Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстан-Тәжікстан: Екіжақты әріптестікті дамытудың мүмкіндігі мол

Қазақстан-Тәжікстан: Екіжақты әріптестікті дамытудың мүмкіндігі мол

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның шақыруы бойынша Душанбеде ресми сапармен болып, екіжақты келіссөз жүргізді. Келіссөз барысында сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық, халықаралық және аймақтық қауіпсіздік мәселелері кеңінен талқыланды.

Жоғары деңгейдегі мемлекетаралық келіссөздер басталмас бұрын Қазақстан Президентін салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті. Құрмет қарауылының бастығы рапорт жасап, екі елдің мемлекеттік әнұрандары орындалды. Мұнан соң Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстанның мемлекеттік туына құрмет көрсетті. Мемлекет басшылары Құрмет қарауылы сапының алдынан өтіп, бір-біріне ресми делегациялардың мүшелерін таныстырды.

Салтанатты рәсімнен кейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қасри Миллат» сарайында Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен шағын құрамда екіжақты келіссөз жүргізді.

Тараптар қазақ-тәжік стратегиялық әріптестігінің кең ауқымды мәселелерін қарастырды. Сондай-ақ саяси диалогті нығайтуға ерекше көңіл бөле отырып, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынты­мақ­тастықты арттыру жағдайын талқы­лады. Сонымен қатар Орталық Азия­дағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қам­тамасыз ету және халықаралық құры­лымдар аясындағы өзара ықпалдастық мәлелелері қозғалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонға тәжік жеріне келгеннен бастап өзіне және қазақстандық делегацияға көрсеткен қонақжайлылығы мен құрметі үшін шынайы ризашылығын білдірді.

– Екіжақты ынтымақтастықты дамытуға және нығайтуға байланысты маңызды мәселелер қарастырылатын болғандықтан, біз осы сапарға зор мән береміз. Бұл ретте талқылайтын мәселе жеткілікті. Былтыр пандемияға қарамастан, өзара сауда-саттық көлемі 800 миллион долларға жетті. Бұл сауда-экономикалық саладағы әлеуетіміздің әлі де мол екенін көрсетеді. Әрине, біз де өз тарапымыздан бірқатар ұсыныс жасаймыз. Сондай-ақ сіздердің де ұсыныстарыңызды тыңдауға дайынбыз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерге де тоқталып, екі елдің БҰҰ, ШЫҰ, ЕҚЫҰ аясындағы өзара табысты ынтымақтастығын атап өтті. Сонымен қатар Президент Қ.Тоқаев Қазақстанның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестегі бастамаларына тұрақты түрде қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін тәжік көшбасшысына алғыс айтып, Тәжікстанның осы беделді құрылымға 2018-2020 жылдары табысты төрағалық еткенімен құттықтады.

– Жалпы, барлық бағыт бойынша ынтымақтастықты нығайту үшін мол мүмкіндігіміз бар. Қазақстан мен Тәжікстан – бауырлас мемлекеттер. Бұл артық айтқандық емес, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Эмомали Рахмон Қасым-Жомарт Тоқаевқа Тәжікстанға ресми сапармен келгені үшін шынайы ілтипатын білдірді.

– Тәжік-қазақ қатынастары бүгінде ынтымақтастықтың барлық саласы
бойынша қарқынды дамып келеді. Қазақстан – Тәжікстанның жетекші сауда-экономикалық серіктестерінің ішін­де екінші орында. Рухани, мәдени-гума­нитарлық ынтымақтастық жә­не қа­уіпсіздікті қамтамасыз ету сала­сын­дағы ықпалдастық нығайып келеді. Елдеріміздің ТМД, ШЫҰ, ҰҚШҰ және АӨСШК аясындағы ынтымақтастығы табысты дамуда, – деді Тәжікстан Пре­зиденті.

Эмомали Рахмон екі ел арасындағы көпжақты қатынастардың барлық саласы бойынша ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон шағын пішіндегі кездесуден кейін екі елдің ресми делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз өткізді.

