Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тоқаев Премьер-министрді қабылдады

Тоқаев Премьер-министрді қабылдады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министр Әлихан Смайыловты қабылдады. Бұл туралы BAQ.KZ Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.
Президентке Үкіметтің 2023 жылы атқаратын жұмыстарының негізгі бағыттары туралы баяндалды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа оның сайлауалды бағдарламасын іске асыру үшін жүргізіліп жатқан жұмыстар мен жоспарлар, Үкіметтің экономикалық саясаты, сондай-ақ инфляцияны төмендету, мұнай-газ және энергетика салаларын, өңдеу өнеркәсібін, ауыл шаруашылығын, кәсіпкерлікті және экономиканың басқа да секторларын дамыту шаралары жөнінде егжей-тегжейлі ақпарат берілді.
Әлихан Смайылов 44 реттеу саласында бизнеске кедергі келтіретін 10 мыңға жуық талапты жою және қайта қарау, шағын және орта бизнестегі жұмыспен қамтылғандар санын 3,8 миллион адамға дейін арттыру, 38 мың жұмыс орнын аша отырып, құны 4,2 триллион теңге болатын 289 жаңа инвестициялық жобаны іске асыру, бірқатар ірі инфрақұрылым нысанын салу және басқа да жұмыстарды атқару көзделіп отырғанын жеткізді, - делінген ақпаратта.

Сонымен қатар Президент Үкіметтің ішкі нарықты отандық өндіріс тауарларымен қамтамасыз ету, азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорларының қызметін қайта жасақтау, жаңа форматтағы мектептер салу, ауылдық денсаулық сақтау нысандарын жаңғырту, азаматтарды жұмыспен қамту және басқа да жоспарларымен танысты.

Бұдан бөлек, Премьер-министр экспортты, нақты жалақыны және жалпы экономиканың өсімін арттыруды, сондай-ақ инфляцияны төмендетуді қамтитын республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты алдағы жылға арналған болжамын жеткізді.

Мемлекет басшысы Үкіметке сайлауалды бағдарламаны орындау жөнінде кешенді шаралар қабылдауды, сондай-ақ мемлекеттің макроэкономикалық жоспарлары мен әлеуметтік міндеттемелерін іске асыруды тапсырды.
17 желтоқсан 2022 ж. 2 199 0