Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ФИЗИКА-МАТЕМАТИКА МЕКТЕБІ АШЫЛАДЫ

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ФИЗИКА-МАТЕМАТИКА МЕКТЕБІ АШЫЛАДЫ

Қазіргі кезде дарынды балалар үшін физика-математикалық бағыттағы мектеп құрылысының жобасы әзірленуде. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев пен аймақ активі және кәсіпкерлерінің кездесуінде Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев хабарлады.
 «Физика-математикалық бағыттағы мектеп-интернаты пен 300 орындық жатақхана құрылысының жобасын әзірлеуге қаржы қаралды. Бұл дарынды балаларға, оның ішінде ауылдан шыққан жеткіншектерге арналған мектеп болады», - деп хабарлады облыс әкімі.
  Үкімет басшысы бұл жобаның тек аймақ үшін ғана емес, тұтас мемлекет үшін маңызды екенін айтып, қолдау танытты.
  «Физика-математика мектебін ашу – дұрыс шешім. Бүгінгі таңда біз цифрландыру, индустриаландыру туралы айтамыз, ал, колледжер мен университеттерде негізінен гуманитарлық сала мамандарын дайындайды. Сондықтан мұндай мектеп керек», - деді ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев.
Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев бастаған үкіметтік делегация Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келді. Делегация құрамында ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Басшысы, Инвестиция және даму, Ұлттық экономика, Ақпарат және коммуникациялар министрлері, сондай-ақ, орталық мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың және даму институттарының басшылары бар.

29 наурыз 2018 ж. 1 699 0