Кездесу барысында Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы сауда-эконо­микалық ынтымақтастықты нығайту, оның ішінде өзара тауар айналымын ұлғайту, инвестиция тарту, өнеркәсіп коо­перациясын арттыру, ауыл шаруа­шылығы, көлік-транзит әлеуетін дамыту мәселелеріне баса мән берілді. Сондай-ақ су-энергетика, әскери-техникалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ықпалдастық жағдайы талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонға қонақжайлылық танытқаны үшін алғыс айтып, бұл өзінің Қазақстан Президенті ретінде Тәжікстанға жасаған тұңғыш әрі пандемия жағ­дай­ындағы алғашқы ресми сапары екенін айтты.

– Бұл жағдай көп дүниеден хабар береді деп ойлаймын. Шын мәнінде, Тәжікстан біздің сенімді стратегиялық серіктесіміз әрі одақтасымыз. Біз де Тәжікстанмен арадағы ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз. Сізді, құрметті Эмомали Шәріпұлы, Қазақстанда тәжік халқының барша жұрт мойындаған көшбасшысы деп таниды және құрметтейді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Сіздің алдағы жұмыстарыңызға табыс тілеймін, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы екі ел арасында 80-нен астам шарт пен келісімдерден тұратын маңызды шарттық-құқықтық база бар екенін, оның ішінде, 2015 жылы қол қойылған Стратегиялық әріптестік туралы шартты ерекше атап өтті.

Президент коронавирусқа қатысты туындаған барлық қиындықты еңсеру кезінде Қазақстан мен Тәжікстан ара­сындағы қатынастарды, атап айтқанда, өзара сауда-саттықты жаңа деңгейге көте­руге мол мүмкіндік бар екенін айтты. Осы ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тәжік экономикасына жан-жақты көмек көрсетуге дайындығын нақтылады.

Эмомали Рахмон өз елінің бауыр­лас Қазақстанмен стратегиялық серік­тестікке құрылған қатынастарды жоғары бағалайтынын жеткізді.

– Қазақстан – Тәжікстанның сыртқы сауда айналымының жалпы көлемі бойынша екінші орында. Біз барлық бағыт бойынша екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін жұмыла жұмыс істеуге ниеттіміз, – деді Тәжікстан көшбасшысы.

Эмомали Рахмон Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың тәжік-қазақ байланыстарының өзара тиімді дамуына қосқан зор үлесін жоғары бағалады.

Тәжікстан Президенті саяси-дип­ломатиялық, сауда-экономикалық, ғы­лыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық, сондай-ақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларындағы екіжақ­ты ықпалдастықтың дәйекті дамуына көңілі толатынын айтты.

Эмомали Рахмон Қасым-Жомарт То­қаевтың бұл сапары Нұр-Сұл­тан мен Душанбе арасындағы ынты­мақ­тас­тық­тың одан әрі тереңдей түсуіне жан-жақты септігін тигізетініне сенім білдірді.

Келіссөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонды өзіне ың­ғайлы уақытта Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.

Сонымен қатар Мемлекеттер бас­шы­ларының қатысуымен ресми делега­ция мүшелері төмендегі құжаттарға қол қойды:

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Тәжікстан Рес­пуб­ликасы Денсаулық сақтау және халық­ты әлеуметтік қолдау министрлігі ара­сындағы туберкулезбен күрес жөнін­дегі ынтымақтастық туралы келісім;

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Тәжікстан Рес­пуб­ликасы Сыртқы істер министрлігі арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасы;

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Тәжікстан Республикасы Мәдениет министрлігі арасындағы мәдени ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;

Қазақстан Республикасы Индус­трия және инфрақұрылымдық даму ми­нис­трлігі мен Тәжікстан Республикасы Өнеркәсіп және жаңа технологиялар министрлігі арасындағы өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық туралы шекті меморандум;

Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Аэроғарыш комитеті мен Тәжікстан Республикасы Үкіметі жанындағы Байланыс қызм­е­тінің арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мен Тәжік­стан Республикасы Өнеркәсіп және жаңа технологиялар министрлігі арасын­дағы тауар өткізу жүйесін құру жөнін­дегі бірлескен жобаны жүзеге асыру мәсе­лелері жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандум.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон шағын және кеңей­тілген құрамда жүргізілген екіжақты келіс­сөздер қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдары үшін брифинг өткізді.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев журналистер алдында сөйлеген сөзінде Тәжікстанға ресми сапармен келуге шақы­рып, қонақжай тәжік жерінде құшақ жая қарсы алғаны үшін Президент Эмо­мали Шәріпұлы Рахмонға зор риза­шылығын білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстанның Қазақстан үшін өңірдегі маңызды серік­тес мемлекет қана емес, тілектес әрі бауырлас ел екенін атап өтті.

