Қазақстан Президенті VI Шығыс экономикалық форумының пленарлық мәжілісіне қатысты

Сонымен қатар аталған жиында Ресей Президенті Владимир Путин мен Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэсух спикер ретінде сөз сөйледі. ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Үндістан Премьер-Министрі Нарендра Моди, Таиланд Премьер-Министрі Прают Чан-Оча форумның қатысушыларына бейнеүндеу жасады.

– Қазақстан Орталық Азиядағы экономикасы ең ірі ел ретінде өзінің аталған аймақпен қарым-қатынастарын күшейтуді жоспарлап отыр. Мұндай қадам еліміздің Азиядағы серіктестерімен арадағы байланыстарға зор мән беретінін көрсетеді. Біздің стратегиялық серіктесіміз әрі одақтасымыз, ұлы еуразиялық алпауыт ел – Ресей Федерациясымен жан-жақты ынтымақтастық орнату Қазақстанның еуразиялық стратегиясының негізгі элементі болып табылады, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтың әлеуетін арттыру үшін ынтымақтастықтың жаңа формасын қалыптастыру жөніндегі Шығыс экономикалық форумының идеясына қатысты ой-пікірін ортаға салды.– Қазақстан транзиті өзінің экономикалық тұрғыдан тартымдылығы мен сенімділігін дәлелдеді. Сондықтан инфрақұрылымды жетілдіру ісін жалғастыра береміз. Атап айтқанда ҚХР-мен арадағы транзиттік қатынастарды кеңейту үшін «Достық – Мойынты» жаңа темір жол бағытының құрылысын бастаймыз. Инвестицияның жалпы көлемі 2 миллиард доллардан асады, – деді Президент.
– Біздің ортақ мүддеміз инвестиция тартып, жаңа жұмыс орындарын ашатын және келешекте орнықты дамуды қамтамасыз ететін өсімнің жаңа көздерін табу, – деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Азия Тынық Мұхит аймағы елдерімен іскерлік байланыстарды нығайтудың перспективаларына тоқталды. Мемлекет басшысы Қазақстанның бұл өңірмен арадағы тауар айналымы былтыр 43 миллиард доллардан асқанын атап өтті. Соның 94 пайызы Ресей, Қытай және Корея елдеріне тиесілі.– Жалпы, шетел инвестициясын тарту – еліміздің экономикалық саясатының сөзсіз басымдығы. Қазақстанға 365 миллиард доллардан астам шетелден тікелей инвестиция тартылды. Тіпті былтырғы дағдарыстың өзінде Қазақстанға тартылған инвестицияның көлемі 35 пайызға артты, – деді Президент.
– Сауда-саттықты одан әрі дамытып, оның географиясын кеңейту үшін әлеуетіміз жетеді деп санаймын. Осы ретте, әлемдік сауда-экономикалық қоғамдастықта маңызды орын алуға уәде беріп отырған Еуразиялық экономикалық одақтың рөлін ерекше атап өту керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев көміртекті азайта отырып дамуға көшуді Форумдағы өзекті тақырыптардың бірі ретінде атады. Осы ретте, ол көмір өнеркәсібіне тартылатын инвестицияның азаюына және мұнай-газ секторын қаржыландыру деңгейінің төмендеуіне байланысты туындауы мүмкін қиыншылықтарға баса мән берді. Оның пікірінше, бұл жағдайлар елдеріміздің экономикасына қатер төндіреді. Мұның салдары ресурс тапшылығына, инфляцияға және тұрмыс деңгейінің төмендеуіне алып келуі мүмкін.– Қазақстан мен Ресейдің салалық ведомстволары ауыл шаруашылығы өнімдерін үшінші елдердің нарығына шығару мақсатында күш жұмылдыру мүмкіндігін қарастыра алар еді. Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін ҚХР-ға экспорттау үшін номенклатураны кеңейту мәселелері бойынша Қытаймен жұмыс істеп жатыр. Азық-түлік тасымалдау саласындағы ұзақмерзімді ынтымақтастық көлік-транзит саласы сияқты өңірлік кооперацияны дамытудың тиімді үлгілерінің бірі бола алады, – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, елеулі технологиялық прогресс пен тұрмыс сапасының артуына қарамастан, қауіпсіздік тұрғысынан әлем одан сайын әлсіз бола түскенін айтты.– Аталған мәселеге барынша прагматикалық тұрғыдан, мүмкіндігінше, үйлесімді тұрғыдан келу керек деп есептеймін. Алдағы уақытта әрбір ел технологиялық және экономикалық құрылыс трансформациясына байланысты қиыншылықты бастан өткереді. Бұл, әрине, ұлттық экономикаға қауіп төндіреді. Бірақ бұл қатерді тек өңірлік, әсіресе жаһандық деңгейде бірлесе жеңуге болады, – деді Президент.
– Қазақстан Еуразия – «біздің ортақ үйіміз» деген ұстанымды қолдайды. Біз барлық сала бойынша сындарлы ынтымақтастықты жалғастыруға дайынбыз. Керемет құрлығымыздағы мемлекеттер өзара тиімді сауда-саттық пен экономикалық ынтымақтастық арқылы ортақ әрі жарқын болашақ идеясы жолында бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған қоғамдастық бола алар еді. Мұндай әдіс өңірлік және жаһандық кооперацияны дамытуға, экономикадағы өсімнің жаңа көздерін қалыптастыруға тың серпін беретіні сөзсіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы форум аясында Ресей Президенті Владимир Путинмен бірге Қазақстан Үкіметі мен СБЕР компаниялар тобы арасында цифрлық трансформация, цифрландырудың платформалық моделіне көшу жобалары мен Data-Driven Government тұжырымдамасын жүзеге асыру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсіміне қатысты. Аталған құжатқа Қазақстан тарапынан Премьер-Министр Асқар Мамин, Ресей жағынан «Сбербанк» ЖАҚ басқарма төрағасы Герман Греф қол қойды.
Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойылған Меморандумға қатысты түсіндірме жасай отырып, бұл жоба екі мемлекеттің бір-біріне деген өзара сенімін білдіретінін атап өтті. Сондай-ақ сипаты жағынан шын мәнінде стратегиялық бастама екеніне назар аударды.
Өз кезегінде Ресей Президенті Владимир Путин СБЕР-ді стратегиялық серіктес ретінде таңдағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдірді.– 15 жылдан астам уақыт біздің нарықта табысты жұмыс істеп келе жатқан СБЕР-дің қазақстандық мемтехтың институционалдық негізін қалыптастыруға атсалысуы Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықты зияткерлік технология сияқты аса маңызды сала арқылы жан-жақты ете түседі. Шын мәнінде, бұл өте маңызды қадам. Бұл стратегиялық жобаның жүзеге асырылуы Қазақстан азаматтарының тұрмыс сапасын арттыруға және бизнес-климатты жақсартуға ықпал ететіні сөзсіз, – деді Қазақстан Президенті.
– Бүгінгі бірлескен жұмыстар жемісті әрі нәтижелі болады деп санаймын. Бұл елдеріміз бен халықтарымыз арасындағы толыққанды әрі маңызды серіктестікті одан әрі нығайтуға ықпал етеді, – деді Ресей Президенті.