Президент Ұлттық банк төрағасын қабылдады
Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов Мемлекет басшысына Ұлттық банктің 2022 жылғы 1-тоқсанда жүзеге асырған ақша-кредит саясатының алдын ала қорытындылары жөнінде есеп берді, деп хабарлайды Egemen.kz Ақордаға сілтеме жасап.Ұлттық банк төрағасы Мемлекет басшысына қаржы және баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қабылданып жатқан шаралар туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Сондай-ақ Президентке сыртқы және ішкі нарықтардағы ахуал жайында баяндалды. Ғалымжан Пірматов валюта нарығында қалыптасқан үрдістер, Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері мен Ұлттық қордағы активтердің жай-күйі туралы айтты.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа инфляцияның қарқыны, банк жүйесіндегі депозиттер құрылымының өзгеруі, зейнетақы активтерінің жағдайы мен төлем жүйесінің дамуы жөнінде мәлімет берілді.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Ұлттық банк төрағасына бірқатар тапсырма жүктеді.