– Біздің халықтарымызды достықтың берік арқауы, ортақ тарих, рухани және мәдени құндылықтар біріктіреді, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ бүгінгі келіссөздер Қазақ­стан мен Тәжікстан арасындағы қаты­настардың жоғары деңгейде екенін тағы да бір мәрте көрсеткенін айтты.

Екіжақты және көпжақты ықпал­дас­тықтың өзекті мәселелері бойынша нақты келісімдерге қол жеткізілгеніне тоқталып, оның екі ел халықтарының әл-ауқатын арттыруға ықпал ететініне сенім білдірді.

Қазақстан Президентінің пікірінше, жүргізілген келіссөздердің терең сим­волдық мәні бар. Өйткені ол екі мемлекеттің Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы аясында өтіп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев кездесу қоры­тындыларын жоғары бағалай келе, тараптар келешек ықпалдастықтың негізгі бағыттарын айқындай алғанын жеткізді.

– Қазақстан – Тәжікстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда-саттықтың бұрынғы көлемін сақ­тап қана қоймай, сондай-ақ та­уар ай­на­лымының өсімін 800 миллион долларға дейін жеткіздік. Пандемия жағдайында бұл жаман көрсеткіш емес, – деді Президент.

Мемлекет басшысы өнеркәсіп коопе­рациясы мен инвестициялық ынты­мақ­тастықты дамытудың маңыздылығына назар аударды. Оның айтуынша, Қазақ­стан компаниялары Тәжікстанда автомобиль және автобус шығаратын, трансформатор зауытын салатын бірлескен кәсіпорын ашуға дайын. Сонымен қатар қазақстандық кәсіпкерлер темір жол құрал-жабдықтарын, тепловоздар мен вагондарды, тікұшақтарды, «Рогун» ЖЭС-і құрылысы мен басқа да нысанға металл өнімдерін жеткізу ісін ұлғайтуға мүдделі.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел үкімет­терінің аталған бағыт бойынша жүйе­лі келіссөздер жүргізіп жатқанын, бір­лес­кен ірі өндіріс жобаларын жүзеге асыруды көздейтін бірқатар құжатқа қол қойылғанын атап өтті.

Өзара сауда-саттықтың ұлғаюы ауыл шаруашылығы сала­сын­дағы ынты­мақ­тастықты нығайтуға тың серпін беретініне тоқталды.

– Қазақстан өзара тиімді шарттар бо­йынша бидай, ұн, ет және сүт өнім­дерін жеткізуді арттыруға ниетті. Өз ке­зе­гінде, Тәжікстанның Қазақстанға же­міс-көкөніс өнімдерін экспорттау мүм­­кіндігі зор. Фермерлерімізді қолдау, қа­жет­сіз аралық кедергілерді азайту үшін Тә­жікстанның ауыл шаруашылығы өнім­­дерін Қазақстан нарығына жеткізуді қамта­масыз ету жөніндегі бірлескен көтер­ме басқару орталықтарын құру идея­­сын қолдадық, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы көлік-транзит әлеуетін тиімді пайдалану қажет екенін атап өтті.

Президент тасымал көлемін артты­руға тың серпін беру мақсатында екі ел үкіметтеріне тариф саясатын оңтай­лан­дыру және тасымал талаптарын жақсар­ту жұмыстарына қатысты шаралар қа­былдауға тапсырма берілгенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев аталған уағда­ластықтардың табысты жүзеге асырылуы өзара сауда айналымының межесін 1 миллиард доллардан асыруға және жақын болашақта бұл көрсеткішті екі есе ұлғайтуға мүмкіндік беретініне сенім білдірді. Бұдан бөлек келіссөздер барысында су-энергетикалық және әскери-техникалық салалардағы ықпалдастық мәселелері де талқыланды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту, оның ішінде, екі елдің мәдени күндерін өзара алмасып өткізу жайында айтты.

– Қазақстан тәжік студенттері үшін берілетін білім гранттарының санын көбейтеді. Бұл біздің жастарымызды одан сайын жақындата түседі. Ол біздің ел­деріміз арасындағы шынайы достық қатынастардың сабақтастығын сақтауға ықпал етеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, келіссөздер кезінде Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қа­тыс­ты өзекті мәселелерге ерекше көңіл бөлінген.

