.
Бұл шара туралы ақпарат жергілікті БАҚ-та және ғаламтор ресурстарында жариялануда. Бүгінде «Адал көмек» жобасының облыстық орталығында 37 адвокат, мемлекеттік қызметкер, студенттер мен мен ЖОО оқытушылары және  «Ақмешіт–Адалдық алаңы» жобасының үйлестірушілері бірлесіп жұмыс істеуде.  «Ізгілік елшісі» еріктілер қозғалысына бүгінде аудандық әкімдіктерде қолдау білдірді. Өткен жылы 17 қазанда құрылған еріктілер қозғалысының қатары көбейіп келеді. Қазіргі 80-нен  аса белсенді еріктілер бар. 
Еріктілер өз жұмыстарын түрлі бағыттағы қайырымдылық, мәдени-көпшілік жұмыстармен жүргізіп келеді. Атап айтсақ, қарттар үйі, ардагерлер үйі, «Атамекен» балалар ауылы, облыстық балаларды оңалту орталығы, зағип жандар кітапханасында, тағы басқа да көптеген мекемелерде іс-шаралар өткізуде. Басты мақсат − сындарлы сәтте халықтың бірлігі мен тұтастығы. Еріктілер жылында ел азаматтарының «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» үлкен ауызбіршілік танытуы қажет.
Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің  Превенция және парасаттылық басқармасының  басшысы.
18 наурыз 2020 ж. 797 0