Ерлан Карин 2020 жылдың саяси қорытындысын шығарды
Мемлекет басшысының көмекшісі Ерлан Карин өзінің Telegram аккаунтында 2020 жылдың саяси қорытындысын жазды, деп хабарлайды Egemen.kz
«Бүкіл әлемдегідей Қазақстан үшін де өтіп бара жатқан жыл өте ауыр болды. Дегенмен, ауқымды қиындықтар мен сыртқы жайттардың қысымына қарамастан, билік оқиға дамуына, теріс қойылымдарының жүзеге асуына жол бермеді. Іс жүзінде жыл бойы дағдарысқа қарсы штаб ретінде барлық мемлекеттік органдар – Президент Әкімшілігі, Үкімет, әкімдіктер төтенше жағдай режімінде жұмыс істеді. Пандемия көптеген жоспарға түзету жасағанымен, ол мемлекеттің жалпы күнтәртібін түбегейлі өзгерте алған жоқ», деп жазды Ерлан Карин.
Ерлан Кариннің айтуынша, бүгінде билік мәлімдеген реформалар бағдары жүзеге асып келеді. Саяси реформалардың алғашқы топтамасы жүйеленіп, соның аясында бейбіт жиналыстар туралы жаңа заң да қабылданды.
«Заң бірден өзінің өміршеңдігін көрсетті. Сайлау, партиялар және Парламент туралы заңнамаларға да өзгертулер енгізілді. Жаңа нормалар да іс жүзінде жүзеге асырып жатыр. Тәуелсіздік күні қарсаңында Президент келесі жылдың басында-ақ саяси реформалардың кезекті топтамасы қабылданатынын жариялады. Бұл реформаларға бағдар сақталатынын және әрі қарай жалғасатынын білдіреді», деді ол.
Бұдан бөлек, Президент көмекшісі өтіп бара жатқан жылда қоғамдық-саяси алаңдағы өзгерістер жалғасын тауып келе жатқанын еске салды. Сонымен бірге қоғамда түрлі белсенді азаматтық топтар пайда болып, саяси партияларда да буын алмасуымен қатар, жаңа тұлғалар бой көрсете бастағанын тілге тиек етті.
«Сондықтан да пандемия сынды қуатты стресс-тестпен бетпе-бет келген Қазақстанның коронадағдарыстың теріс әсерін төмендете алғаны және өзінің даму күнтәртібін жүзеге асыруын жалғастыруы жылдың жалпы қорытындысы саналады», деп түйіндеді Ерлан Карин.