Ауғанстандағы ахуал туралы айта келе, Қасым-Жомарт Тоқаев тәжік тарапына және оның басшылығына әлемдік күн тәртібіндегі өзекті проблема бойынша мазмұнды консультация бергені үшін ризашылығын білдірді.

– Қазақстан өңірдегі бейбітшілік пен тату көршілікті сақтау және өзара сенімді нығайту үшін бауырлас мемлекеттердің күш-жігерін біріктіруді қолдайды. Орталық Азия – экономикалық, көлік-транзиттік және адами әлеуеті мол, бірегей мүмкіндіктері мен ресурстары зор аумақ, – деді Мемлекет басшысы.

Өңірлік коопе­рацияға тың серпін беру мақсатында тараптар Мемлекеттер басшылары мен үкіметтердің, сондай-ақ салалық минис­трліктердің жетекшілері деңгейінде жүргізілетін өзара консультацияларды жалғастыруға уағдаласты.

Қазақстан Президенті Тәжікстан Президентін өзіне ыңғайлы уақытта мем­ле­кеттік сапармен келуге шақыр­ғанын айтты. Мемлекет басшысы тәжік тарапының 2025 жылды Халықаралық мұздықтарды сақтаудың жылы деп жариялау туралы бастамасын қолдайтынын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстанға ресми сапары аясында тәжік мемле­ке­тінің негізін қалаған Исмоил Сомонидің «Ұлттық келісім және Тәжікстанның қайта өрлеуі» мемориалды кешенінде орналасқан ескерткішіне гүл шоғын қою рәсіміне қатысты. Іс-шарадан кейін «Навруз» сарайында Қазақстан Пре­зидентінің құрметіне Тәжікстан Прези­дентінің атынан ресми қабылдау өтті.

Қазақстан Президенті Тәжікстанның Маджлиси намояндагон Маджлиси Оли төрағасы Махмадтоир Зокирзодамен кездесті. Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Махмадтоир Зоки­р­зода Қазақстан мен Тәжікстан ара­­сындағы парламентаралық ынтымақ­тастықтың перспективаларын тал­қы­лады.

Мемлекет басшысының айтуын­ша, Тәжікстанмен жан-жақты ынты­мақ­тастықты дамыту, оның ішінде, заң шығару саласы бойынша бірлесіп жұмыс істеу Қазақстанның сыртқы саясаттағы басым бағыттарының бірі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Махмадтоир Зокирзодаға өзінің Парламент Сена­тының төрағасы қызметін атқарған кезін­дегі жұмысы туралы айтып, заң шығару қызметі мен парламенттік дип­ло­матия институтының маңызды еке­ніне тоқталды.

Өз кезегінде Тәжікстан Парламенті төменгі палатасының төрағасы Мем­лекет басшысына кездесуге мүмкіндік жа­сағаны үшін алғыс айтты. Сондай-ақ екіжақты парламентаралық байла­ныс­тардың тиімділігі мен даму деңгейінің жоғары екенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Душанбеге ресми сапарының соңында Тәжікстанның Премьер-Министрі Кохир Расулзодамен кездесу өткізді.

Екеуара әңгімеде Кохир Расулзодаға Тәжікстан Президентімен өткізген келіс­сөздердің негіз­гі нәтижелеріне тоқталған. Қазақ­стан Президенті екіжақты үкімет­аралық комиссияның тетіктерін пай­далануға қатысты уағдаластыққа қол жеткізгені және Эмомали Рахмонның Қазақстанға алдағы уақытта жасайтын мемлекеттік сапары аясында қосымша келісімдер әзірлеу жөніндегі жоспары жайында айтып өтті.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қазақ тарапы ықпалдастықтың барлық бағыты бойынша конструктивті және нақты жұмыстар жүргізетінін жеткізді.

Кохир Расулзода Қасым-Жомарт Тоқаев­тың бұл сапары екі ел Тәуелсіз­дігінің 30 жылдығында өтіп жатқанын және оның символдық мәні бар екенін айтты.

Кездесу барысында Қазақстан мен Тәжікстан Президенттері арасында жасалған бүгінгі уағдаластықтардың орындалуына, атап айтқанда, сауда-экономикалық әлеуетті және инвестиция көлемін одан әрі арттыруға баса мән берілді.

egemen.kz
21 мамыр 2021 ж. 594 0