Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сайлау-2023: Бүгін – тыныштық күні

Сайлау-2023: Бүгін – тыныштық күні

Мәжіліс және мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы алдындағы тыныштық күні басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

18 наурыз сағат 00:00-ден бастап депутаттыққа кандидаттардың сайлауға қатысты үгіт-насихат немесе басқа да жұмыс жүргізуіне тыйым салынған.

Айта кетсек, сайлауалды үгіт-насихат науқаны 18 ақпанда сағат 18.00-де басталап, бүгін аяқталды.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, ертең өтетін сайлауға 12 032 550 дауыс беруші тіркелді.

«Кандидаттарды ұсыну сайлауды тағайындау туралы Жарлық жарияланған күннен басталады және 20 күнге созылады, 8 ақпанда әр аймақта жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де аяқталады. Үміткерлерді тіркеу 20 қаңтардан 18 ақпанға дейін жалғасады. Сайлау алдындағы үгіт-насихат 18 ақпан күні сағат 18:00-де басталып, 18 наурыз сағат 00:00-ге дейін жүргізіледі. 18 наурыз – тыныштық күні.

19 наурыз – сайлау күні», – деген еді ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров.

Оның айтуынша, сайлау күні учаскелерде дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жүргізіледі.

Еске салсақ, Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес Мәжіліс және мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы 19 наурызда өтеді.

Мәжіліс пен мәслихат сайлауына 7 партия қатысады. Атап айтқанда, «Amanat» партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы, «Respublica» партиясы, «Қазақстан халық партиясы», «Байтақ» жасылдар партиясы, «Ақ жол» партиясы және «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы».

Мәжіліске барлығы 98 депутат сайланады. Оның 70 проценті, яғни 69 орын пропорционалдық жүйемен 5 пайыздық межеден өткен саяси партиялардың тізімі бойынша сайланады. Ал, қалған 30 процент, яғни 29 орын бір мандатты округтерден сайланатын депутаттарға беріледі.

Астана, Алматы, Шымкент және 17 облыстың мәслихаттары сайлауында партиялық тізім және бір мандатты округтердің арақатынасы 50/50 болады. Ал, қалалық, аудандық мәслихаттар 100 пайыз бір мандатты округтер арқылы сайланған депутаттардан тұрады.

18 наурыз 2023 ж. 930 0