Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа жыл жақындап қалды: Сағынтаев әкімдерге қандай тапсырма берді?

Жаңа жыл жақындап қалды: Сағынтаев әкімдерге қандай тапсырма берді?

Қазақстанның премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев желтоқсан айындағы мереке күндері мен жаңа жыл алдында азық-түлік бағасының негізсіз өсіп кетуіне жол бермеуді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сағынтаев әкімдерге нарықты азық-түлік өнімдерімен толықтыру, сауда инфрақұрылымын дамыту және делдалдарды жою бойынша шаралардың іске асырылуын бақылауды тапсырды. 
"Мұны желтоқсандағы мереке күндері мен жаңа жыл алдындағы кезеңде ерекше назарда ұстауды сұраймын. Бұл жағдайды толық бақылауға алыңыздар", — деді үкімет басшысы. 
Сондай-ақ, премьер-министр президенттің тапсырмасын орындау аясында 2019 жылдың қаңтарынан электр энергиясы мен газ, жылу, су, көмір тарифі төмендейтінін атап өтті. Сонымен қатар, мобильді байланыс пен интернет те арзандайды. 
"Елбасының тапсырмасы 1 қаңтардан бастап іске асуы қажет. Әкімдіктерге көмірдің қолайлы бағасын қамтамасыз ету үшін өңірлік операторлардың үздіксіз әрі сапалы жұмысын қамтамасыз етуді тапсырамын", — деді ол. 
Сағынтаев жыл басынан бері бірқатар өңірде қоқыс шығару тарифінің өскенін айтты. Мәселен, ШҚО-да – 30%, БҚО-да – 46%, СҚО-да –50% және Алматы қаласында 40%-ке өсіп отыр. 
"Ақтөбе облысында жолақы бағасы 30 процентке өскен. Сол себепті әкімдерге облыстың коммуналдық қызмет тарифтерінің өсуіне жол бермеуді және оларды төмендету бойынша тиісті жұмыстарды жүргізуді тапсырамын",- деді премьер-министр.

/sputniknews.kz/
26 қараша 2018 ж. 1 175 0